Жердегі жұмақ
16.10.2018 3077
«Мен ертегілер әлемінде жүрмін бе? Әлде бұл жердегі жұмақ па? Мен қайдамын өзі?» санаға сыймастай сұлулыққа толы ғажайыпты тамашалап тұрып осындай ойға келдім

Жер-көкті шарлап, шет ел аспай ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі Алматы облысының әрбір жері тұнып тұрған ертегілер елі дерсің.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «KazakhTourism» АҚ ұйымдастыруымен «Ұлы дала еліне саяхат» атты экспедициясы Астананың 20 жылдық мерейтойына орай бастау алған болатын. Қыркүйек айының ортасынан «Ұлы жібек жолы» атты саяхатты Алматы облысынан бастадық.

Алматы десе көз алдымызға биік таулар, жап жасыл ағаштар, зәулім ғимараттар мен көңілі дархан халқы көз алдымызға елестейтін. Алматыға жыр арнап, әндетпеген әнші сымақ жоқ шығар. Ия, Алматы сен кереметсің. Айта айта, жаза жаза түгелдей том том кітап арнауға болады. Дегенмен жүз естігеннен бір көрген артық екен.

Отандық демалыс орындарын айтар болсақ Алакөл, Балқаш, Бурабай ойға оралады.  Ал, сіз Алматыдан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Көлсай мен Қайынды көлдері жайлы естіген бедіңіз?!

Көлсай көлдері Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 330 шақырым, Қырғызстан шекарасының солтүстігінен 10 шақырым жерде орналасқан. Көлсай көлдері 2007 жылдың 7 ақпанында құрылған «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аймағында орналасқан, сондықтан бөктерінде аю, жабайы қабан, сілеусін, қасқыр, түлкі, қоян, борсық секілді жануарлар дүниесінің өкілдері өмір сүреді.

Көлсай көлдері – Күнгей Алатауы мен Іле Алатауының жоталарын біріктіретін солтүстік Тянь-Шань мен Көлсай аңғарындағы 3 көлдің жүйесі. Бірінші көл 1818 м биіктікте, ұзындығы 1 шақырым, ені – 400 м, тереңдігі – 80 м. Екінші көл 2252 м биіктікте, бірінші көлден 5 шақырым жерде. Үшінші көл 2850 м биіктікте, екінші көлден 4 шақырым жерде орналасқан.

 

Көлдердің таза мөлдір суы тұщы әрі қатты, құрамында натрий сульфаты бар. Түбінің кейбір жерлері тегіс. Жазда судың температурасы +10 градусты құрайды. Көлдер ағысты, бір-бірімен Күнгей Алатауы жотасынан бастау алатын Көлсай өзенімен байланысқан.

Көлсайға жету үшін Алматыдан Құлжа трассасы арқылы, Шелек-Көкпек жолдары арқылы жүресіз. Одан әрі Аласа асуынан өткен соң жол екіге жарылады. Тура жол Кеген, Нарынқол бағытына, оңға бұрылсаңыз Көлсайға бет аласыз.

Отандық туризмді өз жерлестерімізден гөрі шетелдік туристер көп білетін секілді. Себебі қай аймаққа барсақ та қазақстандықтардан гөрі шетелдік демалушыларды көп кездестірдік. Солардың бірі Қазақстанды аралауға арнайы Бельгиядан келген бір топ жастар. Жастармен сұхбаттасу барысында, олардың саяхаттау нүктесі ретінде біздің елді жайдан жай таңдамағыны белгілі болды.

Viktor Vanmarcke, Floris Janssens, Brechit Plasschaert, Lennert Plasschaert:

«Біз Бельгияның Гент қаласынан келдік. Қазақстанды аралап, саяхаттауға 10 күн арнамақпыз. Ең алдымен саяхатымызды Көлсай көлінен бастап отырмыз, кейін өзіміздің бағдарлама бойынша Шарын шатқалына, Алтынемел, Түркістан, Шымкент қалаларын тамашалаймыз. Біз  табиғаттың әсемдігін қызықтауды, табиғат аясындағы таңғажайып оқиғаларды тамашалауды ұнатамыз, сондықтан да көп халық біле бермейтін Қазақстан жерін көзбен көрейік деп келдік. Жалпы Қазақстан еуропаға алшақ орналасқандығымен бүгінде көптеген туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Қазақстан халқы өте тартымды, қонақжай, туристке деген назары ерекше. Табиғаты ғажайып, сан алуан түрлі: шатқалы, өзен-көлі, таулары, жазық даласы, шөл-шөлейті де бар және бір-біріне жақын орналасқан. Бекітілген жол ережесі болғанмен, туристерге арналған картаны ешкім ұстанбайды екен. «Жолдағы пират-жүргізушілер» секілді жүрміз. Өз қалауың бойынша көлікпен, велосипедпен, жаяу, атқа мініп те саяхаттауыңа болады. Қазақстанды нағыз туристік мемлекет ретінде айта аламыз, барлықтарыңызға «Қазақстанға келіп, өз көздеріңізбен тамашалап, көріңіздер!» дейміз!

