Түп тарихы көшпелі далалық мәдениеттен бастау алған қазақ пен мадиярлардың (Венгрлер) ұқсастықтары жылқы малында ғана емес
Мажарстанның Сегед қаласында тұратын мажар қызы Жаннет ежелгі қыпшақтардың тұрмыс-салтына қызығады. Бұл туралы National Digital History порталының жетекшісі, журналист Олжас Беркінбаев фейсбук парақшасында жазды.
«Мына қыздың аты Жаннет. Ежелгі қыпшақтардың тұрмыс-салтына өте қатты қызығады. Сегед қаласынан 20 шақырым қашықтықтағы Уллаш ауылында тұрады. Екі жылқысы бар. Кешқұрым алдымыздан садақ асынып, ақбоз атпен шауып шыққанда тіліміз байланып қала жаздады. Садақ демекші, бұл қыз ат үстінде тұрып садақтан 28 жебені бірінен-соң бірін ата алатын қабілетті екен. «Негізінде менің есімім Жәйке болу керек еді» дейді. «Ол кім?» десем, «Аттиланың ең сүйікті екінші әйелінің есімі» деп атының басынан сипап отыр. Ер-тұрманына бүркіттің басын салып, оған сына жазуымен «САҚ» деп жаздырыпты»,-деп жазды О.Беркінбаев.
Түп тарихы көшпелі далалық мәдениеттен бастау алған қазақ пен мадиярлардың (Венгрлер) ұқсастықтары жылқы малында ғана емес. Олардың ұқсастықтары этнографиялық, салт-дәстүр ерекшеліктерінде де жатыр. Мадиярлар (Ғұндардың ұрпағы) «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезеңінде Еуропадағы қазіргі қонысына келген. Ұлы көштен бұрын мадиярлар Азиядағы көшпелі мәдениеттің иелері болған. Сондықтан да түбі бір ғұнның ұрпақтары тіліндегі, дәстүріндегі сақталып қалған ерекшеліктерге байланысты қазаққа өте жақын. Жоғарыдағы венгр қызының бүркітке, жылқыға, садаққа, ер-тұрманға қызығуы бұл тұрғыдан келгенде орынды.
Осы орайда тақырыпқа сай дерек айтып өтер болсақ, белгілі тарихшы, ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы өзінің зерттеу мақаласында жылқы малы ең көп болған елдер қатарына венгрлер мен қазақтарды жатқызған. Ғалымның дерегінше: «1880 жылы Венгрияда 3,5 миллион, Германияда 3 миллион жылқы болса, Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 миллион жылқы болған екен. 1920 жылдардағы нәубеттерден кейін Қазақстанда небары 8 миллион жылқы қалыпты»,-дейді.
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)