Жүсіпбектің жанайқайы
05.01.2024 2403

Бұл – 1922 жылы 18 наурызда «Қазақ тілі» газетінің №22 санында «Ашыққан ел һәм Семей азаматтары» атпен жарияланған Жүсіпбек Аймауытұлының мақаласы.


Ғасыр бұрын жазылған дүние болғанымен, құны мен маңызын жояр емес. Мақаланы оқып отырсаңыз, Ж. Аймаутұлы, М. Дулатұлы, Ә. Бөкейхан бастаған алаштың кіл мықтыларының «ашаршылыққа ұшырап жатқан халықты қайтсек құтқарамыз», «халықты аман сақтап қалудың қандай жолдары бар», осы тығырқтан шығудың жоба- жоспарларын ұсынып әркет жасағаны баян етіледі.

Төте жазудан бүгінгі жазуға түсірген – Семейдегі №22 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ақжол Қадылбекұлы.

Ашыққан ел һәм Семей азаматтары

9-мартында Семейдегі қазақ азаматтарының жалпы жиналысы болды. Жиналыста болғандар: Х. Ғаббас, М. Дулатұлы, Қ. Сәтбаев, М. Тұрғанбайұлы, Нұралин, Д. Сәрсенов, Ғ. Асхақов, Д. Асхақов, Әйсенғұлов, Жиенғалиев, Ә. Бөкейхан, Мұздыбаев, Айтбаев, Оспанов, Ж. Аймауытұлы, Ш. Асымағұлов һәм басқалар.

Жиналыс бастығы Ж. Аймауытұлы, хатшы Д. Сәрсенов.

Қаралған мәселелер: 

1) Қазақ тілін мекемеде қолдану туралы жасалған жоба;

2) Ашыққан елдерге жәрдем беру шарасы;

Бірінші мәселе туралы Ж. Аймауытұлы мен М. Тұрғанбайұлы жолдастардың жасаған жобалары қаралып, жиылыс аз қосымшалармен қабыл алды.

Екінші мәселе туралы М. Дулатұлы жолдас баяндама қылды.

Қазақстанда Семей губерниясынан басқа губерниялар аштық құшағын кіргендігін, ашыққан елдің қайғылы хәлін, аштықтан құтқаруға үкімет жәрдем жібергендігін, қиындығын, ел қырылып жатқанда бір губерниядағы ашбен шұғылданып  отыру – жан ашымағандық, азамат борышын атқармағандық, тарих алдында үлкен қылмыс екендігін тағы басқа хәл- жайларды айтқаннан кейін М. Дулатұлы жолдастың ұсынған жобасы бір ауыздан қабыл етілді.

Ол жоба бұрын «Қазақ тілінің»  №165 санында айтылған болатын. Бұл жолы сол жобаны іске асыру үшін мынандай телеграмды Кіндікке беруге қаулы қылды:

Телеграмм

Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлер жиылысы Қазақстан Республикасындағы ашыққан елге жәрдем беру мәселесін қарастырғаннан кейін мынандай қорытындыға келді:

Қазақстаның кең даласында елі бытыранды, жері темір жолдан шалғай болғандықтан қазіргі үкіметтің аштар камитеті арқылы берген жәрдемі қазақ халқын аштықтан құтқаруға анағұрлым жетпейді, мүмкін емес. Сондықтан қазақ халқына жәрдем беру шарасы басқаша болуы керек. Қазақтың міндетті қызметкерлері билейтін айрықша жәрдем комитетін ашу, комитет мүшелері һәм тіленген қазақ азаматтары елге шығып, жұртты көмек беруге үндеп, барлық халықты осы жұмысқа кірістіру, өз еркімен беретін жәрдемін жиюу, жиналған нәрселерді ашыққан елдерге төтесінен жеткізу, аш халыққа керуен жасап, Түркістанның тоқ губернияларына, уездеріне көшіру.

Үстіміздегі жалпақ ел апатқа ұшырап, күйзеліп жатқан ауыр жылда еңбекшіл қазақ азаматтары атқа мінбей тік жатуды, әлеумет алдында, тарих алдында зор қылмыс деп біледі. Сондықтан Кіндік үкіметтің тізімінен рұқсатын өтінеді:

Семей губерниясында қазіргі аштар комитетінен басқа, ашыққан елге өз тұсынан айрықша жәрдем беретін айрықша қазақ комитетін жасауға;Ол комитеттің бас қылатын ауданы Семей, Ақмола һәм ашыққан губерниялар болуға;Жолда қызмет қылуға тілеген яки қазақ жиылысы керекті тапқан азаматтарға партия һәм совет қызметтерінен босатуға.

Кіндік бұл өтінішті жолды тауып, рұқсат бергеннен кейін қазақ жиылысы жұмыстың жол-жобасын(праграмма) һәм планын жасамақ.

 

Қазақ жиылысы атынан 

губерниялық  атқару комитетінің бастығы                                   Ә. Бөкейхан

 

15-мартта бұл телеграм губерниялық атқару комитеті арқылы төмендегі адрестерге жіберіледі:

Орынбор, Қазақстан кіндік атқару комитетіне;Қазақстан аштарға жәрдем беруші кіндік комитетке;Мәскеу, Россиялық кіндік атқару комитетіне;Россиялық аштарға жәрдем беруші кіндік комитеті.

«Қазақ тілі» газетінде аштарға жәрдем беру жолы бұрын да айтылған. Семей азаматтарға бұл жолға дайын болар деп үміт етілген. Міне, Семей азаматтары бұл жұмысқа шын кірісетіндіктерін білдірді. Тарих алдында азаматтық борышын мойыннан түсірді. Ендігі жұмыс кіндіктің рұқсатын байлаулы, кіндік рұқсат бермесе, тарих алдында біз жауапты емеспіз, кіндіктегі азаматтар жауапты.

Бұл – Семей азаматтарының қаулысы, бұл сықылды жұмысқа Ақмола азаматтары да, Түркістан жігіттеріде кіріссе жақсы болар еді. Оларда ойлану қажет шығар.

Бұл мақаланы барлық газеттер көшіріп басуын өтінеміз.

Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ, жас алаштанушы