Ортасында қарағайлар өсіп тұрған көлді бейнелеген бейнежазбаларды көргенде адам бара алмайтын, барса да тек жағдайы мықты байлар ғана бара алатын жер деп ойлайтынмын. Сөйтсек, ол өзіміздің Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан барлық халыққа қолжетімді Қайынды көлі екен.

Қайыңды көлі өзінің пайда болу тарихымен танымал. Ол 1911 жылы қатты жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған, соның барысында аңғар жылжымасы пайда болып, ағашты аңғарды су басты. Көлдің суы салқын (жазда +6 градус шамасында), сондықтан ағаш қылқандары жақсы сақталған, олар судың мөлдірлігінен жақсы көрінеді. Көлдің мұндай сиқырлы кереметтерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, сонда болып, бәрін өз көзімен көрген дұрыс.

Қайыңды көлі Саты ауылының шығысынан 11 км жерде Күңгей Алатауы аңғарларының бірінде теңіз деңгейінен 1667 м биіктікте қылқанды орманның ішінде орналасқан. Көлдің ұзындығы – 400 м, тереңдігі шамамен 30 м. Көл астында алабалық мекендейді. Саты ауылынан бастау алатын көлге барар жолдың бойында Қайыңды көлінен 5 шақырым жерде орналасқан керемет қайың тоғайын кездестіруге де болады.

Айта кету керек, Қайынды көлі эко-туризмді ұнататын туристер үшін таптырмас демалыс орны. Сұлулығымен көздің жауынын алатын Қайынды көлінің маңынан да шетелдік туристерді көптеп кездестірдік. Бұл жолы туристеріміз Қазақстанның жолы нашар болғаны үшін арнайы таңдап келіпті.

– Біз әлемнің түрлі мемлекеттерінен жиналған, сегіз мотоцикл жүргізушілерінен құралған халықаралық топпыз. Үшеуі Ұлыбританиядан, екеуі Аустриядан, біреуі Италиядан, біреуі Германиядан және мен өзім Израильден боламын. Сіздердің өте көрікті мемлекетіңізге тур жасау мақсатында келдік. Қазақстанға бірінші рет келуіміз. Табиғат көрінісі кей жерлерде көз тартарлық әдемі, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, міне, біз дәл қазір тұрған осы Қайыңды – соның дәлелі.

– Менің аты-жөнім: Фрили Каттанега, Аустриядан келіп тұрмын. Өз елімде туризмді өзім қолға алған болатынмын. Менің көзімнің жеткені, жолдарыңыз өте кең екен, көп жолдарға сапалы асфальт төселгенін байқадым. Біздерге қатты ұнағаны – таудың етегіндегі экопарк, соның ішінде қазақы үйлер. Ұлттық брендтеріңізді айқындап тұр. Біздің көп уақыттан бергі арманымыз жазық даласы бар елмен танысып, саяхаттау еді. Сол арманымыз орындалды.

– Тағамдарыңыз өте дәмді және әр түрлі. Маған ұнады. Қазақ әйелдері сұлу екен.

– Мен әзірге жылқы етінен жасалған тағамнан дәм татып көрмедім. Бірақ жоспарда бар. Он күндей боламыз деп келдік. Біз көбінесе халық көп шоғырланған мекендерден тыс аймақтарда, қала немесе ауыл  сыртында, яғни жазық далада мотоциклмен жүріп өтеміз, содан ләззат аламыз.

– Қазақстанда туризмді дамыту үшін шетелдік саяхатшы ретінде менің айтарым, тағамға қатысты. Әлі де жетілдіре түсу керек сияқты. Келгеннен кәуап және еттен дайындалған басқа да тағамдардан дәм татып келеміз. Мүмкін бұл жергілікті тұрғындарға ұнайтын шығар, ал менің батыстық талғамыма жат болуы мүмкін. Тағам түрлері алуан түрлі болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, еттің болғаны әрине жақсы, алайда, еттен бас тартқан вегетариандықтарға не ұсынасыздар, сол жағын да қарастыру керек. Ал көкөністі біз тек қарапайым жерлерден көрдік, – деп қазақстандық туризмге қатысты шынайы жанашырлық ұсыныстарымен бөлісті.

Тұп-тұнық, қашан барсаң да көкпеңбек болып көздің жауын алып жататын Көлсай мен Қайынды көлдері шын мәнінде ғаламат. Аялап қана алақанға салғандай, айналасы жасыл шыршамен ғана көмкерілген мөп-мөлдір сұлулық символы. Табиғаттың тамаша туындысы іспетті...

Гүлжәмилә ЗАЙЫРОВА