Отбасы адам үшін бе әлде адам отбасы үшін бе?
12.09.2020 4199

Отбасы – ең алдымен баланың өмір туралы көзқарасы қалыптасатын алғашқы ортасы. «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз де осы мәнде айтылып отырғандай. Отбасы институтының қоғамдағы ықпалы өте жоғары, әсіресе дәстүрлі қоғам үшін отбасылық тиымдар заңнан да құзыретті болатын тұстары бар. Отбасы күні қарсаңында жазушы, журналист Бекен Қайратұлы мен «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты кітап авторларының бірі, психолог Нұргүл Молдабайқызына отбасы құндылықтары төңірегінде үш сұрақ қойған едік. Екі спикердің де құнды пікірлерін бөліп-жармай толық ұсынып отырмыз.


Бекен Қайратұлы: Қоғамның да, мемлекеттің де тірегі – отбасы.

Сұрақ: Адамзат жаралғалы адам баласы неше түрлі қауымдастыққа бірікті. Соның ең баяндысы отбасы екен. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз де мемлекеттік бірліктің түп тамыры отбасында жатқанын аңғартса керек. Олай болса, әр елдің өзіне тән отбасы құндылықтары болуы да заңды. Біздің ұлт үшін ең басты отбасы құндылықтары қайсы? Кеңірек тоқталып кетсеңіз.

– Баяғыда жер-жаһанды билеген Шыңғыс қаған деген атаңыз: «Отбасын толық басқара алатын адамға мемлекетті басқартуға болады» деген екен. Демек, отбасын басқару дегеніміз – мемлекет ұстыны. Яғни, неміс оқымыстысы В.Гумбольд айтқандай, ұлттың өзіне тән әрқашан жойылып кетуден сақтап тұратын данышпан рухани ұстыны болады. Ол – отбасылық тәрбие. Бұрынғы қазақтар жігітті отбасы әулетін басқаруынан таныған.


Отбасылық тәрбие жайлы сөз болған тұста, ұлы Абай туған тобықты Құнанбай қажы әулетінің өнегесі жайлы айттар болсақ, Құнекеңнің шөбересі, Шәкәрім Құдайбердіұлының үлкен баласы Ахат қария 1967 жылы бастап жазып, 1982 жылы аяқтаған әулет тәрбиесі мен өнегесі жайлы естелігі бар. Бұл жазба 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11-ші санына «Менің әкем, халық ұлы - Шәкәрім» деген атпен жарияланды.

Осы естелікте Ахат ақсақал әкесінен естіп жазып алған атасы Құнанбайдың: «Абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім... Өзіме елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!» деген өсиетін келтіреді. Нақтырақ айтқанда бұл өсиеті Құнекең немересі Шәкәрімге айтқан.

Сол сияқты, жоғарыдағы естелікте Шәкәрімнің Абай ағасынан үйренген өнегесі жайлы да айтылыпты. Онда: «Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: адам елге, не біреуге пайдасын тигізуі керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін. Онан соң, қатты тапсыратын нәрсесі – адалдық! Адал болыңдар, адалдың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтаныңдар, ала көрмеңдер...» дегені жайлы айтылыпты.

Сұрақ. Бүгінгі қоғам, бүгінгі өмір тұрғысынан отбасы құндылықтары ауысуы керек пе? Нені мұра етіп алып қаламыз? Неден құтылуымыз керек?

– Қоғамның да, мемлекеттің де  басты тірегі – отбасы.  Берекелі-өнегелі отбасын құру отағасы мен отананың қолындағы шаруа. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бүтін болуы керек. Яғни, екеуі де иманды, парасатты, отбасылық өмірді мемлекеттің негізі деп қарайтын, ісіне адал, күнделікті тірлігіне харам дүние қолданбайтын, көршінің хақысына ұқыпты, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне бауырмал, жәрдемшілігімен ерекшеленуі керек. Осындай толыққанды тұлғалық қасиетке ие емес адамдар толық отбасын құра алмайды. Жартыкеш отбасын құрады, жартыкеш ұрпақ тәрбиелейді.

