Қазақта сайқымазақтар болған ба, болмаған ба?
31.10.2016 2656
Қазақтың дәстүрлі өмірінде сайқымазақтардың болу, болмауы екі түрлі пікір қалыптастыруда. Бірі қазақта сайқымазақтар болған десе, енді бірі болмаған деп тұжырымдайды.

Қазақ халқының дәстүрлі өмірінде сайқымазақтар да маңызды қызметтер атқарған. Той-думан мен ойын-сауық, сауда-саттық жәрмеңкелерінде әнші, биші, сал-серілер жүрсе, солармен бірге өнер ортасында сайқымазақтарда болған. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ел ішіндегі түрлі мәселелерді күлдіргі әзілмен, ащы сатиралық келекемен, әжуамен жеткізіп көрсеткен.

Сайқымазақтар қазақ халқында ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде де болған. Орта ғасырларда күлдіргі кейіпкерлері ескілікті жәрмеңке мен шаһристан орталықтарында, ойын-сауық кештерінде күлдіргі кейіпкер ретінде көрінген. Олар әдеби драмалар мен күлкілі интермедияларда және шіркеу мен мектеп театры ойын-сауықтарының қатысушысы ретінде бой көрсетті.

Еуропада 16-18 ғасырларда сайқымазақ кейіпкерлері көптеп кездесе бастаған. Бүгінгі күнге дейін Еуропа қалаларында түрлі драматургиялық қойылымдар мен цирктік өнер қойылымдарын қойып жүрген сайқымазақтарды кездестіріп жатамыз.

Кейіннен сайқымазақтар театр пьесаларында сомдала бастады. Сайқымазақтардың негізгі атқарар қызметі жоғары тап өкілдері секілді пьеса кейіпкерлерінің көңілін аулап, күлдіріп отыру болып табылады. Сайқымазақ рөльдерін орындаушылардың киімі ашық түсті, алабажақ матадан тігіп, оған қоңырау мен әртүрлі сылдырмақтар тағатын болған. Сайқымазақты кейіпкер ретінде ағылшын, француз еуропа жазушылары шығармаларына қосып отырды. Әсіресе Уиллям Шекспирдың тарихи шығармаларында, сондай-ақ, П. Кальдерон және тағы басқа драматургтерде өз шығармаларына сайқымазақ рөлдерін енгізіп отырды. 

Қазақ халқының дәстүрлі тыныс-тіршілігінде сайқымазақтарда көп болған. Ол туралы тарихшы ғалым Биқұмар Кәмалашұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты монографиясында сайқымазақ түрлерін жіктеп береді. Қазақ тарихындағы сайқымазақтардың рөліне тоқталады. «Сайқымазақтардың түрі көп. Ел аралайтын диуана, бақсы, кезбе, шейх тағы басқаларға ұқсаған жан. Ол елді мазақтап, әзілдеп, күлдіріп жүргенімен елдің, жердің, жеке тұлғалардың тағдырын, тарихын, келешек өмірін мазағымен қоса беттеріне айтып, өзінен-өзі қам жеп жүретін жандар. Оларды біреулер сыйлап жатса, енді біреулер жексұрын етіп мазақтап, келекелеп ауылдан қуып жатады»,-дейді Б. Кәмалашұлы.

Ертеден қазақтың тойында ақындар айтысы, күйшілер бәсекесі, балуандар күресі, сайқы мазақтар бәсекелері өткен. Той-думанда сайқымазақтар халықтың күлкісін жидыртпай, «мазақ ойындар» жүргізген.  Биқұмар Кәмалашұлы жоғары еңбегінде сайқымазақтардың қазақ тойындағы өнеріне кеңірек тоқталады. «Сайқымазақтарды қазақтар әдейі той томалақтарына пайдаланып жиналған жұрттың, тойшылдардың көңілін көтеру үшін оларды тойшылар арасына жүргізіп «мазақ ойындарды» істеді. Олар елге «еркелеп» әртүрлі ел ішіндегі келеңсіз жайттарды шенеп, қылықтарымен, тілімен безеп, мазақ күлкі етеді. Оған ешкім ашуланбайтын салт бар. Алайда шамкөстер ашуланып жатса, оларға ел дүрсе қоя беріп, басып тастайды», - дейді Б. Кәмалашұлы.

Қазақ тарихы мен әдебиетінде де күлдіргі өнер кейіпкерлерінің көркем бейнесі көрініс тапты. Бірі тарихи тұлға ретінде есімі қалса, енді бірі аңыз-әңгіме түрінде жатталып, әдебиеттің типтік образдарына айналды. Алдар көсе, Қожанасыр образдарымен қатар сайқымазақтар типтері де көркем шығармаларда жазылды.

