Жамбыл облысының делегациясы Ташкенттегі Төле би кесенесінде болды
13.10.2013 1961
Тарихи деректерге сәйкес Ұлы жүздің биі Төле өзі билік құрған Шымкент, Түркістан және Ташкент қалалары ғимараттарының архитектурасын құруға белсенді атсалысқан.

Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен Ташкент қаласында Жамбыл облысының делегациясы болып қайтты.

Құрамына мемлекет және қоғам қайраткерлері Арғынбай Бекбосын, Нұрдәулет Әлібеков, Жамбыл облысы бойынша «Нұр Отан» ХДП филиалы төрағасының орынбасары Берік Масат, Жамбыл облысы бойынша дін істері жөніндегі басқарманың бастығы Серғали Айдапкелов, сондай-ақ қазақстандық БАҚ өкілдері кірген үлкен делегацияны Өзбекстан Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Бөрібай Жексенбин ертіп жүрді. Олар биыл 350 жылдығы аталып өтілетін Төле би зиратының басында болды. Жамбыл облысының өкілдері Төле би жерленген жердің қасында құрбан шалу рәсімін өткізіп, атақты қазақ биінің мерейлі күніне орай Ташкент қаласы мейрамханаларының бірінде арнайы ас берілді.

Үстіміздегі жылдың екінші жартысында Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері де осындай мақсаттағы сапарды жоспарлауда екендігін атап кеткен жөн.

Биылғы жылы Ташкент қаласында Төле бидің 350 жылдығына орай бірқатар мәдени шаралар жоспарланған. Осыған дейін «Мүшайра» ақындар байқауы болды, енді қараша айында ақындар айтысы өткізілмекші.

Тарихи деректерге сәйкес Ұлы жүздің биі Төле өзі билік құрған Шымкент, Түркістан және Ташкент қалалары ғимараттарының архитектурасын құруға белсенді атсалысқан. Оның есімі қазақ халқының тарихына қатысты аса ірі оқиғалармен тығыз байланысты. Төле би өзі 12 жыл басқарған Ташкент қаласындағы атасы Жүніс ханның жанына жерленген. Өзбекстанда және Қазақстанның кейбір аймақтарында белгілі биді Қарлығаш би деп атайды.

Дерек көз: inform.kz