Жартыкеш отбасынан жартыкеш тәрбие алған бала Абай атамыз айтқандай, «не өзі адам боп жарытпайды, не ата-анаға жақсылық көрсетпейді…». Тереңдеп айтсақ: тәрбиесіз өскен бала, көршінің баласын бүлдіреді, ол екінші көршінің баласын бүлдіреді, сөйтіп, бір ақымақтың кесірінен күллі ауыл-аймақ бүлінеді. Осындай жамандықтан аталарымыз қатты сақтанған. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өсе, қызы жақсымен көрші бол» деп бекер айтпаған. Осы сөздің өзі-ақ мемлекет ұстынының өзегі. Тәрбиесіз, нашар, баланы көрген жұрт өз балаларына «анаған ермеңдер» деп қатаң ескерткен.

Қазақ халқының ХХІ ғасырға дейін аман-есен жетуі – байырғы берік отбасылық тәрбиенің әсері. Түрік педогогы Мұстафа Ергаш өзінің бір еңбегінде: «Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су пайда болады. Су – өмірдің нәрі, ол лайланса, тіршілік те лайланады. Оттегі мен сутегі ажыраса одан пайда болған газ жанып кетеді. Күлі де қалмайды. Сол сияқты, отбасы ажыраса түкте қалайды» депті.

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, отбасылық тәрбиені оңдағысы келген адам жоғарыдағы пайымды оқысын. Осы пайымға қарсы дүниенің бәрінен құтылу құба-құп.

Сұрақ: Өз отбасыңыз туралы тоқтала кетсеңіз. Бала кезде кімді үлгі тұттыңыз? Отбасында қандай тәрбиені негізге аласыз?

– Қазақта: «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген мақал бар. Демек, балаңызға қандай тәрбие бересіз, өскенде соның жемісін жейсіз. Ислам шариғатында, өзі жамандыққа үйір адам, баласына «жат қылық істеме» деп айтқанымен пайда жоқ. Себебі, ол – жалғаншыл, өтірікші пенде санатында. Мысалы, өзі арақ ішеді, бірақ баласына «арақ ішпе» деп айтқан адамның сөзі қабыл емес.

Ерте заманда халқымыздың мазхаб атасы Әбу Ханифаға бір әйел келіп: «Ұстаз, мына балам балды көп жейді, содан бет-аузы ісініп кетті дұға оқып, дем салып беріңізші» дейді. Ғұлама ұстаз: «Бұл қолдан келетін шаруа екен, 40 күннен кейін алып кел баланы» деп оны қайтарады. Арада 40 күн өткен соң әйел баласын алып келеді. Әбу Ханифа жарықтық баланың басынан сипап тұрып: «Бал жеме, жарай ма?» дейді. Бар болғаны осы. Бала сол сәттен бастап, бал жемейді. Әйел ойлайды: баламның басынан бір сипау үшін 40 күн күттіргені несі.

Содан бір күні әйел Әбу Ханифаға жолығып көкейдегі сұрағын қояды: «Балама бір сәтте дем салдыңыз, не себепті 40 күн күттірдіңіз?». Ұстаз айтыпты: «Өзім де балды жақсы көруші едім, сол себепті 40 күн бал жемей ораза ұстап барып, балаңа дем салдым. Әйтпегенде, өзім бал жеп жүріп, балаға «бал жеме» десем дұға қабыл болмас еді».

Өзің арақ ішесің, өтірік айтасың... содан кейін «балам ақылымды алмайды, айтқан сөзіме көнбейді» налисың. Көрдіңіз бе, қазақтың «күнә – иесін қорлайды» дегені осы.

Менің отбасы тәрбиесіндегі ұстанымым осы.

Нұргүл Молдабайқызы: Отбасы адам үшін бе әлде адам отбасы үшін бе?



– Мен сіздің үш сұрағыңызға ортақ бір жауап бергім келеді. Және өз отбасым туралы айтып отырғаннан көрі өз пікірімді ғана айтқанды жөн көрдім.

Адамзат дамуының ежелден келе жатқан ерекшеліктерінің бірі – олардың топтасып өмір сүруі, сол арқылы дамуы. Жалпы алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, қазіргі кезге дейін адам баласының сақталуының өзі сол топ болып өмір сүрудің нәтижесі десек артық айтқандық емес. Сондықтан, қуаныш пен қайғы, маңызды әрекеттер, құбылыстар жалғыздың әрекеті арқылы емес, топ арқылы тарқатылып, шешіліп, топ арқылы тойланады, мәресіне жетеді. «Бөлінгенді бөрі жейді», «жалғыздың үні шықпас» – қазақ халқының басты ұстанымдары. Бірігіп өмір сүру – қазақ қоғамына тән дүние. Десек те қазақ үшін топтасып өмір сүру – адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрал ғана емес.

