Сәнбей тарихы назардан тыс қалуда
11.08.2021 1585

Көне тарихқа бойлағанда ұлы Ғұн империясынан кейін тарих сахнасына келген сәнбейлер туралы төл тарихымызда көп айтыла бермейді. Ұзақ ғасырларға созылған ұлы даладағы тайпалық одақтар мен ұлыстар тарихында өзінің орынын ойып тұрып алатын ұлы мемлекеттердің бірін құрған да осы сәнбейлер болатын. «Сәнбейлер – тұтас көшпенді-әскери халықтар тарихынан ойып орын алған байырғы халық, олар ғұндардан кейінгі көшпенділер империясын құрды. Империя территориясы 5 млн шаршы километрден асатын, батысы Балқаш көлі мен Ыстықкөлден тартып, шығыста Жапон теңізіне тірелетін. Нәсілдік тұрғыдан моңғолоид болған, олар қазақ халқының арғы бабаларының ең мол шоғыры! Қазақтың ең негізгі ата-бабалары саналады», – дейді әуесқой тарихшы Ерзат Меллат. Бұл сұхбатымызда ғұндардан кейін ұлы даланы билеген сәнбейлердің билікке келуі, ішкі құрылымы, тілі, салт-дәстүрлері туралы сөз етеміз.


– Хош көрдік, Ерзат. Сәнбейлер деген кімдер? Олар тарихқа қалай келді? Сөз басын осыдан бастасақ...

– Сәнбейлер – тұтас көшпенді-әскери халықтар тарихынан ойып орын алған байырғы халық, олар ғұндардан кейінгі көшпенділер империясын құрды. Империя территориясы 5 млн шаршы километрден асатын, батысы Балқаш көлі мен Ыстықкөлден тартып, шығыста Жапон теңізіне тірелетін. Нәсілдік тұрғыдан моңғолоид болған, олар қазақ халқының арғы бабаларының ең мол шоғыры! Қазақтың ең негізгі ата-бабалары саналады. Өкінішке қарай олар туралы қазақ тарихына қатысты деректерде ештеңе қарастырылмаған да, ойластырылмаған, олар генетикалық тұрғыдан да, салт-сана мәдениеті тұрғысынан да Қазақтарға өте жақын болғанын ешкім ескергісі келмейді. Кейінгі Қазақтың денін құраған Қидан, Моңғол (қоңырат, дулат, үйсін, шанышқылы, суан, байұлы, алшын т.б), керей, найман, жалайыр қатарлы ру-тайпаларының тегі көбінде осы сәнбейлерге келіп тіреледі. Ол ғана емес, олардың бір тобы Қытайды тұтастай жаулап алып, 16 рет патшалық құрды, ең әйгілілерінен Солтүстік Уей, Таң империясын айтуға болады.

Сәнбейлердің ақсүйектері 150 жылдардағы Таңшықайдан тартып 1227 жылдарға дейін билік ұстады, соңы таңғыттың, Шыңғысханның қолынан құрдымға кетуімен аяқталды. Тарихта тұңғыш рет «қаған» атауымен қағанат құрды, кейінгі көктүріктер мен моңғолдар солардың ел билеу дағдысын жалғасты қолданды.

– Сонда қазіргі қазақ және басқа да түрік халықтарымен қоса монғол тарихына да тікелей қатысы болғаны ғой?

