Батырдың бейнесі артындағы ақарлы-шаһарлы жұртымен бірге жасап, өмір-шеңдік танытса да кешегі кеңес дәуірінде солақай саясаттың салқынымен ғылыми зерттеулерден алынып тасталғаны белгілі
1914 жылы адамзат тарихында бұрын болмаған бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Ресей империясының соғысқа кірісуі қазақ еліне ауыр қасірет әкелді. Соғыс жылдарында салықтардың мөлшері тым ұлғайтылады. Шаңырақ алымы 4 сомнан 8 сомға дейін көбейтілді. Мысалы, Ақмола облысында оброктік алым 1914 жылғы 845807 сомнан 1917 жылы 2553227 сомға дейін, ал шаңырақ алымы 600537 сомнан 1002069 сомға дейін көбейді.
Соғысқа алынғандардың отбасыларына көмек түрінде еңбек міндеткерлігі енгізілді, яғни қазақтар жұмыс күші ретінде қоныс аударушылар деревнясында жер жыртып, тұқым себуге және өнім жинауға тиіс болды. Соғыс жылдарында егіс көлемі, мал саны азайды. 1913 жылдан 1915 жылға дейін бір ғана Торғай облысында егіс көлемі 57 мың десятинаға, ал мал саны 260 мыңға кеміп кетті.
Патша әкімшілігі шовинистік ұрандар тастап, әдейі ұлтаралық араздықты тұтатты, қоныс аударған тұрғындардың үстем тобын, яғни колонистерді қаруландырды. Мысалы, 1916 және 1917 жылдарда округ әскерлері командашысының бұйрығы бойынша Семей облысына – 6000, Сырдария облысына 1770 винтовка босатылды. 1916 жылғы 25 маусымдағы ІІ Николай патшаның «бұратаналарды» тыл жұмыстарына алуы туралы жарлығы қазақ елінің барлық аумақтарындағы көтеріліске ұшқын түсірді. 1916 жылдың аяғына қарай көтерілістер халықтың барлық топтарын қамтыды және Қазақстанның бүкіл өңірлеріне ұлт-азаттық қозғалысының өртіне оранды.
Торғай облысындағы көтеріліс бұқаралық және ең ұзаққа созылған табанды көтеріліс болды. Көтеріліс Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай уездерін қамтыды. Облыста көтеріліс қамтылмаған ауыл немесе елді мекен қалмады. Көтерілісшілер почтаға шабуыл жасады, темір жол табанын бұзып, болыс басқармаларын ойрандады. Оған танымал халық батыры Аманкелді Иманов басшылық етті. Көп жерде бай-болыстар да көтерілісшілер жағында болды. Әбдіғаппар, Кәрібоз, Сәдуақас, Қосжан, Өмен сияқты би-болыстар сарбаздарға бас-көз болды, көтерілісті өздері ұйымдастырып, басшылықты қолдарына алды. Аманкелді батырдың негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі (шын есімі Нұрмағамбет) Көкембайұлы. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен танылған, цирктегі ат ойыны мен сайысының неше түрлі қызықты өнерін де қыр елінде ең алғаш рет көрсеткен де Кейкі батыр екен. Қазақтың термесі мен халық жырларын сүйіп тындаған, өзі де қаражаяу болмаған екен. Ел ауызында «Кейкінің салауаты» деген жыр сақталған. Кейкі батыр Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсеткен. Оның ақтармен де, қызылдармен де дәм-тұзы жараспағаны белгілі. Батыр ақтармен бірге қызылдарды да отаршылдар деп түсінген және оларға қарсы күрескен.
1919 жылы 13 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары Аманкелді батыр өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қарақұмға бой тасалауға мәжбүр болды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамады.
Кейбір деректерде Кейкі батырды 1921 жылы қаза болды дейді. Әйтсе де, Қызылорда облыстық мұрағатындағы (1-қор, 4-тізімдеме, 64-бет) құжатта 1922 жылы Кейкі батыр тірі болғандығы анық айтылады.
Батырды қызылдар 1923 жылғы 29 наурызда қараша үйде демалып жатқан жерінде қоршап алып, атып өлтіреді. Оқ батырдың қақ маңдайынан тиген. Қызыл әскерлер мергеннің екі қолы мен басын кесіп алып, басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қойған.
1926 жылы Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға ауысып жатқан қарбалас шақта, Букинич дейтін ғалым Кейкі батырдың басын алып кетеді де, Санкт-Петербор музейіне сыйға тартады.
Кейкі мергеннің ұрпақтары Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы батырдың 125 жасқа толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды. Былтыр Кейкі Көкембайұлының есімімен Арқалық қаласында көше аталды, оған ескерткіш қойылды.
Кейкі батыр және ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, жанқиярлық ерлік көрсеткен, өмірлерін қиған, қуғын-сүргін көрген басқа да ел перзенттерінің ерліктерін насихаттау, есімдерін ұлықтау жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісіне қызмет ететін болады.
Дерек Қызылорда облысының Мемлекеттік мұрағатына тиісті
Қосымша мәлімет
Үстіміздегі жылы елімізде Кейкі батыр туралы деректі фильм түсіріледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті. Ө. Бекмағамбетовтың авторлығымен «Кейкі батыр» ғылыми монографиясы шығады деп күтілуде. Алдағы уақытта батыр жайында театрлық қойылымдар көпшілік назарына ұсынылмақ.
Әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)