Күләш Әмірова, Елбасының сыныптасы: «Үшқоңырда жаңа музей ашуды жоспарлап отырмыз»
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Елбасының кіндік қаны тамған киелі өлке Үшқоңыр ауылына жолымыз түсті
Қыстың қары қалың түскенімен, күн райы бетіңнен жылы
сүйіп, тамылжып-ақ тұрғаны. Оның үстіне мереке қарсаңындағы ауыл тұрғындарының көтеріңкі
көңіл күйін қосыңыз. Сонымен біз Елбасымен бірге бір мектепте оқып, балалық
шақтың тәтті дәмін бірге татқан сыныптастарын іздеп, Үшқоңырда тұратын жалғыз
сыныптасы Күләш апа Әмірованың үйіне бас сұқтық.
Бұған дейін де бірнеше мәрте сұхбат беріп,
журналистерге әбден төселген еңбек ардагері, қарт ұстаз салған жерден көсілді. «Мен өзім 1940 жылы Алматының мына жағындағы Көкқайнар
ауылында дүниеге келгенмін. Жетінші сыныпты 1954 жылы сол ауылда бітірген соң, сол
жылы күзде осы Қаскелеңдегі интернатқа түстім. Оныншы сыныпты осы жерде
бітірдік қой. Ол кезде заман басқаша еді. Соған да тәубе дейміз. Егер сол заман
болмаса, мүмкін бүйтіп өмір сүре алмас па едік. Жасыратын ештеңесі жоқ, ол
кезде бәріміз кедей едік қой. Мектепте тәуір оқығаным үшін тоғызыншы сыныпқа
ауысқан жылы мектеп мені Мәскеуге жіберді. Ол кезде Мәскеуге бару деген өте
үлкен оқиға болатын. Содан Мәскеуге
барып, қаланы аралап, барлық көрмелерді тамашалап, он күннен кейін елге оралдым.
Бірінші қыркүйекте мектепке келдім. Келсем, балалар: «Бір 7-8 бала Шамалғаннан
келіпті» деді. Барлығы интернатқа орналасыпты. Арасында Нұрсұлтан да бар еді». Мектепте
оқып жүргенімізде бүгінгідей емес, тәртіп қатал болатын. Ол кездегі оқу жүйесі
мен мұғалімдердің мәртебесі де айрықша еді ғой. Оқуымыз бен жүріс-тұрысымызды
мұғалімдер мен оқу секторы күнделікті қатты қадағалайтын. Онда әр сыныпта оқушының
білім деңгейі мен үлгерімін анықтап тұратын арнайы тақта бар еді. Сол тақтадағы
тізімде Нұрсұлтанның аты үнемі жоғары жақта тұратын. Ол үнемі бірінші болатын.
Бала кезде бәріміз «Сұлтан» дейтінбіз
Болашақ мемлекет басшысымен осылай танысқан Күләш апа мектеп барысындағы
қызықтарды да тартынбай айта отырды. «Сыныпта оқу үлгірімімізді көрсетіп
тұратын тақта болатын еді дедім ғой. Ылғи беске оқитын мен бір күні «үш» деген
баға алып қалдым. Дереу жаныма Нұрсұлтан жетіп келіп, «Күләш, мынауың не, ұят
емес пе?» деді. Сөйтсем, тақтадан барлығының бағасын қарап, бақылап жүреді екен
ғой. Ұялғанымнан «үш те болса күш» деп қоямын. Сонда да Нұрсұлтан менің
қарсылығыма қарамастан, сабақты қайта басынан бастап түсіндіретін» дейді К.
Әмірова.
Сондай-ақ «мектеп жасындағы оқушылардың қызықты балғын шақта бір-бірін
қалай атаушы еді?» деген сауалымызға апамыз: «Бір сыныптасымызды «Сапок», енді бірін «Жыбыр» дейтін едік. Ал Нұрсұлтан тұрған бойы өзгеден озық болғандықтан, оған ешкім ат
таңбаған секілді. Тек бәрі «Сұлтан» деп
атайтын» деп жастық шағын тебірене еске алды.
«Сөйтіп, мектепті бітірдік. Магниткаға барлығымыздың барғымыз келген.
Арманымыз алып-ұшып тұр! Оның үстіне ол кезде Магнитка дегеннің даңқы
шарықтап-ақ тұрғаны. Расында да сұмдық еді ғой. Қайнап жататын. «Магнитканың
оттары», «Теміртаудың оттары» деген әндерді шырқап, би билейтінбіз.
Барлығымыздың сол «Теміртауға барсақ» деген
ниетіміз болды. Бірақ та қазақтың қыздары үйден шықпаған адамдармыз ғой.
Аттестатты алған соң, ақырындап-ақырындап күйеуге шығып кеттік қой. Ал
Нұрсұлтан Магниткаға барып еңбек етті».
Елбасының сенімді өкілі атанған
1990 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев
ҚазССР Жоғары Кеңесіне депутаттыққа үміткер ретінде тіркеліп, жер-жерде
халықпен кездесулер ұйымдастырыла бастады. Сол бір кездесуде Күләш апа ерекше
белсенділік танытып, Елбасының сенімді адамына айналғанын қызықтыра баяндап
берді. «Жиналыс өтіп жатқан залдың алдыңғы қатарына жайғастым да,
бяяндамашыларды тыңдай бастадым. Олар жалпылама сөйлеп жатты. Бәрі де сөйлеп
бітті-ау деген кезде қол көтеріп, сөз сөйлеуді сұрадым. Мінбеге шығып, ал кеп
көсілейін. Нұрсұлтанмен бірге оқығанымнан бастап, ата-анасы мен бауырлары,
мектептегі шақтарынан, лидерлік қабілетінің ерекшеліктеріне баса тоқталып,
шынайы сөйледім ғой. Содан жиналыс бітіп, былай шыға берсем, бәрі мені қоршап
алды. Олар да мені сұрақтың астына алды» дейді қарт ұстаз.
Күләш апаның айтуынша, осыдан кейін
Алматы маңындағы ауылдық округтер бойынша ол кісі Нұрсұлтан Назарбаевтың
сенімді өкілі болып шыға келген. Жүрген жерінде сыныптасымның адами
қасиеттерін, ұйымдастырушылық-іскерлік қабілетін әсерлі баяндап беріп жүрген
екен. Күләш апаның азаттық таңына шүкіршілік айтып, бұрынғы қиын кезді еске
алып, келешектегі жарқын істерден тайсалмауды үгіттейді. Өзінің жасы да
сексенге таяп қалған шағында да құр отырмай, арманына жетуді ойлайды. Онысы –
Қарасай батыр орта мектебіндегі шағын музейдің аясын кеңітіп, ауылдың ортасына
жаңа музей ашуды көздеп отыр. Елбасының туған өлкесін өз көзімен көретін
адамдар көп, әсіресе шетелден келетін туристердің саны да едәуір артып келеді,
енді осындай қажеттіліктен туындайдын жаңа музей еліміз үшін, тәуелсіздік үшін
және тұңғыш президентіміз үшін маңызды шаа болмақ деп есептейді Күләш апа Әмірова.
Заңғар КӘРІМХАН,
Астана-Алматы-Қаскелең-Үшқоңыр-Астана
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)