Қытайдың тұңғыш тарихи мұрағатында сақталған 72 мыңнан астам құжаттың 283 томы Қазақстанға келді
26.09.2013 1861
Ақордада ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы өтті.

«Еліміздің барша тарихи қауымдастығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған «Халық тарих толқынында» арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасын әзірлеп, ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жөніндегі маңызды мемлекеттік жобаға жан-жақты ат салысып отыр». Бұл туралы бүгін Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мәлімдеді. 

Оның төрағалығымен Ақордада ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Жиында тарихты зерделеу жөніндегі жүйелі жұмыс басталған 100 күннен артық уақытта жасалған істер қорытындыланды. Қытайдың тұңғыш тарихи мұрағатында сақталған 72 мыңнан астам құжаттың 283 томы Қазақстанға келді. Қазақ тарихына қатысы бар деректің ең көне дегені XVIII ғасырдың 30-шы жылдарына қатысты. Арасында қазақ хандарының көрші мемлекет билеушілеріне жазған хаттары басым. Олар сол кездің өзінде жазу мәдениетінің қалыптасып қалғанын дәлелдеп қана қоймай, қазақ-қытай саяси және экономикалық қарым-қатынас тарихын ашып көрсетеді, - деді отырыста Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітова. Осы секілді деректерді ғалым зерттеушілер он елдің мұрағатынан тауып алып отыр. 

Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА, ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: 
- Бұл біз тапқан деректердің аз ғана бөлігі. Олар осы уақытқа дейін шетелдердің мұрағаттарында зерттелмей жатты. Соларға енді ғана қол жеткізіп жатырмыз. Бұл мемлекеттің тарихты зерттеу мәселесін жолға қоюының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Енді сол деректерді аударып, өзге де мағлұматпен салыстыра отырып, қаншалықты шындықпен жанасатындығын тексеру керек. 

Мемлекеттік хатшы мұншалықты жемісті ғылыми экспедицияларды одан әрі жүргізуді тапсырды. Себебі, істелінген жұмыс - үлкен істің басы ғана, қолда барға тоқмейілсуге болмайды, - деді Марат Тәжин. 

Марат ТӘЖИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
- Шетел мұрағаттарын зерделеу жөніндегі қаржылық жұмыс жалғасын табуда. Ғалымдар елдерінде болып қайтты. Зерттеулер қорытындысы бойынша XVI-XX ғасыр бойынша мұрағаттар жиналды. Қазір ол зерделенуде. Осылайша біз жұмысымыздың алғашқы нәтиже бере бастағанын айта аламыз. Алайда, атқарылған іске көңіл толтырып, жұмыс қарқынын төмендетіп алуға болмайды. Біз тарихымызды зерделеуде қанша алға бассақ, алдымызда да соншалықты игерілмеген  кеңістік жатқанын түсінеміз. Сол себепті, алғашқы нәтиже бізді жұмысты жандандыру түсуге серпін беруі тиіс.  

Отырыста Қазақстанда жаңадан құрылған ғылыми зерттеу құрылымдардың тұсауы кесілді. Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынхановтың хабарлауынша, енді елімізде Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық орталығы жұмыс істейді. Оған қоса, популяциялық генетика, артефактілерді археологиялық даталау жөніндегі халықаралық зертхана қызметін бастады. Ал, дүние жүзі тарихын зерделеу жөніндегі ғылыми орталық әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде құрылды. Тағы бір жағымды жаңалық. Қазақстанда ғылыми-көпшілік «Мәңгі ел» журналының тұңғыш саны жарық көрді. 

Ерлан СЫДЫҚОВ, MANGI EL ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:
- Журнал, әрине, аз ғана уақытта шыққанымен, оған дайындық бұрыннан жүріп келе жатқан болатын. Өйткені, тарихшылардың ойындағы нәрсе бұл. Оқырман ойындағы нәрсе бұл. Осы уақытқа дейін шыққан журналдардың көбі академиялық тілмен жазылған болатын, нақты ғылымға зерттеушіге арналып жазылып келген. Ал, бұл журнал жастарға да, әртүрлі әлеуметтік саладағы адамдарға да арналып жазылып отыр. 

Ұлттық тарихты зерделеу үшін мемлекеттің бастауымен қарышты қадамдар жасалды. Ендігі мәселе - ауқымды тарихи зерттеу жұмыстарының оң нәтижелерін қалың бұқараға жеткізу, халықтың ұлттық тарихты тануға деген қызығушылығын ояту.  

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
- Тарихта жазылатын дүние бір жылдың не болмаса бір айдың ішінде жүзеге аспайтыны белгілі. Тарихшыларымыз бүкіл өмірін бір тақырыпты зерттеуге арнайды Ал, оны жазып шығу үшін шетелдік мұрағаттардағы құжаттарды алдырмайынша, зерттеп, жүйелемейінше, нақты нәтижеге қол жеткізе алмайтындығымыз белгілі. Соған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Халық тарих толқынында» Қазақстанның барлық дерлік БАҚ-да осы тақырыпта жұмылдырды. 5 июньнен бүгінгі күнге дейін 2170 материал жарық көрген екен. Бір сөзбен айтқанда, тарихқа деген халық қызығушылығы БАҚ-нан толық көрініс тауып, халыққа жетіп жатыр.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Елбасы тапсырған «Халық тарих толқынында» арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасын әзірлеуді тездетуді тапсырды.

Ақпарат көзі: http://www.khabar.kz