Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап...
07.11.2016 3460
Бабадан қалған бекзат өнердің бүгінгі хәлі қалай?

Тегінде, бүркіт – қазақ халқының өжеттік, ерлік, алғырлық, асқақтылығының белгісі болса, бүркіт салу –бабадан жалғасқан асыл мұра, салт –дәстүр, текті өнер.

Халқымызда «Есі кірген – ескісін іздейді» деген қағида бар. Киіз туырлықты көшпелі елдің құс салуы, халқымыздың алғашқы қалыптасу кезеңінде кәсіп болса да, жылдар өте келе ғажайып ақсүйек өнеріне айналғаны анық. Халқымыздың арғы-бергі тарихын зерттеушілер саятшылық кәсіптің үш мың жылдан аса тарихы бар деседі. Оның дәлелі, Тамғалы тастағы саятшының қыран құспен аңға шыққан сәтін бейнелеген өрнекті суреттің салынғанына екі мың жылдан әріде екені. 

Бүгінгіге жеткен шындыққа бергісіз жүздеген аңыздардың өзі неге тұрады?! Кезінде Еуропа саяхатшысы Марко Поло, орыс тарихшысы Н. Карамзин, поляк зерттеушісі А.Янушкевич секілді көптеген шетелдіктердің осынау тамаша өнер жайында көргендерін тамсана жазғандары қаншама. Осыларды ой елегінен өткізе келе, халықпен бірге жасап келе жатқан қанында бар ғажайып құндылықтың тарихы терең, мәні мәңгілік екенін аңғартады. 

Ақиқатында, қазақ жұртының күнкөріс кәсібі болған аңшылық, хан - төрелердің, би-шешендердің, сал –серілердің көңілін аулап, сейіл құрғызар, сән –салтанатын асырар ақсүйек өнері екендігіне дәлел көп. Бұл ретте Жошы ханның айналасында 3 мың қыран болғаны, Абылай хан -500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны, Ақсақ Темір мен Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың бүркіттің бір жұмыртқасына бола, жауласқандары жайында деректер бар.

Ал, Шоқан мен Шәкәрім, Абайдың асылдарымыз, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мәди, Ақан сері мен Сегіз серілердің, Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезовтей аяулыларымыздың айнымас серігі болған мұраның шоқтығы биік екендігін тағы бір дәлелдейді.

Алайда, кеңес заманында ұлттық құндылықтарды «ескінің, діни көзқарастың сарқыншағы» деп біржақты бағалаумен қатар, оның өркен жаюына мүмкіндік берілмеген. Содан болар, халықтың өзімен бірге келе жатқан мәдени мұралары, салт-дәстүрлері ұмытыла бастағаны рас.

Әйтседе, «жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы...» -жігіттің жігітіне жарасар, серінің серті мен серігіндей киелі өнерді жанына балаған елдің ұрпағы болғандықтан шығар, ендігі жерде халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан өлмес мұрасы-құсбегілікті серуен, сейілге жақын, салауатты өмір салтына сай келеді ғой деп, енді спортқа алып келуді ойластыра бастады.

Сөйтіп, 1987 жылы қаптаған қиыншылықтарға қарамастан, қатары азайып бара жатқан құсбегілердің басын біріктіру, жастарға өнеге алып қалу мақсатымен, Алматы облысында республикада тұңғыш -Жалайыр Шора атындағы Құсбегілер мектебінің іргетасы қаланды. Оған этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы, қоғам қайраткері Заманбек Батталханұлы бас болып, Сарсебек Даулетбақұлы, Айтбай Жетібайұлы, Байжүніс Көдеұлы секілді біраз құсбегілер ат салысқан.

Бүгінде республика бойынша алпысқа жетпейтін тәжірибелі бапкерлер болса, соның жартысына жуығы тұратын, ширек ғасырдай бұрын республикада тұңғыш Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданындағы «Нұра» ауылында құрылған сол мектептің арқасында, ұрпақ санасынан өше жаздаған құсбегілік өнердің өрісі біршама өсті. Жыл сайынғы Құсбегілердің Республикалық «Сонар» ұлттық спорт жарысының жоғары деңгейде өтуі, жер-жерде ұлттық спорт мектептері көбейіп, «Саят» бөлімдерінің ашыла бастауы, алыс-жақын шетелдерге қазақ құсбегілерінің танымал бола бастауы, құсбегілердің тұңғыш ұлттық киім үлгісінің өмірге келуі, Англияда өткен Қыран құс салушылардың дүниежүзілік тұңғыш фестивалінде қазақстандық бүркітшілердің қатысып 37 мемлекеттің арасында бірінші орын алуы, саятшылықты жан-жақты насихаттауы, тағы басқа жетістіктер, үнемі ізденістің, үлкен еңбектің нәтижесі.

Сондай-ақ, 2012 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік «Материалдық емес құндылықтар тізіміне» қазақтың Бүркітшілік өнерін» кіргізу жөнінде еліміз ұсыныс жасады. Бұл дегеніміз ұлттық- құндылық, әлемдік- бренд. 

Сонау қиын-қыстау кезеңдердің өзінде қыран құстарын қасынан тастамай, ұлтының асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдырған талай тарландарымыздың бай мұрасы жинақталмай жатыр. Олай болмағанда, аштық жылдары бір ауылды бір бүркітімен асыраған талай жандардың есімдерін толық зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткілікті насихаттау керек. Бабаларымыздан қалған халқымыздың «саятшылық» дәстүрін келесі ұрпаққа қалдырамыз десек, бұл өнерге жастарымызды мектеп қабырғасынан бастап дайындауымыз керек.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)