«Алмас қылыш» кинодастанының 10 артықшылығы
11.01.2017 2420
«Қазақ елі» жобасының «Алмас қылыш» кинодастаны жарық көрісімен тамашалаған көрермен мақтау сөз бен сын пікірлерді қарша боратты. Елдік мүдде тұрғысынан киноның сәтті шыққан тұстары өте мол

1. «Қазақ елі» жобасының «Алмас қылыш» кинодастаны ұлттық тұлға деңгейіне көтерілген Керей мен Жәнібектің, Қазтуған мен Қобыландының, Бұрындық пен Қасымның көркем бейнелерін жастарға танытты.

2. Қазақ жастары көркемтуынды арқылы Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың соқталы бейнесін көріп, бір рухтанғандай әсерге бөленеді. Атақты Ақжол биді өлтіріп, қатты өкініш білдірген Қобыланды батырдың бұл бейнесі қазақтың рухани әлемінде жаңа қырынан ашылды. Жастар үшін кумир тұтатын тұлға. Бұрын көркем әдебиетте Қобыландыны мифтік қаһарман тұлға ретінде қарастырсақ, «Алмас қылыш» ұлттық қайраткерге айналдырды.

3. Кинодастанда Қарға бойлы Қазтуған жыраудың жырлары жыршы Бекболат Тілеуханның орындауында ұтымды берілген. Фильмнің шарықтау шегіндегі атамекенінен үдере көшкен қазақ руларының көңіл-күйін ұлттық жыр ерекше беріп тұр. Сондай-ақ Ноғай мен қазақтың бұрыннан іргесі көрші, туысқан ел екенін көрсеткен. Бұл – қазіргі ғаламтор бетіндегі Қазтуғанды қалмақ дегендерге жауап беретін үлкен соққы. Сондықтан да даңқты жыраудың фильмнің басты кейіпкерлерінің бірі болғаны құптарлық көрініс.

4. Қазақ тарихында ел қорғаған батыр, жаужүрек аруларымыз көп болған. Парсы патшасы Кирдің басын алған Тұмар ханша, жаужүрек қыздар Зарина мен Күнсұлу. Зарина патшалық құрған кезде қырық қыздан тұратын әскер жасақтаған. Ол қыздар ерлерше сауыт киіп, жауға аттанған. Солардың ізін жалғастырған қазақтың батыр қызы Жаһанбике бейнесі «Алмас қылышта» ерекше танылады. Фильм арқылы бүгінгі ару қыздарымыз Жаһанбикенің даңқын алысқа апаратыны анық. Сондай-ақ кинода қазақ қыздарының қару асынып, қалмақтарға соққы берудегі ерліктері сәтті кадр болды.

5. «Алмас қылыш» фильмінен кейін І. Есенберлиннің ұлы жазушы екенін халық білді. Трилогияның бір ғана романынан ұласпалы хикаяның неше атасын түсіруге болатынан анық көз жетеді. Ал енді оның «Жанталас», «Қаһар» деген арғы да бергі тарихты қозғайтын эпикалық туындысының таспаға тартылуы уақытты күтіп тұр.

6. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде рулық сана қатты белең алды. Жік-жікке бөлініп «қазақта найман көп...», «арғын көп...» «ұлы жүз біздер көппіз» дегендей құр мақтанға белең алғанда «Алмас қылыш» кинодастаны ру мен ұранды біріктіріп, бір тудың астында бірігуге үндеді. Ендігі ұран: «Алаш! Алаш! Алаш!» XX ғасыр басындағы Алаш зиялылары ұрандаған «Алаш!», Қазақ хандығының ордасы тігілгендегі ұран «Алаш!». Ендеше ұлттық ұран да «Алаш!» болуға тиіс.

7. Көркем туындыда Моғолстан мен Әбілқайыр хандықтарын мемлекетін дұрыс берген. Өйткені бұл хандықтың тақ мұрагері ұйғырлардан емес, шағатай ұрпақтарынан болды. Бұлар ұйғырлар емес, қазақтың ұлы жүз құрамынан ұйғырдың тараншыларынан, қашғар халықтарынан тұрды.

8. Еуропа киноларын көргенде ат сауытын киген сәйгүліктерді көретінбіз. Сөйтсек әлгі ат сауытының түрі – гректерше «катафракт». Қазақтар «берен кежім» деп атаған. Қазақ тұлпарының ат сауытын жаңғыртқан қазақ киносы осы деталімен де ерекшеленді. Көшпелі халықтарда 6-16 ғасырда қолданылған.

9. Көшпенділер өркениеті жаңғырған кино. Өгіз арбамен көш, киіз үйлер, батырлар сауыты, ат әбзелдері мен қару-жарақтың сансыз түрі, бейбіт заман киім үлгілері, әйелдердің әшекейі, сарай қақпалары мен ішкі безендіру. Тіпті ғасырдан астам тарихы бар Жаркент мешітінің пайдасы киноға көп тиген.

10. «Көшпенділер» фильмін түсіруге 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалды. «Жау жүрек мың бала» 11 миллион долларға түсірілді. «Алмас қылыш» 3 миллион долларға жетер-жетпес қаражатты қанағат тұтты»,-дейді фильмнің редакторы Ерлан Төлеутай. Мардымсыз қаржы түсірілсе де, жоғарыдағы кинолардан кем түспей, ұлт тарихының  жаңа белесіне көтерілген «Алмас қылыш» қазақ киносының шедевріне айналары сөзсіз.

Сөз соңында тарихи кинолардың даңқты режиссерына айналған Рүстем Әбдіреш бастаған «Алмас қылыш» фильмінің түсіру тобына, кинодастанның актерлер құрамына үлкен алғысымызды білдіреміз.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Суреттер qazaqeli550.kz сайтынан алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)