Құндылықтары мен ниеттері, мақсаттары бір адамдар топ құруға бейім. Белгілі бір құндылықтың төңірегінде топтасып өмір сүру адам үшін нығмет. Бұндай құндылықтарын біріктіріп, топ, ру, ауыл, әулет, ағайын болып өмір сүру – қазақтың табиғатын мойындап, бірін-бірі сыйлағанын көрсетеді. Оған қоса, жалғыз ойнаған баланы көрдіңіз бе қазақтан? Жоқ, ұлт келбетін және құндылықтарын анықтайтын ұлттық ойындардың барлығы дерлік топтық қағидаларға негізделуі – халқымыздың жастарды ортақ құндылықтарға баулығандығының айғағы. Топтасып ойнайтын ойындарда жастар ортақ құндылықтардан өзге, қарым-қатынастарын түзеп, уақытты көңілді, мағыналы, мазмұнды өткізуге тырысқан. Мысалы, ақсүйек, алтыбақан, асық, бестас, т.б.

Сондықтан, қазақтың құндылықтары мәселесі – тек «түтін» деп қана есептелетін бір отбасының ғана деңгейіндегі анықталатын дүние емес, иісі қазақтың деңгейінде анықталатын мәселе.

Ал қазақ үшін отбасы – ең басты құндылық болды ма? Қазақтың «Отбасы – ошақ қасы» деуінің астарында не жатыр? Отбасылық мәселелерді «күйбең тіршілік» деп бір ауыз сөзбен қысқа қайырғанның астарынан отбасы құндылығын аңғарамыз ба? Қазақ адамды отбасыға жығып берген бе, әлде отбасы – қазақтың Адамы үшін пайда болған институттардың бірі ме? Мұндай риторикалық сұрақтарды тізілте беруімізге болады.

Бұл туралы салт-дәстүр не дейді екен?

Бойға бала бітті, қазақ құрсақ тойын жасайды. «Бала белден пайда болады» деп, жеті атаға дейінгі қан тазалығын сақтайды. Бала аяққа тұрғанда тәнін арқанмен матауға жығып беріп, тыпырлаттырып, еркіндік пен өз аяғына тұруды, аяғына сүйену мен бұғауға бас имеуді бесіктен белі шыға сала тұсау кесу арқылы түйсігіне құяды. Ер балаға бәсірені беріп, түзді биле десе, қыз балаға «оң жақты» береді, табиғатын ескерген. Кәмелетке толғанша, «қозы жас» деп бар ауыртпашылықты артпай қолқанат еткен қазақ, кәмелетке толған соң, «қой жасын» тойлаған. Бұл – ұл мен қызды отбасы болуға дайындаудан гөрі, әр жыныстының өз табиғи мүмкіндіктерін ескерумен қатар, оны ашуға шақыру деп қабылдаған жөн. Ұлға жердің, малдың, түздің иесі деп тәлім беру мен нәзік жандыға ақ босағасына етін үйрету.

Қыз баланы қазақ отбасы құратын ғана құрал деп қараған деу – асыра сілтеушілік. Қазақтың тойы көп дейміз. Атастырады, сырға салады, ұрын келеді, құдалыққа келеді – бұның бәрі еріккеннің тірлігі ме? Жоқ, қазақ үшін «үйлену оңай, үй болу қиын» екендігін бесенеден белгілі болғандығы. Осы салт пен жоралғыларды жасап жүргенде уақыт өтеді, қыз тұрмысқа шығуға бойы үйренеді. Ұзату тойы таянғанда, бұл тойға кім шақырған деп ойлайсыз? Әрине, құрбыларын ерткен қыз өзінің бүкіл тума, туыстарын аралап, қош айтысатынымен қош айтысып, батасын алып дүйім жұрттың, ұзату тойына өзі хабар берген екен. Бұл психологиялық тұрғыдан, қыздың ұзатылуға толық дайындығы мен мойынұсынуынан хабардар етеді.

Бұдан бөлек, кеңестің бұрмалап жіберген, ал бұрын қалыңдық пен күйеу жігіттің айтысы – жар-жарын қосыңыз, ол арқылы үйдің ішінде отырып алып қыз бар назы мен айрылып жатқан дүниесінен үйдің сыртында тұрған күйеу жігітке айтқан екен, ал күйеу жігіт қалыңдықты жұбатып, бақытты етуге серт берген, қалыңдық отырған үйдігін түндігін сыпырып, қызды жарыққа шығарған Бұдан қала берді, қыз сыңсыған.

