Тоқаевтың кітаптарындағы тарих нұры мен көлеңкесі
11.06.2020 2765
Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығармашылығымен мен алғаш рет студенттік шағымда таныстым. Бағасы 5 теңге 50 тиын тұратын жұқа ғана кітап бағасымен емес, «Как это было … Хроника волнений в Пекине» деген атауымен менің назарымды бұрған еді. 

1989 жылғы Пекиндегі оқиғалар бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Тяньаньмэнь алаңының аты жалпы атауға айналды. Кітаптың авторы Қ.К.Тоқаевтың кадрлық дипломат, КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде қызмет еткенін және сол оқиғалардың тікелей куәгері болғанын мен осылайша білдім. Қытай – Президент өмірбаянындағы ерекше парақ. Қытайға Қ.Тоқаев алғаш рет КСРО СІМ ММХҚИ (МГИМО МИД СССР) 5-ші курсында оқып жүргенде барады, ол кезде жас маманды КСРО-ның Қытайдағы Елшілігіне жартыжылдық дипломалды машықтамасынан өтуге жіберген болатын. Оқуын бітіргеннен кейін 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрады, 1983 жылы Қытайға Пекин лингвистика институтына 10 айлық тәжірибеден өтуге жіберіледі. 1985 жылы Пекиндегі кеңес елшілігіне жолданады, бұл жерде 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет етеді. 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында болған студенттер толқуы оған үлкен әсер етіп, бұл туралы оқырмандарға баяндаудап беруді өзінің парызы санайды. Қытайдағы демократиялық өзгерістер үшін болған қытай студенттерінің толқуы 1989 жылғы 15-18 мамырда КСРО Президенті М.С.Горбачевтің Қытайға жасаған ресми сапары кезінде болғанын айта кеткен жөн. Ал қайта құру жылдары КСРО-да болып жатқан өзгерістер қытай студенттерін батыл әрекет етуге одан сайын қамшылай түсті. Қытай коммунистік партиясы басшылығы мәселені бейюіт диалогпен шешуге бірнеше рет тырысып бақты, алайда бұдан еш нәтиже шықпады. Созылып кеткен саяси дағдарыс 3 маусымда қалаға әскер бөлімдерін енгізумен шешілді. Кітаптың соңында автор манифестті күш қолдану тәсілдерімен басу заңды болды ма деген сұрақ қояды. Дэн Сяопиннің қатаң шаралар қолданғанына кейіннен өкінгені белгілі. АҚШ қытай басшылығына 1989 жылғы жазда болған драманы ара-тұра естеріне салып қойып, ұзақ жылдар бойы Қытайдағы адам құқығы мәселелерінде ымырасыз позиция ұстанып отыр.


Қ.К.Тоқаевтың келесі «Тәуелсіздік туы астында» («Под стягом независимости: очерки о внешней политике Казахстана») (1997) және «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» («Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации») (1998) кітаптары Қазақстанның егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренаға шыққан сәтінің бастапқы кезеңін қамтиды. Автор экономика мен саясаттың жаһандану мәселелерін көтеріп, Қазақстанның сыртқы саясатының экономикалық факторларына ерекше көңіл бөледі. «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» («Дипломатия Республики Казахстан») (2001) кітабында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының онжылдық тарихына жан-жақты талдау жасайды. Автор Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саяси қызметімен байланысты оқиғаларды, қазіргі әлемдегі жетекші державалардың мемлекеттік қайраткерлерімен келіссөздер қалай жүргізілгенін егжей-тегжейлі сипаттайды. Көп ұзамай Пекинде «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігінің баспасынан «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» кітабы қытай тілінде басылып шықты. Кітаптың тұсаукесері 2001 жылғы 19 қазанда Пекинде өтті. 2003 жылы жарық көрген «Беласу» атты бесінші кітапқа ерекше тоқталып өткен жөн. Мемлекеттік хатшы – ҚР Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу» кітабының тұсаукесері 2003 жылғы 7 наурызда Алматыда өтті. Кітап геосаясаттың күрделі механизмдерін аша түседі, көптеген қызықты фактологиялық материалдардан тұрады. Кітап құрылымы жағынан үш негізгі бөлімнен тұрады. Кітаптың бірінші бөлімінде КСРО СІМ-де қызмет еткен кезіндегі дипломаттың қалыптасуын сипаттайды. Қ.