– Дәл солай. Сәнбейлер туралы деректер Сы Мацяннің «Тарихи жазбалар» атты әйгілі еңбегінде кездеседі: «Модұннің таққа отырған кезеңі Дұңхулардың күшейіп есіріп тұрған кезеңі еді, оны естіген шығыс хулар (东胡, Дұңху) oның сәйгүлігін сұратып елші жіберді, уәзірлері «Қасиетті хан тұлпарын беруге болмайды» десті. Модұн: «Көрші ел ғой, көрші отырып оларға бір қылқұйрықты да қимаймыз ба?», – деді де тұлпарын бергізді. Келер жылы сол уақытта дұңхулар тағы елші жіберіп Модұннің ханымын сұратты. Қаны қайнаған уәзірлер: «Дұңхулар әлінен асқан екен, былтырғысы аз болғандай енді ханымға ауыз салмақ екен,  аттанып барып оларды талқандайық!», – деді, Модұн: «Көрші ел ғой, оларға бір шөпжелкені де қимасақ қайтып тату болып отырмақпыз?», – деді де ханымын беріп жіберді. Келер жылы Модұн бізден қорқады деп есірген Дұңхулар тағы елші жіберіп: «Ғұн мен біздің арамыздағы мың шақырымдық бос жатқан жерге ғұндар енді аяқ басушы болмасын, ол жерді біз аламыз деді!». Кей уәзірлер: «Онсыз да иен жатқан жер ғой, онан бізге келер-кетер ештеңе жоқ», – деді, қатты ашуланған Модұн: «Жер – елдігіміздің негізі, оны жауға қалай береміз?», – деді де, сол жерде-ақ жерді берейік дегендерді шауып өлтірді, жаудың елшісін де өлтірді де: «Кімде-кім жорықтан қалса басы кесіледі!», – деп бүкіл елге жарлық шашады, Ғұнның біткен еркегі соғысқа аттанып, күншығысқа бет түзеп дұңхуларды қапыда басты, бұған дейін Модұнды алымсынбаған Дұңху ханы еш әзірліксіз бейғам жатқан еді, қалың қолмен келген Модұн бірден жайпап күйрете жеңіп, ханын өлтірді, халқын тұтқындап құл қылды, малдарын олжалайды». Бұл – осыдан 2200 жыл бұрынғы тарихи оқиға. Ол кезде Қытай қорғанының терістігінде нүкүздер ең қуатты болып ғұндар оларға бағынышты болып тұрған, ал Ғұндардың шығысында Дұңхулар тұратын, Дұңху – қытайша «Шығыс Хулар» деген сөз, Ху жалпы қорған сыртындағы көшпенділердің ортақ атауы болған. Ғұндар көргеніміздей Дұңхудан да Нүкүзден де әлсіз еді, тәңірдің талдауы оларға түскендіктен, Модұндай хикімет көсем солардан шықты да өзінен күшті екі күшті көршісін жеңіп шықты, бірін батысқа Орта Азияға қуғындады, ал Дұңхуларды шауып, ханын өлтіріп, халқын өзіне қосып құл қылды. Ал осылардың тұтқынға түспей солтүстікке қашып кеткендері сәнбейлердің арғы бабалары саналады. «Сәнбейлер – Дұңхулардың бір тармағы, Сәнбей тауын мекендегендіктен солай аталды, салттары Ахуандармен бірдей».

Дұңхулардың  ғұндардың темір тегеурінінен ығысып, Хинган тауларының  солтүстік жоталарына барып бекінгендері екі елге айналады: Сәнбей тауын мекендегендері сәнбейлер деп аталады да, Ахуан тауын мекендегендері ахуандар деп аталады. Тарих доңғалағы үздіксіз алға жүре береді, айдарынан жел ескен аса құдіретті Ғұн империясы Сатеғо тәңірқұттан (біздің заманымыздан бұрынғы 102-99 жылдары) кейін әлсірей бастайды, осы тұста бұрын ғұндардың қолынан күйреген Дұңхудың екі тармағы Ахуандар мен Сәнбейлер күшейе бастайды. «Б.з.б. 72 жылы қыста Қағиянтек тәңірқұт 10 мың жасақпен Усүнді шауып, бірталай кәрі-құртаңды қолға түсіреді. Қайтарында бір күннің ішінде үш кездей жауған қардан адамдары мен малы қырылады, содан жасағының оннан бірі ғана аман оралады. ғұндардың қансыраған шағын қалт жібермей күткен Деңлеңдер ту сыртынан, Ахуандар шығыстан, Усүндер батыстан шабуылдайды. Үш ел Ғұндардың сан түмен адамын қырып, сан түмен жылқысы мен есепсіз қой, сиырын олжаға алады. Аштан өлгендерімен қоса есептегенде халқының оннан үш бөлегі, малының оннан бесі қырылады, ғұндар жұбына жеткен тұста бағынышты елдер жалт беріп бет-бетіне кетеді».

