Мәдени серуен: Баркөл қаласындағы қазақ музейі (ҚХР)
26.12.2016 3042
National Digital History of Kazakhstan интернет порталының наурыз айының 8-12 аралығында Қытай еліне жасаған сапарының нәтижесінде Үрімші, Қарамай, Құмыл, Баркөл қалаларынан біршама деректер жиналды

Соның ішінде ең көзге түсері – Шыңжаң ұйғыр аутономиялық аймағына қарасты Баркөл қаласындағы қазақ этнографиялық музейі. 1954 жылы 1 қазан күні құрылған бұл қаланы 100 мыңға жуық халық мекендесе, қазақтар соның 30 пайызға жуығын құрайды.

Құмыл мен Баркөл арасы

Шекарасының солтүстігінде – Моңғолия, оңтүстігінде Құмыл қаласы және батысында Дүнген аутономиялық облысы мен Мори Қазақ аутономиялық ауданымен шектесетін қала теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан. Қытайша «Хами», қазақша Құмыл деп аталатын қаладан 150 шақырымдай қашықтықтағы Баркөлге жету үшін әуелі Құмыл арқылы Хантәңірі тауынан асып келесіз. Тау арасынан тақтайдай жол салған Қытай еліне таң қалмау мүмкін емес. Себебі таулы жердегі жолдың сапасы ең жоғары деңгейде. Ал, жергілікті қазақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы мен түйе өсіру жақсы дамыған. Тіпті халық арасында бұл өлкені «он мың түйе ауданы» деп те атайды екен.

Баркөл қаласында бүркітшіге қойылған ескерткіш

Баркөлдегі екі қабатты сән-салтанаты келіскен қазақ музейінің құрылысына шамамен 1,5 млн юаньға жуық қаржы бөлінген. Мекеме директоры Манат Жәнімханұлының сөзінше, бұл жердегі жәдігерлер халық арасынан қаншама жылдар бойы жинақталған. Мысалы, құмай құстың терісінен тігілген қамзол мен қамыстан жасалға ши домбыраны басқа жерден кездестіру мүмкін емес. Кіреберісі қазақы киіз үйді еске түсіретін музейде жалпы саны 13 адам жұмыс істейді.

Музей ішіндегі киіз үй мен жеті қазынаның бірі төбет тұлыбы

Ал, осындағы экспонаттарды қалпына келтіру және оны күтіп-баптау секілді жұмыстарды Манат ағамыздың бір өзі жасай береді екен. Мамандығы музей саласына қатысты болмаса да, қазақ тарихы мен этнографиясына деген қызығушылық оны осы салаға алып келіпті.

«Оңқа» және «қандауыр»

Бір байқағаным – Қытай елі қазір қазақ халық медицинасына қатты көңіл бөліп отыр екен. Соның бір айғағы осы музейде – қазақтың әйгілі шипагері Өтебойдақ Тілеуқабылұлына арнайы бір бөлім арнап, оның «Шипагерлік баян» еңбегін жариялауы. «Оңқа» және «қандауыр» деп аталатын қазақы медициналық құралдар денедегі сарысу мен түрлі ауруларға қарсы әлі күнге дейін қолданыста.

Қазақ халқының ұсталық құралдары: бедерлегішті күміс пен мыс бұйымдарға өрнек салу үшін қолданған; ысқышты қамшы өрген кезде таспа тілуге пайдаланған; қобылағыш бұрғы есебінде болған; қорғасын ерітетін қасық, таразы, мыс балға және қысқаш ұсталық өнерде ерекше орын алған. Осы заттардың түгелі дерлігі  –қазақ өркениетінің әрқашан алдыңғы қатарда болғанының айқын дәлелі.

Музей ішіндегі ұста мүйісі

100 жылдық тарихы бар қазақы күміс ер-тұрман. Заманында осындай ат әбзелі үшін бір үйір жылқы беріп, кісі қаны төгіліпті дейтін деректер тарихымызда көптеп кездеседі

Ұлттық мұрамыздың жанашыры, шебер ұста, марқұм Дәркенбай Шоқпарұлының ер-тұрман жайлы былай деп жыр жазған екен:

Ер-тұрман, ат-әбзелін күмістеп ем,

Күрделі іс, көп-ақ мұнда жұмыс  деген,

Қақталған аппақ күміс жалт-жұлт етіп,

 Япырмай, дегізгендей кім істеген.

Ғасырдан астам тарихы бар қазақ ат әбзелдері. Ноқта, жүген, құйысқан, өмілдірік

Таза теріден тігілген бұл аяқ киімнің де жасалғанына 100 жылдың шамасы болып қалған. Жылқының тұяғын табанға салып жасаған осындай аяқ киімдерді «тақа» деп атаған.

«Макибиши» деп аталып кеткен жапон ниндзяларының қаруын Қытай жеріндегі қазақтар ықылым заманнан-ақ қолданған. Өмірі ат үстінде, жаугершілікте өткен ата-бабаларымыз артынан қуғын көрінген сәтте жол үстіне осы қаруды шашып жіберіп, әскери қулыққа барған.

Қазақы көштің музей ішіндегі кішігірім көшірмесі. Әдетте мұндай көштің басында бәйбіше жүрген. Дәстүрлі қазақ тұрмысында көш барлық сән-салтанатымен ұйымдастырылған. Қазақы көш ауыл көші, қыз көші, келіншек көші, қаралы көш, үркін көш, салқар көш деп бөлінген. Ал, көш жүру тәсілі ерулеп көші, үдере көшу, тасымалдап көшу деп аталған.

Жалғасы бар...

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Астана-Үрімші-Құмыл-Баркөл-Астана

Суреттерді түсірген автор

Қытай еліне тарихи экспедицияны ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, қол ұшын созған филантроп Оралбек БОТБАЙ мен Қытайдағы қазақ диаспорасына Портал редакциясының атынан алғыс айтамыз.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)