Сезім, махаббат пен эмоцияның «ошағы» болып саналатын төс екендігін Вильгелм Райх 1930 жылдардың ортасында ашты, ал осы «ошақты» күйеу жігітке беріп, отын түтетуге ықпал еткен қазақ тек күйбең тіршілікті ойлаған жоқ, сірә. Екеудің сезімдері бір-біріне ашылып, махаббаттары оянсын деп сенген болар.

Бойға бала біткенде құрсақ тойы жасалып, адамды күткенін той еткенін айттық. Шілдехана, қырқынан шығару, бесікке салу сияқты тойлардың барлығы формальді дүние емес, шыр етіп осы дүние есігін ашқан үшін қуаныштың, сол арқылы, адамның өз құндылығын құрсағынан сезінуге ықпал еткенін көреміз. «Қуырмаш» ойнаған қазақ баласы ересек адамның өзінің көңілін аулауды өз міндетін санағандығын көріп өскен.

Алты-жеті жасқа дейін баланы емізу, оған нәр аздық еткенде ауыздандыру, бауырынан табақ өткізу – баланы жанарының ағы мен қарасындай қараудың маңыздылығын түсінгендігін көрсетеді. Бесіктен белі шықпай жатып, бұл сый-құрметке ие хандай басына көтерілген бала – Алтай мен Атырау, Керекуден Түркістан аралығына өзін ең лайық ие ретінде сезінуі – заңды құбылыс.

Сондықтан қазақ отбасы ошақ қасының құндылығын ойлаумен шектелмеген деген тұжырымға келуге болады. Отбасы – адам мен адамдықты, қарым-қатынас пен жылылықты, мәнді, мағыналы өмір сүруді, еркіндік пен жанашырлықты, адамның өз табиғатына сай өмір сүруі мен мойындауы сияқты құндылықтарды еселейтін құралдың бірі деп айтуға болады. Адам отбасыға жығылмаған, отбасы – адам үшін. Бұл дегеніңіз отбасы мәселелері мен шиеленістерімен қазақтың айналысқанына гөрі, олардың алдын ала отырып адамдық пен тазалықты, қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысқандығын көрсетеді. Қазақтың ері отбасын ғана сақтауға емес, отаны мен жерін, елін қорғау, ұрпақтары алдындағы жауапкершілік тәрізді аса жоғары құндылықтарға назар аударуды қанына сіңіріп өссе, қазақ қызы – өмірді жалғастырушы, әлемді әлдилеген сабақтастырушы ретінде өзін таныған. Бұл – қазақтың табиғатпен етене байланыса, қоян-қолтық араласа өмір сүргенінің салдары болса керек-ті.

Кеңестік кезеңде өзіміздің төл дүниелер жоққа айналып, отбасы әр адамның бір қорғанышы мен қалқанына айналған сияқты. Отбасысы бар – үлгі мен тұлғаның бір жағымды келбетін көрсеткен міндетті атрибуттарының бірі болғаны қазіргі қазақтың жылдар бойы қанына сіңіп кеткен деп айтса, артық болмас. «Еркіндік пен ерлік қанында бар қазақ азаматы төрт қабырғаға қамалған кезде көк бөрілігі тағылыққа айналмады ма екен, осы» деген сұрақ қазіргі кезде жиі естілетін зорлық-зомбылық туралы хабарлармен кездескенде ойға еріксіз оралады.

Қазіргі психологтарға келетін отбасылық шиеленістер мен мәселелер қазақтың өз табиғатынан алыстауының салдары болуы да әбден мүмкін. Сондықтан, қазақтың бір тірегі отбасы құндылықтарын айтқанда, аспандағы айды алып келудің қажеті жоқ болар.

Адам психологиясының негізі саналатын құндылықтар қазақтың салт-дәстүрінде, қазақтың бала тәрбиесінде, ұлттық ойыны мен ырым-тыйымында тұр. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді сақтайық деп міндетсінбей-ақ қояйық. Керісінше, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар – қазір, әлемдік бәсекелестік пен жаһандану заманында әр қазақтың адам ретінде сақталуын, өркендеуі мен көркеюін қамтамасыз ететін бірден бір құрал. Яғни, ата-бабамыздан сақталған салт-дәстүрде адамның адамшылығын арттыратын күш пен ресурс жатыр. Қазақты аман алып қалатын осы салт-дәстүр.