Б.з.б. 72 жылғы осынау алапат қырғын соғыста Қытайлардың Хань империясымен Іле мен Жетісудағы Усүн мемлекеті бірлесіп ғұндарға қарсы зор майдан ашады, екі жақтан жалпы 200 мыңнан аса атты әскер Ғұндарға шабуыл жасайды, ауыр шығынға ұшыраған ғұндарға табиғи апатпен қоса бұрын бағынышты болған Деңлең, Ахуан сияқты елдер келіп шабуыл жасайды, осыдан кейін Ғұндар әлсірей бастайды.

– Тарихта ғұндар құлдырай бастаған тұста сәнбейлер күшейе бастаған, солай емес пе? Яғни, әуелде ғұндарға бағынышты болған сәнбейлер кейін ғұн тағын тартып алып, өз билігін жүргізе бастады деуге болады ғой?

– Әлбетте. Ғұндарды Қытайдан жеңіліп бодандыққа түсті деп қарау қате көзқарас. Бұл процесті Ғұн елінің ішіндегі билік алмасуы, бүгінгі сөбен айтқанда оппозицияның билікке келуі деп қана қараған жөн. Оқиғаларды рет-ретімен баяндайық. «Ханнамада»: «Б.з.б. 59 жылы ахуандар Ғұнның шығыс қанатындағы Қағзақ ханына шабуыл жасап, көп адамды тұтқынға алды, бұған Оғиянтек тәңірқұттың зығырданы қайнайды», – дейді.

59 жылғы бұл оқиға кезінде Ғұнның Оғиянтек тәңірқұтпен оның інісі Оң Білге хан жауласып тұрған болатын, ғұнның көбі өзімен жауласқаннан кейін тәңірқұт өзіне қол салады. «Ғұндар бұрынғы белгілеме бойынша Ахуандарды салық төлеуге зорлады. Ғұн жұртының ер-әйелдерінен Ахуанға барып сауда жасамақшы болғандарды да елшінің тобында Ахуанға барды, Ахуандар салық төлеуден бас тартып: «Біз көктің ұлынан (Хань патшасы) Ғұндарға салық тапсырмайсыңдар» деген жарлық алдық» дейді, ғұн елшісі ашу шақырып, Ахуандардың атаманын байлап, басын төмен қаратып асып қояды... Атаманның туыстары да соның қысасына Ғұндардың елшісін қасындағы нөкерлерімен қоса өлтіріп малы мен әйелдерін талауға салды».

Бұл – эрамыздың екінші жылы болған оқиға. Ахуандар сәнбейлерден бұрынырақ күшейген болатын, сондықтын олармен бауырлас сәнбейлердің аты көп атала бермейді, екі елде ғұндарға салық төлеп тұрған, көшпенділерді бір-біріне айдап салу сынды әккі тәсілге көшкен Хань елі ғұндар мен оларға бодан болған өзге көшпенділер арасына от жағып отыратын. Осы оқиғадан кейін ғұндар ахуандарды шауып көп адамын шығынға ұшыратады, олар тұс-тұсқа жан сауғалайды, мыңның үстінде адамын ғұндар айдап кетеді. Бұдан бұл елдердің әліде болса ғұндардың шылауынан шыға алмай отырғанын байқауға болады. «...Хань Әндидің 3-жылы (эрамыздан бұрынғы 109 жылы) оңтүстік Ғұн тәңірқұты Дан бүлік шығарғанда Хань әнди Гің Күйді сәнбейлермен әр аймақтың қоруылдағы әскерлерін бастап, атты арбалылар санғұны Хы Шинмен тізе қоса Ғұндарға жорық жасауға жіберді. Олар бағынышты ел қалаларына ілінгенде тәңірқұт Өкен Нетүк ханды 3000 адаммен Хань қосынына қарсы салды, Гің Күй қосынның бір бөлімімен сол бүйірден, ал сәнбейлер оң бүйірден соққылап, ғұндарды ойсырата жеңді. Мыңнан аса адамын қырып, 6 күлік ханын өлтірді. Сәнбейлердің ат көлігі арық еді, олар қорғаннан шыға опасыздық істеп айдалаға қашты... Сол жылы сәнбейлер шапқыншылық жасап Юнжұңның бас уәлиі Дұң Жуанді өлтірді, ахуан қолбасшысы Шүй Чаңгоны Ма Чың қаласында қоршауға алды. Гің Күй Южоу аймақ төрешісі Паң Сәнмен бірге оларға көмекке барып, сәнбейлерді қуып тастап кері оралды».

