«Қазақстан тарихы» оқулығы қайта өңделіп шықты
14.12.2016 3034
Мерейтойлық күндер қарсаңында жарық көрген оқулықта ұлы Отанымыздың XVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихының маңызды оқиғалары қамтылған

 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР БҒМ бекіткен тарихшы ғалым, профессор Зиябек Қабылдиновтың жалпы білім беретін мектептердің 8 сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы 3- басылымының тұсаукесері өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханұлының туғанына 150 жыл толуына, Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай өтіп отырған мазмұнды шараға ҚР Парламенті депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР ҰҒА академиктері, университет оқытушылары мен жалпы білім беретін мектептің тарихшы мұғалімдері қатысты. 

Жиынды ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы ашып, жүргізіп отырды. Д.Қамзабекұлы өз сөзінде: «Бүгін университетімізде ерекше шара. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің жаңғыруы мен ұлттық тарихымызды қайта сараптайтын жаңа бір кезеңде жаңа оқулықпен қауышып отырмыз. Елімізге белгілі ғалым, қоғам қайраткері Зиябек Қабылдинов, өзіміздің әріптесіміздің 8 сыныпқа арналған мемлекеттік және бірнеше тілде жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулығының жаңа нұсқасының үшінші толықтырылған басылымының тұсаукесері өтіп отыр. Кітап мазмұны XVIII ғасырдың басынан бастап, бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жаңа заман оқиғаларын баяндайды», - деп кітап туралы өз ойын айтып өтті. Мерейтойлық күндер қарсаңында жарық көрген оқулықта ұлы Отанымыздың XVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихының маңызды оқиғалары қамтылған. Оқулық «жаңа Қазақстандық патриотизмді» қалыптастыру және қоғамдық сананы отарсыздандыруға бағытталған. Автор әр тілде жазылған, бұрын ғылыми айналысқа енгізілмеген отандық және шетелдік мұрағат құжаттарын пайдаланған.

Оқулықта Қазақстан жеріне орыс, украин, неміс, поляк, ұйғыр, дүнген сияқты әртүрлі ұлт өкілдерінің қалай қоныстана бастағаны туралы да баяндалады. Сондай-ақ XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық сананы дүр сілкіндірген Алаш көсемі Ә.Бөкейханның төңірегіне топтасқан алаш зиялыларының отансүйгіштік рухын басшылыққа ала отырып, оқырманға таныстырған.  Мектеп мұғалімдері мен сарапшылардың оң бағасын алып отырған мыңдаған тиражбен төрт тілде жарық көрген оқулық үш рет қайта басылып шығып отыр. 

Рақымғали Құл-Мұхамед, «Атамұра» корпорациясының президенті:  Соңғы уақытта жалпы орта білім беретін мектепке арналған тәуелсіз Қазақстанның тарих оқулықтарының қалай жазылғаны жай­лы пікірлер көптеп айтылуда. Жылдар өте заман ағымымен кітаптарда жаңарып, қайта жазылып келеді. Сондай бір еңбектің бірі Зиябек Қабылдинов құрастырған 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы. Зиябек Ермұқанұлымен «Атамұра» корпорациясы бұрыннан әріптестік байланыста. Жақсы сапалы оқулықтарының көбісі біздің баспадан жарық көрді. Бір ерекшелігі бұл кітаптың жаңа нұсқасы бұрынғы кітаптардан өзгеше. Бір ғана мысал, алғашқы басылымдарда қазақтың мақтанышы, балуан Қажымұқан бабамызды орыс балуаны Иван Поддубныйдан жеңілді деп жазылған болатын. Бұл басылымда былай жазылған: «Ол өте адал, парасатты еді. Бірде Парижде өткен әлем чемпионатында Қажымұқан орыстың әйгілі балуаны Иван Поддубныймен кіші және үлкен алтын медаль үшін ақтық сында күресуге тиіс болды. Бірақ ол ағасындай досымен күреспей, жеңісті оған өз еркімен ұсынады». Міне мұндай тарихтың жаңа бетбұрыстары мен ақтаңдақтары кітапта айқын түзетіліп жазылған». Жиын соңында тарихшы ғалымдар мен шара қонақтары кітап авторына қазақ тарихына қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