Басын сонау Ұлытаудан алып жатқан, солтүстікке қарай ұмсына созылған «Құлан өтпес», «Терісаққан» өзендерін көргенде аңыздың шындыққа айналғанына көзіміз жеткендей болады
Нұрлы Нұра өңірі ежелден тарихи мекен. Қазақ даласын мекендеген текті түріктің шұрайлы, сулы өлкесі Нұра сарыарқаның кіндігінде орналасқан. Көшпенді бабаларымыз замандарында Нұра өңірін негізінен көктеу мен жайлау ретінде пайдаланған. Ертеден өзендері көп өлкеде қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, көл жағалай қоңсы қонып, алдыңғы келіп орныққаны, кейінгісіне ерулігін әзірлеп отыратын дәстүрге негізделген тәртіп орнатқан. Ұлы дала да көшпенділер мәдениетін қалыптастырған.
Тарихи жер-су атауының топонимикалық анықтамасын алуда халық аңыздарына да арқа сүйейтініміз анық. Құланөтпес жері ғасырлар қойнауынан ата-бабаның естелігі болып бізге жетті. Жердің Құланөтпес аталуы сонау ХІІІ-ғасырдан негіз алған.
Аңызға сүйенсек, Ертеде, Шыңғысханның үлкен ұлы – Жошы Дешті Қыпшақты түгел жаулап алып, билігін жүргізіп тұрған кезінде бір күні нөкерлерімен серуен құрып, аң аулауға шығады. Келе жатып, алдарынан топ құланға кездеседі де қуып кеп береді. Қуғынның қызығына түскен Жошы, қасындағы нөкерлерінің ілесе алмай алыста қалып қойғанын байқамайды. Хан баласы шауып келе жатып, садағын бұра тартып қалып, топ құланның көсемін аяынан жаралайды. Ашынған ақсақ құлан айналып келіп Жошының өзіне шауып шайнап, таптап өлтіреді. Соңынан қуып жеткен нөкерлері өліп жатқан хан баласын көріп қатты сасады, Шыңғысханға калай хабарлауды білмейді. Қайтып оралған нөкерлердің ешқайсысы ханға қаралы хабарды жеткізуге батылы бармайды. Бір жамандықты сезген Шыңғысхан «Кімде-кім жамандық хабар жеткізсе, басы шабылады» деп қаһарланады. Сонда ел ішінен қарт күйші Шыңғысханға келіп қаралы хабарды домбырамен «Ақсақ құлан» күйін тартып естірткен екен.
Басқа деректерде Жошы өлімін Шыңғысханға Найманнан шыққан Кетбұғы жыршы жеткізеді. Сонда хан қарт тартқан күйден бәрін түсінеді де, күйшінің басын алуға әмір етеді. Сонда қарт: «Тақсыр, мен саған ештеңе айтқам жоқ, сөйлеген мына менің домбырам»–дейді. Шыңғысхан домбыраның көмейіне 38 қорғасын құйып, үнін өшіруге әмір етіпті және сарбаздарына сол жерден ұзыннан-ұзақ терең ор қаздырып, қазақтың сары даласындағы құлан біткенді қазылған орға айдап құлатуға жарлық беріпті. Сол казылған ор кейін өзенге айналып, «Құланөтпес» аталып кеткен екен.
Ұлы дала Сарыарқаның төрінен ағып өтетін Құланөтпес өзені Жошының өліміне себепкер болған жер болуы да ықтимал. Өлке де жазықтан қазылған ойпандар көп. Жергілікті халық орларды «Топырақ суырған» деп атайды. Жошы денесін құлан таптағаннан кейін барып «Топырақ суырған» деп аталса керек. Осыған қоса, құланға қатысты әңгімелерге өзек болатын жер аттары да жетерлік. Мәселен, Тарбағатайдан Іле өзеніне дейін қазылған құланөтпес ордың сорабы бар. Оны кезінде Шоқан Уәлиханов та жеріне жеткізе жазған.
Шу бойындағы «Бес құлан», «Қабан құла», «Бөкенсан нұрасы» деген жер аттары сол кезеңдерден сыр шертеді. Басын сонау Ұлытаудан алып жатқан, солтүстікке қарай ұмсына созылған «Құлан өтпес», «Терісаққан» өзендерін көргенде аңыздың шындыққа айналғанына көзіміз жеткендей болады. Десе де Нұрлы Нұрадағы Құланөтпес жерінің тарихи шыңдыққа жақындығы көптеген зерттеу еңбектерде айтылады. Жергілікті халықта жер-су атауын Шыңғысхан дәуірінен бастап, Жошы хан трагедиясымен байланыстырады.
Бүгінде Нұра ауданында Құланөтпес ауылдық округі мен Құланөтпес ауылы бар. Аудан орталығы Киевка кентінің оңтүстік-батысынан – 228 км, Қарағанды қаласының батысынан 525 км жерде орналасқан. Ауыл іргесі 1981 жылы қаланған.
Алтынбек БЕКНҰР