Сәнбейлердің өз атында тарих бетіне түсе бастаған бұл заманда Хань империясы да әлсірей бастаған болатын. Сол тарихи орайлы сәтте сәнбейлер біртіндеп күшейе бастайды, олар үшін басты жау ғұндар еді, сондықтан да Ханьмен одақтасып ғұндарға қарсы соғыстарға бірге аттанады. «Сол тұста (эрамыздан бұрынғы 59 жылы) ғұндар, сәнбейлер және Қызылтау ахуандары – осы үш жақ бірігіп одақ құрды да, қорған ішіне талай рет кіріп мансаптыларды өлтірді... Жиян У-дың 25 жылы (эрамыздан бұрынғы 45 жылы) күзде он неше мың атты сәнбейлер Лияудұңға шабуыл жасады, Жай Рұң бірнеше мың шерікпен оларға тойтарыс соғыс жасады, ойсырай жеңілген жаулар жапырыла қашып, жартысы суға шөгіп тұншығып өлді. Жай Рұң қалған жауды өкшелей соққылап қорғаннан ары қуып тастады. Сонан кейін жүрегі шайлыққан сәнбейлер шекараға жуи алмады. Онан кейін Жәй Рұң елші жіберіп, мол тарту арқылы сәнбейлерді өзіне тартпақ болды... Жәй Рұң оларға: «Шынында еңбек сіңіргілеріңіз келсе, ғұндарға шабуылдап, олардың басын кесіп әкеліп, дәлел етіңіздер!», – деді. Сонан сәнбейлер Ғұнның Едетзе тайпасына шабуыл жасап, 2000-нан аса адамын қырғындап, кесілген бастарын әкеліп тапсырды... Былайғы жерде ғұндар әлсіреді, сәнбейлер мен ахуандар сарайға тарту әкеліп тұруға міндеттелді». Бұлар – эрамыздан бірінші ғасырындағы оқиғалар, ғұндар жаппай әлсіреп күйреуге беталған кезең, сондай-ақ Хань патшалығы да бұрынғысындай емес жаппай әлсірей бастады, Хань Уди кезіндегідей жүз мыңдаған қолмен солтүстіктегі көршілеріне шабуыл ұйымдастыра алмады, керісінше оларды бір-біріне айдап салып отырды. «Жаңхы 1-нші жылы (эрамыздың 87 жылы) солтүстік ғұндардан 100 мыңнан аса адам келіп тізе бүкті, Доу Шиян бой бермей солтүстік Ғұнның тізе бүккен ханы Ағдакенді тәңірқұт көтерді. Кейін Ағдакен Хань патшалығын сатып кетті. Эрамыздың 91 жылы солтүстік Ғұн тәңірқұты Гің Күйден жеңілді де, Усүн еліне қашып кетті. Сонан қорғанның терістігі қаңырап иен қалды, қалған-құтқан ғұндардың қайда кеткені беймәлім. Ахуандар мен сәнбейлер жуықта солтүстік Ғұн тәңірқұтын өлтірді...».

Бұл – эрамыздың 87 жылы солтүстік Ғұн тәңірқұтының өлтіріліп, ғұндарды сәнбейлер біржолата талқандауы туралы дерек.

Осыдан кейін ғұндардың көбі Орта Азияға ауды да, олардан қалған Моңғолияның Орхонға дейінгі жеріне сәнбейлер келіп ірге тепті. «Жаңхы 1-нші жылы (эрамыздың 87 жылы) Сәнбейлер солтүстік ғұндарды сол жағынан тап беріп, оларды ойсырата жеңді, Ұлу тәңірқұтты өлтіріп, оның бас терісін сылып алды. Сонан теріскейдегі ғұндар миша былығуда құтылан, дабе, қадасу сияқты 58 тайпадан 200 мың адам Юнжұң, У Юань, Шакбаң, Бейди аймақтарына келіп тізе бүкті. Теріскей ғұндар миша былығумен тынбай, шегіртке апаты, ауыр ашаршылыққа ұшырады... Солтүстік ғұндар оңтүстік ғұндар мен сәнбейлердің тегеурініне шыдай алмай әрі деңлеңдерден, сәнбейлерден ығысып, Орхон өзенінің батысына қарай көшіпті».

