Сүйінбике – түріктің сұлу айымы
11.11.2016 3711
Бүгін Еуразия кітап жәрмеңкесі аясында көрме орталығында белгілі жазушы Шəрбану Бейсенованың «Сүйінбике» атты кітабының тұсаукесері өтті

Ғылыми-көпшілік басылым тарихи тұлға Сүйінбикенің өмірі мен ортасы, оған қатысты дүниелердің тарихы мен тағдыры жатық баяндалады. Бұл осы шараны ұйымдастырып отырған іргелі мекеме «Фолиант» баспасынан «Ұлы Дала арулары» атты серияның алғашқы кітабы болып жарыққа шықты.

Сүйінбике – бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға.

Кітаптың авторы Шәрбану Бейсенова өзінің сұхбатында Қазан хандығын отаршылардың сұқ қолынан қорғау үшін жан аямай қарсы тұрған патшайымның шыққан тегі, өскен ортасы, жалпы өмірі жайлы әсерлі әңгіме өрбітті.

«Ол (Сүйінбике) – XIV ғасырда Алтын Орданың хан тағына кімді отырғызып, кімді алып тастауды бір өзі реттеп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өте ықпалды тарихи тұлға, ел бастаған көсем, ту ұстаған қолбасы, сөз бастаған шешен Едіге бидің ұрпағы. Біз мұны шежірешілердің жазғанына сүйеніп айтып отырмыз. Едігенің бір баласы Нұрадын. Нұрадыннан – Уақас, Уақастан – Мұса, Мұсадан Жүсіп туады. Жүсіптің көптеген ұлдары болған, соның арасындағы жалғыз қызы осы Сүйінбике екен»,– дейді Шәрбану Бейсенова.

Су жаңа басылымды бір шолып өткенімізде түркі-қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін қайта парақтауға, оны ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарауға үндейтіндей. 

Кітаптың ерекшелігі сонда, мұндағы қамтылған материалдар автордың ұзақ жылғы еңбектерінің, көз майын тауысып жазған дүниесінің жарық көруі болса, сол еңбектердің бүгінгі ұрпаққа қаншалықты қажеттілігі де басты орында. Сүйінбек тағдырын қозғап отырып, одан кейінгі ғасырларда қалдырған мұрасы, оның баға жетпес құндылығы да сөз болады.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде белгілі тарихшы ғалымдар, түркі әлемін зерттеп жүрген түркітанушылар сөз сөйлеп, кітаптың деңгейіне бағаларын берді. «Бұл өте құнды туынды. Мұнда түркі қызының тағдыры, традегиясы жатыр, ұлттың Ұлы Даланы қорғаған қайсар аруларын бүгінгі күні осылай насихаттаудың өзі үлкен еңбек», – деді тарихшы Бүркітбай Аяған.

Кешті жүргізген белгілі ғалым Жанат Аймұхамбеттің пікірінше, автор Шәрбану Бейсенованың идесымен дүниеге келген «Ұлы Дала арулары» атты тың жоба жалғасын табады. Алдағы уақытта шығармашылық ұжым Бозоқтан бастау алатын Ақмола-Астанаға дейінгі түркі-қазақ аруларына арнайы еңбектер жарияламақ.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)