Зарубай сайқымазақ – тарихи кейіпкер

Ертеде ел ішінде ақын-жыршы, әнші-күйшілермен қатар ежелгі халық билерін орындайтын ортекешілер де болған. Олардың кейбір іс-әрекеттері сайқымазақтарға ұқсаған. Мәселен, 1920 жылдардың бас кезінде Қоянды жәрмеңкесінде Зарубай деген сайқымазақ қоян сияқты киініп алып, үстел үстінде тұрған кеселердің ешқайсысына қол-аяғын тигізбестен қоян сияқты секіріп, шоқырақтап бір сағат бойы күрделі қимылдар жасап билеп өнер көрсеткен екен. Оның билеген биі мен іс-қимылдарына халық езулерін тартпай күлген.

Елеусіз сайқымазақ – бүгінгі Аманғали Сыпабеков

Қазақ тарихында Елеусіз атты сайқымазақ болған. Өнеріне тәнті болған халық, Елеусіз сайқымазақты Құлақай деп аңыз кейіпкері еткен. Ел арасында ол туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Айтқыштығымен, тапқырлығымен аты шыққан атақты қушыкешті шығыс жұрты әлі де аузынан тастамай айтады. Құлақай қу жайында көркем әдебиетте халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Прометей алауы» атты тарихи романында кеңірек жазады. «Құлақай Мұрын ішінде жеті Жолымбеттің Қыдыр атасынан шыққан. Ал алты жасынан ұстанған жолы мен қуған кәсібі жағынан Қожанасыр мен Алдар көсеге туыс болып келеді. Ол жүрген жер – әзіл-оспақ, әжуа-сықақ, келеке-күлкі. Сол үшін осы елден «Құлақай қу» деген атақ алған. Құлақайдың азан шақырып қойған шын аты – Елеусіз» дейді жазушы Қ. Жұмаділов. 

Елеусіз сайқымазақ той-думан, ойын-сауық кештерінде өнер көрсетеді. Ол туралы Қабдеш Жұмаділов: «Құлақайдың кейін тапқан бір ермегі – жүрген жерінде «ойын» көрсетуді шығарыпты. Адамның, жан-жануардың іс-әркетін, дауысын айнытпай салып, жиналған көпшілікті күлкіге қарық қылады. Кенет бір өзі көшкен елге айналады: бақырауық түйе, ұлыған ит, маңырап-мөңіреген қой мен сиыр. «Ауқаулап» бұзау іздеген қатын-қалаш. Жүк артар, көш қозғалар кездегі қарбалас шақ. Осындайда ауыл ақсақалының, бәйбіше-қатындардың ауызынан шығатын оқыс сөздер...».

Қарап отырсаңыз, Құлақайдың өнерін бүгінгі «Әзіл әлемінің» актерлері Қанат Әлжапбаров, Аманғали Сыпабековтердің  қалжыңдарынан байқауымызға болады. Арзан күлкі болса да, бұл өнер сол уақытта елді күлкіге қарық қылған. Құлақайдың күлдіргі әңгімелерінің барлығы күнделікті көпшілік тұрмысында қайталанып жүрген нәрселер. Халық соған күліп, мәз болады.

Құлақайдың өмірі де, өнері де күлкімен жалғасып өткен. Құлақайдың түріне де халық күлген. «Оған күлмеген кісінің бет-ауызы қисайып кетеді» деседі білетіндер. Бүгінде сайқымазақ кейіпкерлері театр сахналарына шығып, осындай Құлақай өнерлерін көрсетіп, елді әзілмен әжуалайды. Сондықтан да «Құлақай» өз заманындағы «Әзіл әлемінің» серкесі десек артық емес.

Қазақ қоғамында сайқымазақтар болған ба, болмаған ба?

Қазақтың дәстүрлі өмірінде сайқымазақтардың болу, болмауы екі түрлі пікір қалыптастыруда. Бірі қазақта сайқымазақтар болған десе, енді бірі болмаған деп тұжырымдайды. Жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек сайқымазақ образдары қазақ қоғамында болмаған дейді. «Құлагер» көркем фильмінде «Батыраштың алдында француз корольдерінің жанында жүретін шут сияқты бір сайқымазақ жүреді. Ол білгенін істейді. Бұл да қазақ қоғамында болмаған әлеуметтік тип», - деп жазады қазақтың Ақселеуі.

Арзан әзілмен астарлы ақиқатты жеткізіп жүрген сайқымазақтар қазақ дәстүрінде болған-болмағанын сараптау – оқырманның тарапында. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)