Жоралғылы жорық
16.02.2016 1468
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының бассүйегі көптеген зерттеушілерді алаңдатып келеді. Атақты тарихи тұлғаның басын іздеу жолында жазылған бұл жазбаның құны жыл өткен сайын арта түседі

Бiз Санкт-Петербург қаласына барғаннан қайтқанға дейiн Чунер Таксами мырза басшылық ететiн Антропология және этнография мұражайынан қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Ондағы қызметкерлер бiзге көп көмектестi, ақыл-кеңес берiп отырды. Бiз бұл жолы да талантты ғалым Валерия Прищепованың жәрдемiне жүгiндiк. Ол кiсiнiң ақылымен әрi бастауымен Ресей Ғылым академиясының Әдебиет институтына барып, атақты Б.Л. Модзалевскийдiң картотекасын қарадық. Воронцовтарға (бiрнешеу екен), Горчаков пен Госфордқа қатысты материалдардың тiзiмiн анықтадық. 

– Менiң ойымша, Воронцовтардың iшiндегi сiздерге керегi алғашында патша күзетiнiң бастығы, кейiннен император сарайының министрi болған Воронцов-Дашков болуға тиiс, – дедi Валерия Александровна. 

* * * 

Бiз осыдан бiр дерек табылып қалар ма деген оймен қайтадан Мемлекеттiк тарихи мұрағатқа барып, Николайдың кезiнде патша күзетiнiң бастығы, сәл кейiн император сарайының министрi болған генерал Илларион Иванұлы Воронцов-Дашковқа қатысты құжаттардың барлығын қарап шықтық. Жалпы Воронцов-Дашковтың жеке қоры осы мұрағатта екен, бiр емес, екi опись арналыпты: «Воронцов-Дашков. Ф. 919, оп-1, оп-2, 1821-1917 жылдардағы құжаттар». Бiз бұдан да «Предаписание за подписью султана Садық Кенесарина о сборе с каждого аула по барану. 1865 г.» деген құжаттан басқа Кенесары ханға қатысты ештеңе көре алмадық. 

* * * 

Сол күндердiң бiрiнде Валерия Прищепова бiздi Антропология және этнография мұражайының жеке кiтапханасына ертiп апарып, алтынмен апталып, күмiспен күптелген «Ханзаданың Шығысқа саяхаты» деп аталатын қалың-қалың үш томдық еңбектi көрсеттi. Бұл - император II Николайдың ханзада кезiнде, яғни 1890-1891 жылдары Шығысты, соның iшiнде қазақ даласын аралағандығы жөнiнде жазылған құнды еңбек. Авторы – саяхат кезiнде II Николайдың жанында болған князь Э.Э. Ухтольский. Н.Н. Каразин деген суретшiнiң қатысуымен Германияда басылып шыққан екен. Бұнда да халқымыздың сол кездегi тұрмыс-тiршiлiгi, II Николайдың қай жерлердi аралағандығы, оған қазақтардың қандай сыйлықтар сыйлағандығы, кiмнiң үйiне түстенгенi туралы көптеген қызықты мәлiметтер мен бағалы фотосуреттер бар. Мәселен, астыңғы жағына «Қазақ үй», «Бай қазақ үйiнiң iшкi көрiнiсi», «Қазақ», «Қазақ қызы», «Кедей қазақ», «Бақсының моласы», «Бай қазақтың сымбаты», «Тобыл қаласы», «Шыңғыс ханның тұқымы», «Қазақ әйелi» деп жазылған фотосуреттер ерекше көз тартады. 

II Николай бұл сапарында өзiне арнайы тiгiлiп, әсем жабдықталған киiз үйге түстенiптi. Үш томдық еңбекте осы киiз үйдiң де («Юрта Цесаревича») суретi бар. Сондай-ақ, болашақ император Шоқанның әкесi Шыңғыс сұлтанның да үйiнен дәм татып, күмiс ыдыспен қымыз iшiптi. Атақты бай Нұрмұхамед Сағанаевтың үйiнде қонақ болып, қазақтың ұлттық киiмдерiн тамашалапты. Бiр қызығы, шiкiрейген ханзада кедей қазақтың үйiмен де танысыпты. 

– Қонақтар арнайы жабдықталған ғылыми экспозицияны да көрген. Бiр киiз үйге Семей облыстық статистика комитетiнiң мұражайынан әкелiнген этнографиялық, тұрмыстық коллекциялар және мүйiзден жасалған бұйымдар, күмiспен әшекейленген терi және ағаш ыдыстар, музыкалық аспаптар, қазақ жiгiтiнiң белдiгi – «кiсе», қару-жарақтар, ұлттық киiм-кешектер жиналып қойылған екен, – дедi экспедицияның төртiншi мүшесiндей болып кеткен Валерия Александровна. – Сонымен бiрге онда археологиялық, зоологиялық және минералогиялық коллекциялар да болған. 

