Қазақ елі – әлемдік сирек өсімдіктердің отаны
24.11.2018 3836
Академик Рақым Оразалиевтің дерегіне қарағанда XX ғасырдың басында голландиялық мамандар Шымкенттің Сарыағаш тауларында өсетін қызғалдақ (тьюлпан) гүлінің тұқымын алып кеткен

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық мақаласында жетінші қыры ретінде «Қазақ елі – алма мен қызғалдақтың алғашқы отаны» деп таныстырды. Бір қарағанда Қазақстан тарихын зерттеп, зерделеп әлемге таныту мәселесі мен шырынды жеміс және гүлдің арасында қандай байланыс бар деген сұрақ туындауы мүмкін.

Елбасы бұл тұжырымды отандық және шетелдік ғалымдардың деректеріне сүйеніп жариялағаны түсінікті. Әлемнің бірқатар елдері өздерінің жерінде өсетін табиғи өнімдерін дүние жүзіне жарнамалап және экспорттап мемлекетінің бренді ретінде көрсететіні белгілі. Мысалы, Үндістан үнді шайымен, Бразилия кофесімен, Куба қантымен, Голландия гүлімен әйгілі дегендей.

Хош иісті, дәмі тіл үйіретін алманың түп отаны қазақ жері екені туралы республикалық ақпарат құралдарында көптен айтылып жүр. Оксфорд университетінің Бәрри Джунипер бастаған ғалымдары да алманың түп тамыры Тарбағатай тауларында пайда болғанын дәлелдеген екен.

Елбасы өзінің мақаласында Қазақстанды қызғалдақтар отаны екенін көрсетіп қазіргі жер жүзіндегі 3 мың түрлі қызғалдақтың басым бөлігі біздің дала қызғалдағымыздың «ұрпағы» екенін жазады және қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өсетінін келтіреді.

Академик Рақым Оразалиевтің дерегіне қарағанда XX ғасырдың басында голландиялық мамандар Шымкенттің Сарыағаш тауларында өсетін қызғалдақ (тьюлпан) гүлінің тұқымын алып кеткен. Соны өсіріп, селекциялық және биотехнологиялық тәсілдер арқылы сапасын жақсартып, қазір атақты «голландские тюльпаны» ретінде әлемге танытып отыр.

Қызғалдақты орыс тілінде «тюльпан» деп атайды. Парсының «toliban» «тюрбан» сөзінен алынған. Қызғалдақтың гүлшанағы шығыс халықтары киетін бас киім – сәлдеге ұқсағандықтан осы сөзге бейімдеп «тюльпан» атап кеткен.

Деректерге қарағанда қызғалдақ Еуропаға XVI ғасырда ғана Осман империясынан жеткізіліп өсірілген. Оған дейін Иранда, Түркияда таралған. Голландияға алғаш рет 1570 жылы әкелінген. Қазір қызғалдақтың отаны Голландия сияқты көрінеді. Бұл мемлекет әлемнің 125 еліне қызғалдақ баданасын сатып жылына 2 млрд доллар пайда түсіреді.

Қазіргі уақытта түрлі ғылым салаларының түйіскен тұстарында ғылыми зерттеулер оң нәтижесін беру фактілері көптеп кездеседі. Сондықтан Елбасы тапсырмасынан туатын бір міндет қызғалдақ гүлінің алғашқы отаны Қазақстан екенін тарихшы және биолог ғалымдар әлемдік әдебиеттер мен архив құжаттарына сүйене отырып осыны дәлелдеп әлем жұртшылығын мойындату деп білеміз. Сонымен бірге алма, қызғалдақтар түрлерін көбейтіп, сапасын сұрыптап жетілдіріп әлемдік рынокта бәсекеге төтеп беретіндей бағытта жұмыс жасау да маңызды. Бұл ел экономикасын нығайта түсер еді.