Бұл дерекке қарасақ, сәнбейлердің түмендеген атты жасаққа ие болғанын байқауға болады, бірақ көсемінің кім екені айтылмаған. Осыдан неше жүз жыл бұрын ғұндар нүкүздерді шауып оларды Орта Азияға қуғындаған еді, енді сол тарих қайталанып сәнбейлерден жеңіліп, неше жүз мыңдаған адам батысқа ауа көшеді, 100 мыңнан аса адам (әлде отбасы) сәнбейлерге бағынады, осыдан бастап сәнбейлер ғұндардың орнын иелеп келесі көшпенділер империясын құрады. «Юанчу 4-нші жылы (эрамыздың 117 жылы) Ғұн тәңірқұты Бөңғо сәнбейлерден ойсырай жеңілді де, оның торғайдай тозған қауымы солтүстік тайпаларға бағынды».

Бұл моңғол даласындағы ғұндардың соңғы бұлқынысы еді, осыдан соң Алтайдың шығыс бетіндегі көшпенділер тарихында ғұндар ғасыры аяқталады, мекенінде қалған ғұндар Сәнбей, Деңлең сияқты елдерге қосылады. Біразы оңтүстік ғұндарға қосылады, соның әсерінен олар 237 500 адамға жетіп, 50 170 жасаққа ие болады, ендігі жерде Сәнбейдің негізгі қарсыласына айналады, осы ғұндар 312 жылы Қытай астанасын басып алып, оны қиратып, жұртқа айналдырады. «Янши 1-нші жылы (158 жыл) оңтүстік ғұнның барша тайпасы көтеріліс жасап, ахуан, сәнбейлермен бірге шекарадағы 9 аймаққа басып кірді... Шипиң 1-нші жылы (172 жыл) Шердұқзұқ тәңірқұт таққа отырды. 177 жылы сардар Зән Мінмен бірге Ян Мін қамалынан шығып, сәнбейлердің атаманы Данзағұйға шабуылдаған еді, одан ойсырай жеңіліп қайтты... 195 жылы тәңірқұт Хадұзан таққа отырды, ол да талай дүркін сәнбейлердің шабуылына ұшырады».

Бұл тұста Хань патшалығы әлсірей бастаған заман болатын, оларға бағынышты болып Ордосты мекендеген оңтүстік ғұндар баянды қарсылық жасай алмады, сәнбейлердің жаппай күшеюіне тарихи орай келді. Сәнбейлер ендігі жерде құдды ғұндар сияқты Қытай жеріне басып кіріп тонаушылық жасай беретін болды.

– Жоғарыда атап өткен деректеріңде сәнбейлердің күшеюіне Хань елінің де ықпалы болғанын көреміз. Ал сәнбейлердің соған қарамай Хань империясын талап-тонауы – нені білдіреді?