Ресейдiң болашақ қожайыны қазақ даласындағы саяхатының соңында iшiне өзiне деген сый-сияпаттар қойылған киiз үйге де кiрiп шығып, ризашылықпен аттаныпты. Қанша бай болса да, бар болса да, сый-сияпаттан кiм бас тарта қойсын?! 

* * * 

Бiз Нәйлә Бекмаханованың «Бiр мұражайдың немесе бiр мұрағаттың төңiрегiнде қалып қоймай, жан-жақты iздестiрiңдер. Кейде iздеген жоғыңның мүлде сен ойламаған жерден табыла кетуi ғажап емес!» деген сөзiн үнемi назарда ұстадық. Сондықтан соқыр үмiттiң жетегiнде жүрiп, Санкт-Петербург қаласындағы Артиллерия, Зоология, Әскери-медициналық және Мемлекеттiк Орыс мұражайларына да кiрiп шықтық. Өкiнiшке қарай, олардан да ешқандай iз кезiктiре алмадық. 

* * * 

«Жан-жақты iздестiру» мақсатымен Санкт-Петербург қаласындағы қандас ағайындарымызбен де тығыз байланыс орнатуға тырыстық. Ондағы ойымыз бауырларымыздың бірі болмаса бірі бiр дерек бiлiп қалар деген үміт едi. Ең алдымен Санкт-Петербургтегi қазақ қоғамының төрағасы Сәрсенғали Аққұлұлы Құспановпен хабарласып, жолығып, әңгiмелестiк. 

– Бұл оңай шаруа емес. Ауыр жүк, күрделi мәселе. Егер оңай шаруа болса, баяғыда-ақ бiр ұшығы шығар едi ғой. Бұны бұрын да iздестiрген, бiз де iздегенбiз, бiрақ ешқандай нәтиже шығара алмадық. Әрине, бұның қажеттi шаруа екенiн бiлемiз, түсiнемiз. Өйткенi Кенесары - қазақтың тәуелсiздiгi үшiн күрескен соңғы ханы. Кенесарының басын алу арқылы патша ағзам қазақтың тәуелсiздiгiнiң де басын алды ғой. Құдайдың мейiрiмi түсiп, қазiр қазақ елi тәуелсiздiгiн жариялады. Ендi осы алып империядан толық құтылу үшiн ұлттық көсемiмiз Кенесарының басын өзiмiзге қайтарып алуымыз керек. Бiле бiлсеңiздер, Кенесары ханның басы ұлттық тәуелсiздiгiмiздiң басы iспеттес қасиеттi нәрсе ғой. Ол үшiн, әрине, уақыт керек, төзiм керек, жүйелi жұмыс iстеу керек. Сонда ғана бiр нәтижеге жетесiздер! 

– Кенесарының бас сүйегi бiр кездерi Эрмитаждың көрме залында тұрған деседi. Сол сөз рас па?

– Оны дәл бiлмеймiн. Бiрақ, мiне, менiң Санкт-Петербургте тұрып келе жатқаныма отыз жылдан асып барады. Егер шынымен көрме залында тұрса, бiлетiн едiк қой. Кенесарының бас сүйегiнiң қай жерде тұрғанын тап басып айта алмасам да, iз осындағы Әскери-медициналық академияға баратын сияқты. Мен бұны жайдан-жай айтып тұрған жоқпын. Соған барып көрiңiздершi!.. 

* * * 

Бiз Санкт-Петербург қаласында тұратын тарихшы Ержан Сағынбекұлы, отыз үш жасар техника ғылымының докторы, Мемлекеттiк архитектура-құрылыс университетiнiң профессоры Тұрлыбек Мұсабаев, әншi Әлия Құсманова, суретшi Аманжол Мұсалиев, коммерсант Рүстем Байкенов және Гүлзакира Кеншiнбаева, Шолпан Шамова, Ардақ Дәрiбаева сияқты қандастарымызбен жақын танысып, өзiмiзше сыр суыртпақтадық. Олар да тiлектестiк бiлдiрiп, қолдарынан келген көмектерiн көрсеткендерiмен, Кенесары бабамызға қатысты ештеңе айта алмады. 