Осылармен қатар еліміздің дәмді алмасы мен әсем хош иісті қызғалдақтары Қазақстанның әлемде беделін арттыратындай,   бренд өнімдер болса жақсы болар еді.

Селекционер ғалым Р. Оразалиев дерегі бойынша Қазақстанда бар 400 мың түрлі өсімдік пен жануарлардың т.б. қалпын сақтайтын гендік қорын жасау және сақтау ісі Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынуда екен. Селекционер ғалымдардың пайымдауынша, кез келген уақытта сол гендік қор арқылы сол түрді, сортты қалпына келтіруге және сатып қыруар пайда табуға болады екен.

Президент мақаласына орай әлемде сирек кездесетін «көксағыз» өсімдігі туралы ой бөліскенді жөн көрдік. Қазақстанның оңтүстік өңірінде өсетін «көксағыз» өсімдігі жоғалып бара жатқан соң, «Қызыл кітапқа» енгізілген. 90 жылдардан бастап Қазақстандағы табиғи көксағызға шетелдіктер көз сала бастапты.

Ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сүйенсек, 2006 жылы голландиялық ғалымдар Қазақстаннан көксағыз өсімдіктерін алып өз жерлерінде өсіруді сынап көрген. Сөйтіп әлемдегі ең сапалы көксағыз тұқымдарын шығарады. Олардың өсірген көксағыз өсімдігінің тамырында каучук 27 пайызға жеткен, ал америкалықтар өсіргенде 14 пайыз ғана болыпты. Қазақстан көксағызының сапасы Оңтүстік Америкада өсетін каучук алынатын гевея ағашынан бір кем емес. 

Өткен ғасырдың 30-40 жылдары табиғи көксағызды өндірістік жолмен өсіруді зерттеп, каучук алуға болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеген қазақтың танымал биолог ғалымы Кәрім Мыңбаев (1906-1948) болатын. (Ескерту: Мемлекет тарихы институтының ғалымдары С. Дүйсен мен Ж. Қалиев 2016 жылы шығарған «Кәрім Мыңбаев» кітабында осы мәселені кеңінен қозғаған). Ғалымның көксағызға қатысты еңбектері 40-шы жылдары АҚШ пен Англияның ғылыми журналдарында жарияланды.

Кәрім Мыңбаев қаза болған соң және химиялық әдіспен каучук алу табылған соң Қазақстанда көксағызды зерттеу, өсіру ісі тоқтап қалғаны белгілі. Көксағыздың тамырынан резина өнімдерін жасайтын табиғи каучук алынады. Инсулин дәрісі жасалады, сусамырды емдеуге қолданады екен.

Баспасөзде Еурооадақ елімізге көксағыз өсімдіктерінің түрлерін көбейтуге және одан алынатын алынатын каучуктың сапасын зерттеуге 8 млн еуро көлемінде қаржы бөлді деген дерек кездеседі. Ғалым Камилла Мағзиеваның дерегі бойынша әлемдік рынокта бір тонна табиғи каучук құны 8 мың долларға тең екен.

Елбасымыз өзінің алқалы жиындарда сөйлеген сөздерінде, Жолдауларында және ғылыми еңбектерінде әрқашан Қазақ елінің табиғи байлығын тиімді пайдаланып, еліміздің өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – Қазақстан Республикасының табысты болуының кепілі деп көрсетеді.

Президент мақаласының осы жетінші жобасында нақты аталған істерді жүзеге асыруды әлем жұртшылығына осы табиғи байлығымыздың түп тарихын еліміздің қоғамтанушы және жаратылыстанушы ғалымдары тізе қоса отырып дәлелдеп, әлемнің жетекші тілдерінде шығатын басылымдарда жариялап, ғылыми кітаптар жазып, дүниежүзі кітапханаларына жеткізу борышы деп білеміз.

 

Сейітқали ДҮЙСЕН, педагогика ғылымдарының кандаидаты, Мемлекет тарихы институының жетекші ғылыми қызметкері