Хан Кененің кісесі қайда?
05.12.2017 2250
Санкт-Петербургте Кенесары ханның кісесі сақталғаны анықталды деп хабарлайды белгілі зерттеуші, «Алаш әскері» кітабының авторы Берік Әбдіғалиұлы

Алаштанушы ғалым Алаш әскері тақырыбын зерттеп жүріп, Сейілбек Жанайдаровтың 1915 жылы Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейіне Кенесары ханның кісесін тапсырғаны туралы дерек кездестіргенін жазады. «Бұл жәдігер «Ксе – пояс киргизского хана Средней Орды» деген атпен аталған музейдің қорында бүгінгі күнге дейін сақталған екен. Оны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен Санкт-Петербургтегі музейге барғанда өз көзімізбен көруге мүмкіндік туды», – деп дейді Б. Әбдіғалиұлы.

Зерттеуші Б. Әбдіғалиұлының айтуынша, Сейілбек Жанайдаров 1918 жылы Атбасар Алаш әскери дивизионын құрған әрі Алашорда үкіметінің кандидат мүшесі болған азамат.

Бұл жәдігер Сейілбек Жанайдаровтың қолына қалай түскенін зерттей келе анықтағанымыз – ол кісені Сейілбектің атасы – Кенесары ханның әскери қолбасшыларының бірі Жанайдар Орынбайұлынан қалған мұра екен. Жанайдар батырдың ерліктері туралы Мұса Шормановтың, Мәшһүр Жүсіптің, Доскей ақынның, Жамбылдың, Иманжан Жылқайдарұлының естеліктері мен жырларында кездеседі. Сондай-ақ, бұл туралы І. Есенберлиннің «Қаһар» романында да жазылған.

Батыр ұрпақтарының айтуынша, Кенесары хан өзін өлімнен бірнеше рет қорғап қалғаны үшін әрі көрсеткен ерліктері үшін аталған кісені Жанайдар Орынбайұлына тарту еткен. Жалпы Кенесары өз батырларына соғыста көрсеткен ерліктері үшін орден-медаль орнына алғыс ретінде үлкен сый-сияпат, марапаттайтын дәстүрі болған. Сондай-ақ Көкшетау шайқасында жеңіске жеткені және шынайы ержүректік көрсеткені үшін Кенесары Ағыбай батырға атасы Абылай ханнан қалған қанжарды тарту еткен екен.