* * * 

Осынау iзгi жандардың көмектерi арқасында Ресей Қорғаныс министрлiгiнiң Әскери-медициналық академиясында үстеме бiлiм алып жатқан Қазақстан Қарулы Күштерiнiң офицерi, майор Қайырбек Дәкеновтi тауып алып, оның бастауымен аталмыш әскери оқу орнының қалыпты анатомия кафедрасына бардық. Кафедраның негiзi 1786 жылы қаланған екен. Бiзге керегi осы кафедраның құрамындағы Анатомия мұражайы болатын. Сұрастыра жүрiп, мұражай меңгерушiсi Марина Владимирқызы Твардовскаяны тауып алып, хат-құжаттарымызды көрсетiп, жайлап «тамырын» баса бастадық. 

– Қазақстаннан келген зертеушiлермiз. Мұражайларыңызбен танысып, аз-маз зерттеу жұмыстарын жүргiзсек деп едiк. 

Кафедра бастығы рұқсат еттi: 

– Егер бастық рұқсат етсе, мұражаймен таныстыруға болады. Бірақ зерттеу жұмыстарын жүргiзулерiңiзге ешқандай мүмкiндiк жоқ. Бiрiншiден, бiз әскери мекемемiз, сондықтан Қазақстан Қорғаныс министрлiгiнен бiздiң академия бастығының атына арнайы ресми хат керек. Ал мынандай жалпылама хат бiзге жарамайды. Екiншiден, қыркүйекке дейiн академияда ешқандай жұмыс жүргiзуге рұхсат етiлмейдi. Барлық бөлменiң есiгi құлыптаулы, тарс жабылған. Мен де демалыстамын, қайта бүгiн бiр шаруамен келiп қалған едiм. Ертең Мәскеуге жол жүрiп барамын, сондықтан тездетiп мұражайды көрсетiп шығайын. Жүрiңiздер!.. 

Бiз Марина Владимирқызының соңынан ерiп, мұражайға кiрдiк. Кiрген бойда шкаф сөрелерiнде қаздай тiзулi тұрған бас сүйектерге көзiмiз түстi. Мұражай меңгерушiсi сампылдай сөйлеп, таныстырып жатыр:

– Бiздiң бұл анатомиялық перепараттар мұражайы 1789 жылы құрылған. Негiзiн профессор П.А. Загорский қалаған. Соғыс жағдайында қаза тапқан адамдардың алты мың бас сүйегi сақтаулы. Бәрiнiң жеке-жеке анықтама құжаттары бар. Мәселен, мыналар баскесер, шайқы, бүлiкшiлердiң бас сүйектерi, – дедi бiр қоңыр шкафтың жанына келгенде iшiнде тұрған бас сүйектердi көрсетiп. 

– Атақты Шәмiлдiң серiгi Қажымұраттың бас сүйегi осында сақталған дейдi ғой. 

– Дұрыс айтасыздар, осында сақталған. 

– Сiздерде қазақтардың бас сүйектерi бар ма? 

– Бар болғанда қандай! 

– Алты мың басқа арналған каталогтарыңыз бар шығар. 

– Бар, бiрақ бiр жүйеге түсiрiлмеген, толық тiзiмделмеген. Бұрын бұнда ешкiмдi кiргiзбейтiн. Тек былтырдан бастап есiгiмiз сәл ашыла бастады. 

– Каталогтарыңызды қарап шығуға бола ма?

– Дәл қазiр оған ешқандай мүмкiндiк жоқ. Оқу жылы басталғанда келiңiздер, тiзе қосып жұмыс iстеймiз. 

– Марина Владимировна, сiз өзiңiз бiлесiз, қайта-қайта келе беруге Алматы мен Петербургтiң арасы да жақын емес... Сондықтан бiзге екi-үш күн уақытыңызды бөлсеңiз, ақыңызды жемеймiз. 

– Мен сіздердi өте жақсы түсiнемiн. Бiрақ маған сенiңiздер, қазiр жұмыс iстеуге ешқандай мүмкiндiк жоқ! Оның үстiне, мiне билетiм, бiр тығыз шаруамен Мәскеуге кетiп барамын... 

– Онда кешiрiңiз, сiзден бiр нәрсе сұрауға бола ма? 

– Сұраңыз. 

– Сiздерде қазақ ханы Кенесары Қасымовтың бас сүйегi бар ма? 