Тоқаевтың КСРО СІМ-гі жұмысының негізгі бағыты қытайтану болғандықтан, КСРО мен ҚХР арасындағы қарым-қатынас тарихы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Кітаптың «Қазақстандық сыртқы саясат: алғашқы тәжірибе және алғашқы сабақтар» деп аталатын екінші бөлімі жас республиканың дипломатиялық ведомствосының қалыптасуы, егеменді Қазақстанның халықаралық аренада жасаған алғашқы қадамдары туралы баяндайды. Бұл өте күрделі процесс болды. Бірінші кезекте жақын көршілермен және әлемдік жетекші державалармен қарым-қатынасты айқындап алу қажет болды. Ресей, Украина, Белоруссия, Орталық Азия және Кавказ мемлекеттерімен алғашқы құжаттар қысқа уақытта дайындалып, жылдам түзетулер енгізіліп, ресми кездесулер кезінде бірден қол қойылатын. Осындай жағдайларда Нұрсұлтан Назарбаев бірінші рет Еуразиялық одақ идеясын білдіріп, посткеңестік кеңістіктегі интеграцияның бастамашысы болды. ЕҚЫҰ аналогиясы бойынша Азияда қауіпсіздік жөніндегі ұйым құру идеясы ұсынылды, осылайша Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес пайда болды. Кітаптың қорытынды бөлімінде Қ.Тоқаев ғасырлар тоғысындағы қалыптасқан әлемдегі сол кездегі саяси жағдайға талдау жасайды. Жердегі бейбітшілікті қамтамасыз етудегі БҰҰ-ның қосқан үлесін атай келе, ол бұл ретте жаңадан қалыптасқан жағдайда БҰҰ жұмыстарын реформалау қажеттілігін басты мәселе деп атайды. Атап айтқанда, терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің жаңа үлгілерін іздеу қажет. Терроризмнің бастауы неде? Терроризм ХХ ғасырдың басында болғандай, кедейлердің байларға деген реакциясы емес. Бұл ұйымдардың көшбасшылары ауқатты адамдар, берекелі елдерде тұратыны және қаржылық ресурстарының жеткілікті екендігі белгілі. Өздерінің нақты мақсаттарын тасалап және оған жету үшін дінді пайдаланатын діни экстремизм басшыларын не итермелейді? Тоқаев айтқандай, кітап «терең дара сипатқа ие, өйткені, жеке адамның басынан өткеннің бәрі де ортақ тарихтың бөлшегіне айналады». 2007 жылдың соңында шыққан «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень») кітабы «Беласу» кітабының қисынды жалғасы болды, кітапта Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының қызметіне, Қазақстан Республикасының алыс және жақын шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастарының дамуына талдау жасауын жалғастырады. Тамаша жазушылық дарынға ие дипломат өзі тікелей қатысушысы болған сол кездегі саяси оқиғалар туралы тартымды әңгімелейді. Кітаптың атымен-ақ автор оқырманның назарын тартып тұр. Жарық пен көлеңке, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара қарама-қарсы бастаулар (инь мен ян) туралы идея ретінде Қытай философиясында қалыптасқан және қытай мәдениетінің қалыптасуына тікелей ықпал еткен. Біздің бүкіл өміріміз – бұл жарық пен көлеңке деп санайды автор. Олар бізбен үнемі ілесіп жүреді, жақсылықтың жанында әрқашан жамандық көрші тұрады. Дипломатиялық қызметте де бәрі бірдей үнемі тегіс болуы мүмкін емес, кейде қысым мен көну, демарш пен келіссөздер қиысуынан туатын ымыра да қажет. Бірінші бөлімі 2005 жылғы Президент сайлауына және Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсіміне арналған. 