Алматыда Ұлы Жібек жолы жөніндегі халықаралық форум өтуде
14.10.2013 1866
лматыда Жібек жолын зерттеу саласындағы көрнекті халықаралық және отандық сарапшыларды біріктіретін Ұлы Жібек жолы жөніндегі 2 күндік халықаралық форум өтіп жатыр.

Бүгін Алматыда Жібек жолын зерттеу саласындағы көрнекті халықаралық және отандық сарапшыларды біріктіретін Ұлы Жібек жолы жөніндегі 2 күндік халықаралық форум өтіп жатыр.

 
Оның негізгі мақсаты Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы (2013-2022 жж.) шеңберінде халықаралық ғылыми-мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету үшін Жібек жолының жалпы мәдени мұрасын жаңғырту және оның әлеуетін қайта қарау болып табылады. Форум биыл ақпанда Қазақстанмен БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бүкіләлемдік мұра орталығының қарауына ұсынылған «Ұлы Жібек жолының ескерткіштері» аталымын ЮНЕСКО шеңберінде ілгерілетуге жәрдемдесетін болады. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының 2013-2017 жылдарға Бүкіләлемдік мұра комитетіне сайлану науқанының бір бөлігі болып табылады

«Бұл форуға 20-дан астам елдің сарапшылары қатысуда. «Жібек жолы мәдени мұрасын қайта ойлау», «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы: Жібек жолы және оның қазіргі мәдениетаралық сұхбат үшін әлеуеті» деген негізгі 2 тақырыппен өтетін бұл шарада 7 интерактивті панельдік пікірсайыстар оның түрлі қырлары талқыланады. Оның ішінде Жібек жолының материалдық және материалдық емес мәдени мұралары мәселелері де бар. Қазақстан, Қырғызстан және Қытай биыл ақпанда Жібек жолының Тянь-Шань дәлізін ЮНЕСКО Бүкіәлемдік мұра орталығына ұсынды», - дейді ЮНЕСКО мен ИСЕСКО (Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ислам ұйымы) істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әсел Өтегенова. Оның айтуынша, «Ұлы Жібек жолының ескерткіштері» аталымына Қазақстаннан 8 нысан ұсынылады. Жалпы Жібек жолын дамытудың көптеген салалар үшін маңызы зор. Ол ғылымға ғана емес экономика мен саясатқада өз әсерін тигізеді.

Бұл іс-шара барысында ЮНЕСКО шеңберінде әлемдегі Жібек жолы жөніндегі бірінші кешенді веб-порталдың ресми ашылуы өтеді. Оны жасауға Қазақстан 2012 жылы 100 000 АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлген болатын. Жобаның басты мақсаты Жібек жолы саласының мәдени диалог пен өзара іс-қимылдар тәжірибесі, Ұлы Жібек жолының (ҰЖЖ) жалпы мәдени-материалдық емес, әлемдік мәдени және құжаттық мұрасы, Орталық Азия мен тыс жерлердегі аймақтармен туристік аспектілерде және т.б. мәдени өзара іс-қимылдарда ҰЖЖ-ның рөлі сияқты әлемнің жетекші ғылыми-зерттеуші мекемелерінің материалдарының негізінде ашық онлайн деректер қорын құру болып табылады. Вебсайттың үлгісі ағылшын, орыс, француз және қытай тілдерінде мына мекенжайда қолжетімді болады: http://en.unesco.org/.

Дерек көз: inform.kz