– Бұл жерде кеңірек тоқтала кететін нәрселер бар. Бұл жазбаларда қытайлар тек өздеріне қатысты, яғни өзге елдердің өздерімен болған қарым-қатынастары туралы ғана жазады. Сондықтан ішкі жақта не болып жатқан, сәнбейлердің немесе ғұндардың өзге тайпалармен қандай қарым-қатынаста болғаны туралы мәлімет аз. Мына бір деректе былай дейді: «Гуаң у кезінде (эрамыздың 25 жылы) түстік-терістік ғұндар өзара қырқысып ғұндар шығындалып, керісінше сәнбейлер күшейе бастады. Жиан Удың отызыншы жылы (эрамыздың 54 жылы) 於仇贲 (Үй Шо Би) тайпаластарын бастап келіп ордаға тарту беріп, «Үй Шо Уй хан» деген мәртебе алды. Иұң Пиң Жұң, Ша Рұңдар Лияу Дұңға қорғаушы болып сәнбейлер арқылы опасыздық жасаған ахуанның Шин Жі Фан қатарлы адамдарын шаптырды, сонан сәнбейлер өздерін Дұңхуаң, Жю Чуаннан шығысқа қарайғы тайпалардың ағаманы ретінде қарады, Лиаудүңның шығысында сыйға ие болып Чиң, Шүй Кей адам арқылы ақшаға ие болып тұрды, 270 миллионға жетті. Хы Ди кезінде сәнбейдің аға тұтықтары Шияу Уй Гүй тайпаларын бастап ахуан Шиу Уй Рінге шабуылдап жазалап тұрды, оған «топ басы хан» лауазымы берілді. Ян Ди Дің Ян пиң жылы (эрамыздың 106 жылы) Сәнбей шығыс іргеге кіріп Үй Яңды қорғаған Жаң Шиянды өлтірді. Ән Ди кезінде (106-125 жылдыр) Сәнбей ақсақалы Ян Ли Ян қағанатымызға кіріп, Хань патшасынан «Сәнбей ханы» деген таңба алды, күймелі арбамен жүрді. Сонан кейін ахуан шияу уйына (лауазым аты) тәуелділігі тоқтатылды. Ху Тұң қаласына (хуларға тұтасатын қала деген мағынада) түстік-теріскей екі сардарлық құрылып, оған тайпалардан  жиырмасы қаратылады. Жоғарыдан, не төменнен болып ғұндарға, ахуандарға шабуыл жасайды. Ән Дидің соңғы кезінде (125 жылдардың алдында)  шегараға 20 мың атты, жаяу жасақтар жіберіліп шабуылдан сақтанады.  Кейін Сәнбейдің 8-9 мың атты әскері Дәй Жүн және Ма қаласын бұзып Чаң Шыны зияндайды, Хань жағы Лияудің генералы Дың Зүн, ортадан Ма Шүйды жіберіп қорғаннан шығып қуалап талқандайды».

Бұл деректерден Сәнбейлердің жаппай құдіреттенуге бет алғанын байқар едік. Таңшықайдан бұрынғы Үй Шо Уй, Ян Ли Ян қатарлы елбасылары болғанын біле аламыз. Бұл деректен тек олардың Қытаймен байланысты тұстары ғана айтылғандықтан олардың өзге жұрттармен және сахарадағы өзге тайпалармен байланысын, өз ішінде болып жатқан оқиғаларын да біле алмаймыз. Олар Қытай патшаларынан лауазым алғанымен үнемі әскер тартып келіп ғұндарша Қытай қалаларын тонап отырғаны айтылып отыр, бұл олардың тәуелсіз ел екендігінің айғағы саналады. «Сәнбейдің ақсақалы Ұлұн, тағы Жыған бастаған жеті мың адамы келіп бағынады, Ұлұнға «хан», Жығанға «қоу» (бес дәреженің екінші дәрежесі) деген мансап беріледі, силанады. Кері қайтқан соң Жыған бүлік шығарып ахуанның Шияу Үйін Ма қаласында қоршайды, Лияу генералы Гің Күй және Ю Жоу лашысы (мансап аты) келіп құтқарады. Жыған тіпті күшейіп садақшылары түмен адамға жетеді, көп рет шегараға кіріп У Юанды басып Ғұн тәңірқұтына шабуыл жасайды, сол жақ Аужен ханды өлтіреді. Шүндидің тұсында (125-144 жылдар аралығы) көп рет шегараға кіріп Дәй Жүнді шабады. Хань жағы Ли Яңды жіберіп ортаңғы тауда және шегарада әскер көбейтіліп, сақтықты күшейтеді, бес казармада садақ соғысы үйретіледі, оңтүстік тәңірқұт түмен әскерімен ханьдіктердің соққылауына көмектеседі. Кейін ахуан шияу үйі Гың Ие сәнбейлерге іргесінен келіп тиеді, басты адамандарын шауып өлтіреді, осылайша сәнбейдің 30 мың бұқарасы Лияудұңға келіп бағынады».

Бұл деректерден сәнбейлердің ғұндар көшерден бұрын саны оншалықты көп ел емес екенін көреміз, 10-20 мың әскер ғана шығара алған, бірақ өте күшті жауынгер ел болған. Ғұндардан қалған құтты қонысқа келіп, ірге тепкеннен кейін малы мен басы тең өсіп іргелі елге айнала бастайды. Десе де тұтас тайпалар бір ту астына әлі топталып, толыққанды құдіретті елге айнала қоймаған. Бұл олардың Таңшықайға дейінгі кезеңі.

– Құнды деректерге бай мағыналы әңгімең үшін рахмет!

(Жалғасы бар)