2005 жылғы көктем мен жазда қоғамда кезекті президент сайлауын өткізу мерзімі туралы дебаттар басталып кетті. Элетораттың бір бөлігі сайлаудың 2005 жылғы желтоқсанда өткізілуін құптаса, екінші бөлігі – сайлаудың 2006 жылғы желтоқсанда өткізілуін құптады. Қазақстан Конституциясына сәйкес, кезекті президент сайлауы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өтуі керек. Республиканың Конституциялық кеңесі сайлаудың 2005 жылғы желтоқсанда өтуіне қаулы етті. Сайлау 4 желтоқсанға белгіленді. 18 адамнан үміткер ретінде тек бесеуі ғана тіркелді, қалғандары өзін қолдауға қол жинай алмады. Нұрсұлтан Назарбаев елдің 16 аймағының 12-сінен сайлаушылардың 90% астам дауысына ие болып, ел Президенті болды. Бұл оқиға Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатының қаншалықты күрделі иіріліп жатқанын тағы бір рет көрсетеді. Екінші бөлім қазіргі замандағы жетекші саясаткерлерге – БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанға, ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминге және Ресей Президенті Борис Ельцинге арналған. Осылар және басқа да көптеген тұлғалар кейде мүлдем күтпеген қырынан көрінеді. Мысалы, ҚХР Төрағасы Цзян Цзэмин Тоқаевтың «Нұр мен көлеңке» кітабының беттерінен тек дана саясаткер ретінде ғана емес, сонымен қатар нәзік жанды мысқылшыл адам ретінде де көрінеді. Цзян Цзэминь Тоқаевтың әдеби қытай тілін білуін өте жоғары бағалағанын айта кеткен жөн. Борис Ельцинге автор «тынышсыз және үйірімпаз» («мятежный и харизматичный») деп дәл сипаттама береді, бұдан асырып айту мүмкін емес. Әлем Ельцинді болжап болмайтын және бірегей саясаткер ретінде біледі. Кітапта ол шаршаған және көңілсіз адам ретінде көрінеді. Кітаптың «Президенттік дипломатия» атты үшінші тарауы ҚР дипломатиялық қызметінің қалыптасуы мен дамуы мәселелеріне, Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа кіруіне және осы күрделі үдерістегі Елбасының рөліне арналған. Бастапқы кезеңде СІМ көптеген қиындықтармен ұшырасты. Біріншіден, кеңестік кезден мұраға қалған ядролық қару проблемасы. Екіншіден, мемлекеттік шекараны межелеу мәселесі. Төртінші тарауда автор оқырмандарды өзінің дипломатиялық қызметі барысында кездестірген саясаткерлермен таныстырады. Олардың образдары мен портреттерін дипломат өз сезімі мен түйсінуі арқылы жеткізген. Осындай тәсілдің арқасында саясаткерлер өздерінің газет беттеріндегі прототиптерінен біршама өзгешеленеді. Соңғы тарауда Тоқаевтың дипломатиялық мансабына кесімді қорытынды келтіріліп, халықаралық аренада Қазақстанның сыртқысаяси бейнесін қалыптастыру жолындағы жұмыстың қаншалықты қызу әрі ауыр жұмыс болғандығын тағы да баса айтады.

Қазіргі тарих, құқықтану, халықаралық қатынастар бойынша оқулықтардың жетіспей тұрған кезінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздіктің қалыптасуы кезеңіндегі дипломатиялық қызмет туралы талай оқулығы мен оқу құралы оқытушылар мен студенттердің қолдан түспейтін кітабына айналды. Солардың ішінде «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі» («Дипломатическая служба Республики Казахстан») кітабы. Кітапта Қазақстанның дипломатиялық қызметінің құқықтық, әлеуметтік-саяси және ұйымдастыру-кадрлық мәселелері, мемлекеттік органдар жүйесіндегі СІМ-нің рөлі мен орны, дипломатияның шарттық-құқықтық негіздері, консулдық қызметтің ерекшеліктері және СІМ-нің БАҚ-пен өзара әрекеттестігі кеңінен қамтылған.