– Шынымды айтсам, бiлмеймiн. «Бар, жоқ!» деп кесiп-пiшiп ештеңе айта алмаймын. Сiздер қыркүйек айында келсеңiздершi, тек Кенесары Қасымовтың бас сүйегi ғана емес, одан да басқа көптеген жаңалықтар ашасыздар. Өйткенi бұрын әскери мекеме болғандықтан бiзге ешкiмдi кiргiзбейтiн. Сондықтан тыңға түрен саласыздар. Және де бiр ескертерiм, бiздегi шашыраңқы құжаттардың барлығын қарап шығу үшiн кем дегенде бiр ай уақыт керек. Бiздiң өзiмiзде үш мұрағат бар. Соларды да қарап шығуға тура келедi. Сондықтан бұл жүрдiм-бардымға бiтетiн шаруа емес екенiн ескерулерiңiз керек. Кезiнде бiздiң кафедрада А.И. Таренецкий, В.Л. Грубер, В.И. Буяльский сияқты атақты антропологтар қызмет iстеген. Олардың да жеке қорларын қарап шығуларыңыз керек. Жалпы Кенесары Қасымов соғыс кезiнде қайтыс болған ба? 

– Солай десе де болады, – дедiк бiз. 

– Онда оның бас сүйегi бiзде болуы әбден мүмкiн. Өйткенi бiздiң академия бұрынғы Әскери, қазiргi Қорғаныс министрлiгiне қарайды. Бүлiкшiлердiң бас сүйектерi бiзге осы министрлiк арқылы түсiп отырған. Ал ендi кешiрiңiздер, мен жүрейiн. Әйтпесе сiздердiң менi босататын түрлерiңiз жоқ. Есен-аман болыңыздар! Қыркүйекте келiңiздер, көмектесемiз!.. Ол бiзбен жылы қоштасып, асыға басып кете барды. Бiз болсақ, өкiнiштiң ескексiз қайығына мiнiп қала бердiк. 

– Бiздiң ендi Санкт-Петербургте «барар жерiмiз, басар тауымыз» қалмады. Думан, сен барып, ертеңге билет алып кел, Мәскеуге қайтамыз. Үмiт оты сығырая түскенiмен, әлi өше қойған жоқ. Мәскеуде Кенесарыға қатысты құжаттар сақталуға тиiс екi мұрағат бар. Оның бiрi – Ресей Мемлекеттiк Әскери-тарихи мұрағаты, екiншiсi – Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң мұрағаты. Батыс Сiбiр генерал-губернаторы болған Горчаковтың жеке қоры осы Ресей империясының Iшкi саяси мұрағатында. Осы екi мұрағатты мұқият қарап шығуымыз керек. Сонымен бiрге Мәскеудегi Ленин атындағы Мемлекеттiк кiтапханаға барамыз, Құдай жолымызды оңғарса, II Николайдың бас сүйегiн тапқан антропологты тауып алып, ақыл-кеңес сұраймыз. Әйтеуiр еңселерiң түспесiн, бiрдеңесi болар, – дедi Тұрсын аға тағы да үлкендiгiн танытып. 

* * *

Бiз Санкт-Петербург қаласын арлы-берлi бiраз кездiк, шарладық. Талай нәрсенi көрiп, бiраз жайтқа қанықтық. Қала ескiрiп, тоза бастапты. Бойынан нәр, жүзiнен әр кеткендей көрiндi маған. Орталықтағы үйлердiң денi – патша замандарындағы ескi үйлер. Сылақтары түскен, қабырғаларын шаң-тозаң қапқан. Қаланы қақ жарып өтетiн Нева өзенiнiң суына дейiн лайланып кеткен. Көшелерi лас. Тұрғындарының тұрмыс жағдайы нашарлау болғанымен, қайырымды һәм мейiрiмдi көрiндi. Жөн-жоба сұрасаң, бәлсiнбейдi, қолдарынан келгенше түсiндiрiп, бағыт-бағдар сiлтеп жiбередi. Әйтеуiр бiр тектiлiк, зиялылық басым. 

– Ақшаның бәрi Мәскеуде ғой, – дейдi екен питерлiк азаматтар. 

Расында да солай екен! Мәскеу шаһары ескi астана Петербургке қарағанда жайнап, жарқырап-ақ тұр. Неше түрлi биiк үйлер, зәулiм ғимараттар көз сүрiндiредi. Бәрi мұнтаздай тап-таза. 

– Мұның бәрi қала әкiмi Лужковтың арқасы ғой, – дейдi қала тұрғындары. 

Бiрақ Мәскеу ғалымдарының да шекесi шылқып тұрғаны шамалы. Болмашы айлықпен өлместiң күнiн көрiп жатқанға ұқсайды... 

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

(Жалғасы бар...)