Асық – көнеден келе жатқан ұлттық ойын
03.12.2016 19096
Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі.  Ерте кезде әр қазақтың балалары мен жастарының бас қосуының негізінде асық ойыны ойнатылатын. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген. Ендеше көнеден келе жатқан ұлттық ойынның бүгінгі таңдағы өрісі қандай, асық ойындарының түрлері жайында аз-кем сөз етіп көрсек.

Ерте де ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей жатқанда, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған. Асық ойындары тек қана қазақ халқына ғана таныс ойын түрі емес. Бұл ойынды Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнап келеді. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойындарының көп бала болып ойналатын түрі әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Асық ойынында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.

Асық ойыны – ұлттық спортымыздың бір түрі. Асық ойыны-қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Халқымыз асықты қастерлеген. Өйткені әрбір көшпенді өмір сүрген халықтың өмір салты, әдет-ғұрпы төрт түлік малға мейлінше байланысты. Осыған байланысты қаншама атау, ұғым-түсінік, таным мен пайым пайда болды. Қазақтың мақал-мәтелі де, аталы сөзі де асыққа байланысты құрылып, күнделікті байланысқа түсті.  Одан өрбитін сөз де, мақал-мәтел де жеткілікті. Мысалы, қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар.Ол сәті түсіп,жол болып тұрғандығын білдіреді. Сондай-ақ халықтың «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» дегеніне түсінген адамға астарында үлкен мән жатыр.

Асық ұлттық ойыны соңғы уақытта мемлекеттік қолдауына ие болып, өзінің мәртебесін ала бастады. Елімізде Асық атудан жарыстар, ел біріншіліктері өтті. Асық ойынының федерациясы құрылып, оған белгілі дәреже де түбегейлі зерттеліп, зерделенген ойын ережелері бекітілді. Асық атудың жарысы бұрыңғы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің және ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығымен бекітілген «Асық ойынының ережесі» бойынша өткізіледі.

Асықтың түрлері мен атаулары

Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінде болады. Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.

Алшы – асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған аса мән беріледі. Ол - бірінші дәрежелі асық.

Тәйке – асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап, тұрық түсуі. Ол – екінші дәрежелі асық.

Бүге – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.

Шіге – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.

Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі.

Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.

Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.

Табан – асықтың тәйке жағы.

Оңқай –асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы.Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.

Солақай — асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.

Сақа — қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Сақа деп арқардың асығын атайды.

Құлжа — арқардың аталығының асығы Жабайт — еліктің асығы Шүкімайт — қозы мен лақтың асығы.

Асық ойындары

Омпа. Асық ойынының бір түрін «Омпа» деп атайды. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады.Ойнаушылардың санына шек қойылмайды.Ойынның мақсаты –асық ұту.Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да, біріншісіне төрт бұрыш жасайды.Дәл ортасындығы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпа» тұрғызады.

Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектерң бойынша қолдарындағы сақаларымен «Омпаны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпаға тимесе, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын ары қарай жалғаса береді.

Асықты тігіп ойнау. Бір топ бала, жастар жиылып келіп, тегіс жерді таңдап алады да оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Әр жағының қашықтығы Балалардың жас мөлшеріне қарай белгіленеді. Содан 1-1,20 см немесе 1,5 мерге дейін болады.Мұны «Көн» деп атайды. Ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4-5 метр не одан да көп мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден тұрып көндегі асықты ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады.Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көнбе сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерденқайта атады. Сөйтіп, көннен шығарғандарын ала береді.Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады.Ал тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалыбында атып, көннен шығарып алуы тиіс. Ойын көндегі асықтар бойынша біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді.

Ханталапай. Асықпен ойналатын ойынның тағы бір түрі –«Ханталапай». Балалар бұл ойынды үлкендердің басшылығымен ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады.Ойын жүргізуші қолындағы асықты «Ханталапай» деп ортаға қарй шашып жібереді.Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты – балалардың жылдамдығын жеделдету,Жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіру.

Атқапыл. Мұны кей жерде «Көтеріспек» деп атайды.Бұл ойынға екі бала қатысады.Біреуі сақасын иіріп, екіншісі сол сақаны екінші бала өз сақасы жатқан жерге дейін көтеріп апарады.Осылайша екі бала бірінің сақасын бірі атып, бір-бірін кезек-кезек көтерісіп ойнай береді. Бұл ойын балаларды шымырлыққа, дене күшін жетілдіруге үйретеді.

Иірмекіл. Бұл ойын екі немесе төрт бала ойнауға ынғайлы. Ойынды екі бала айнаса, тәртібі төмендегідей: әр балада 5-6 асықтан болуы керек. Екеуі бір-бірлеп асық иіреді. Қай баланың асығы алшы түссе, сол осы екі асықты уыстап алады да жерге жайлап шашып жібереді. Екі асықтың бірі алшы түссе, онны алады. Екінші асықты иіреді. Ол алшы түссе, оны да алады. Бұдан соң екі бала тағы да асықтарын бір-бірлеп иіреді. Асығы алшы түскен бала екі асықты сыпырып алып, жерге тастайды. Сол кезде бір асық алшы, бір асық шіге түссе, екеуін де алады. Осылайша асығы алшы түскен баланың тастаған асығы шіге түсіп отырса, олұтысқа иебола береді.Асық алшы түспей, басқа ыңғайдышіге ұтысқа саналмайды. Екі бала кезек-кезек иіріп отырып, ойынды жалғастыра береді. Бұлойын балалардың есте сақтау қабілетін арттырады.

Алтынбек БЕКНҰР