«Слово об отце. Әке туралы толғаныс» кітабы дипломатиялық очерктер мен арнайы оқулықтардан елеулі ерекшеленеді. Бұл шығармасында Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы әңгімелейді. Көлемі шағын ғана кітап сталинизм кезеңінің қиыншылығынан өткен қарапайым қазақ отбасының тағдырын аша түседі. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында большевиктер партиясы бастаған сұрқия «ұжымдастыру саясатының» нәтижесінде алапат аштық басталды. Осы бір ауыр кезеңнен аман қалу үшін отбасы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына көшеді. 1933 жылы үш баланың анасы сал болып қалады. Қасым мен Кемелді милиция алып кетіп, балалар үйіне өткізеді. Пештің жанында ойнап жүрген кішкентай қызы жанып жатқан отқа құлап кетіп, қаза болады. Осы сұмдықты көріп, өзінің қауқарсыздығына налыған ана көп ұзамай көз жұмады. Бір күнде әйелінен, екі ұлынан және қызынан айырылған отағасы Тоқа үйінен біржола кетеді, содан қайтіп оны ешкім көрмейді. Қасым мен Кемел отбасындағы қайғыны кеш естиді. Біраз уақыттан кейін балаларды Шымкент қорғасын зауыты жанындағы жетім балаларға арналған интернатқа ауыстырады. Сол жерде мектеп бітіріп, кәмелеттік аттестат алады. 1939 жылы Қасымды кіші офицерлер курсына шақырады. 1941 жылы ол соғысқа аттанып, 1942 жылы 22 ақпанда шайқаста қаза табады. 1942 жылы майданға Кемел де аттанады. 226-шы атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болып қызмет етеді. 1942 жылғы қаңтарда аяғынан жараланып, ұзақ емделеді. Кемел ағасы Қасымның хаттары мен фотосуретін өмір бойы сақтап өтеді. Әкесі Қасым-Жомартқа ағасын түсінде жиі көретінін, оның бірдеңелерді айтатынын, өмірдің қиындығынан қорғағысы келгендей, кеңестер беретінін көп айтатын. Соғыстан кейін Кемел Тоқаев С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. «Қазақстан пионері», «Жас Ұлан», «Лениншіл жас» (Жас Алаш), «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газеттерінде қызмет етіп, милиция қызметкерлері мен қарсы барлау органдарының қызметтеріне арналған бірқатар кітаптар жазады. Ерекше сүйіспеншілікпен, шын көңілден жазылған кітап жанды тебірентпей қоймайды.

Президент кітаптарының ішінде шекаралас жатқан елдермен Қазақстанның мемлекеттік шекарасын белгілеу және орнату үдерісіне арналған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы шындық» кітабын, Қазақстанның сыртқы саясатының шығыс және батыс бағыттарына арналған «Сыртқы саясат векторлары» кітабын, ұлт көшбасшысы ретіндегі Н.Назарбаев тұлғасына арналған «Тарих жазған адам» кітабын, елдің халықаралық саясаты бағытына талдау жасалған «Дипломат очерктері» кітабын атап өткен жөн. Саяси «сюжеттердің» қанық бояуы арқылы Қазақстан тарихын, ҚР СІМ-нің ел имиджін қалай жасағанын көріп-білуге болады. Президент өзін аса байқампаз адам ретінде көрсетті, тіпті болар-болмас ұсақ-түйектің өзі де оның назарынан тыс қалмайды. Кітаптарда басқа шығармаларда кездеспейтін көптеген қызықты фактілер берілген, сол себепті де барлық ниет білдірушілерді Тоқаевтың әдеби қабілетін бағалауға шақырамын, өткен оқиғалар бүгін де өзектілігін жоғалтпайды.