Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Көк есектің» кейіпкерлері кім?

1788
«Көк есектің» кейіпкерлері кім? - e-history.kz

...Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе,
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе...
Асықпаңдар!
Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, сүйектерің қазылар.
Пайғамбарды сатып отыр тілла алған,
Яһудамен бірге аттарың жазылар.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны...

                                         I

Бұл – Байтұрсынұлының «Көк есектерге» деген айтулы  өлеңінің қысқартылып алынған  үш шумағы ғана. Мұны не үшін тілімізге тиек етіп отырмыз. Негізінде, тарих  дұрыс  болмайынша, таным  дұрыс  болмайды ғой.  Тарих  әділдік пен дәлдікті  ғана талап  етеді десек, оны  саяси   құралға  айналдыруға  я  бұрмалауға әсте  болмайды. Өкінішке  қарай,  біз  бұл   үддеден   мүлде  шыға  алмай  отырмыз. Тарих тек  өлілерге  ғана  мадақ  айтып,  өткен  шаққа салауат айтудың  құралына емес, ең бастысы, ол тірілердің  тәжірибе  таразысына айналуға тиіс.  

Біздің  тарих   тәжірибе таразысына  айналуы  керек деп отырғанымыз,  кез келген  тарихи  оқиғаға    ғылыми  сараптама  беріп, оның  шынайы  бет пердесін  толыққанды  ашып   көрсетпей, ештеңенің  де байыбына жете алмаймыз.   Неге дейсіз  ғой?  Себебі тарихтың  қайырылып  соқпай, қайталанбай  қоймайтын  тағы бір  әдеті  бар. Міне,  тарихи  тәжірибе сонда  ғана  сіз бен бізге  зерделі  таңдау, дұрыс пайым жасатады. Әгәрәки,   бұлай  болмаған жағдайда   тарих  сценарийі еш   өзгермеген,   тек кейіпкерлері ғана  ауысып  ойнай  беретін  көп сериялы  фильмге   ұласып кете береді. 

Сценарий дегеннен шығады ғой, сөз жоқ, кешегі қазақ халқын қанкөбік еткен қос сериялы «1932» және «1938» атты трагедиялық фильмнің сценарийін Ленин жазды. Режиссері Сталин болса, көркемдік жетекшісі Голощекин, ал әртістері большевиктер (жасырып неме керек, басым бөлігі өзіміздің қазақтар) болды. Ахаңың (Ахмет Байтұрсынұлының) ашынып айтатын «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» дейтін қамырық халі осыны аңдатады. Режиссерден гөрі әртістердің майдан сахнасындағы әсіре әпербақандығы көбіне шешуші рөл атқарататыны анық.

 Бүгінде Ақаңның жоғарыдағы үш шумақ өлеңі толыққанды талданып, ондағы кейіпкерлер есімі түгелдей дерлік ар-ұждан сотына тартылды ма? 

Мінекей, мәселе сонда.


«...Көң тасыған көк есектер, бәріңе...», «...Үрім - бұтақ нәсіліңе қалғандай, Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе...», «...Асықпаңдар, артымызда қазы бар, Тергеп талай, сүйектерің қазылар...» деген өлең жолдарындағы үміті мен тілегін  артында қалған  біздер, аманаты  ретінде орындай алдық па? 

Ақаңның «Көк есектерге» деп тақырып қойып,  «Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» деп ишаралап отырғаны сонымен кімдер болды? 

 

II

Ахмет Байтұрсынұлы бір әке-шешеден төрт ағайынды екендігі белгілі. 

Туған ағасы Кәкіштен асырап алып бауырына басқан балалары Аумат пен Қазихан жайында  Самырат Кәкішев өзінің  «Ахаң туралы ақиқат» кітабында былай дейді:   «Күндіз біздің үйге ешкім бас сұқпайтын. Себебі біздің үйіміздің жан-жағы қорушы белсенділерге толы болатын. Егер біреу біздің үйімізге келе қалса, «халық жауының үйіне барды, көмектесті» деген желеумен сол келген кісі түрмеден бір-ақ шығатын. Ағайын-туыстың кейбірі түрмеге жабылды, бірен-сараны қорлықпен өлтірілді. Солардың ішінде екі ағам Кәкіштің ұлдары Аумат пен Қазихан да бар еді. Ахаңның қолында Орынбор мен Қызылордада оқыған екеуі елге келіп бала оқытып жатқан еді. Осы екеуін әлгі ауыл белсенділері ұстап алып, қолдарын байлап Ақкөлге апарып, бірнеше сағат суға батырып, әбден қорлайды. «Ахметтің байлықтары қайда, қайда жасырдыңдар» деп ұзақ уақыт қинап, өлім халіне жеткізіп, содан кейін судан шығарып алып, екеуін көкпар ғып тартып, сүйреп өлтірген. Сөйтіп екеуінің сүйегін Ақкөлдің бойында еш көмусіз қалдырған еді».

Ал Ахаң туған інісі Мәшеннен асырап алып, бауырына басқан аяулы қызы Шолпаннан туған Айман Қабиденқызы бір сұхбатында былай деп естелік толғайды: «Атамыз түрмеде жатқанда жанындағыларға: «Менің айыбым – тірі жүргенім, ғылым қуғаным» деп қатты қамығатын көрінеді. ...Өмірден кейінірек өтсе де мен Бадрисафа әжемізді еш көрмедім. Ахаңа тұрмысқа шыққаннан кейін қиыншылықтан көз ашпаған ол кісі бәріне шыдап, бәріне сабыр еткен. Кейін «Алматыдан тез шықсын» деген қатаң бұйрық алған соң Қостанай жаққа қарай  кеткен. Әжеміз өмірінің соңында сол жақтағы ақыл-есі кем ауруларды емдейтін ауруханада 1943 жылы қайтыс болды деген  деректер бар». («Аңыз адам» журналы 14 бет).

Мінекей, осы екі деректен-ақ Ахаңның көз тірісінде қандай қан-қасапты ғазиз басынан кешіргенін,  аяулы жан жарының соңғы жарығын қандай қасіретпен аяқтағанын (дәлірек айтсақ жынданып кеткендігін)  көріп отырмыз.  

Сонымен ілкідегі зиялыларымыздың обалымен ойнаған, Ахаңның өз тілімен айтсақ, «өз ауылының» бұрынғы шолақ белсенділері кімдер болды?   Олардың есім-сойлары әрі кіндігінен тараған бүгінгі ұрпақтары бар ма?

Әрине, «Жазалының отына жазықсыз күйеді» қағидасымен қарасақ, олардың өз ата-бабасының осы бір қанқұйлы әрекеттері үшін қазіргі ұрпағының еш жазығы қой. Десек те,  ата-бабасының осы бір аяр әрекеттері үшін ар-ұят отына түсіп, баба қателігінен басты сабақ алуы керек қой. Бұл неге десеңіз, ертең біз де ата-бабаға айналғанда өз ұрпағымыздың  алдында жүзіміздің жарқын, арымыздың аппақ болуына, ең бастысы, ұрпақ алдындағы жауапкершілік үшін ғана қажет. 

Ендеше неліктен ондай батыл тәуекелдерге бара алмай жатырмыз? Бұл біздің манадан бері айтып отырған тарихтан еш тағылым алмадық, ғылыми сараптама жасамадық деген сөзімізге ғана саяды емес пе? 

Мінекей, жоғарыдағы сауалдарға нақтылай жауап берілген күні ғана Байтұрсынов секілді боздақтардың аруағы мәңгілік барақат таппақ. Аталған сауалға қатысты қарымта жауапты «ахметтанушылардан» асыға күтетінімізді де еш жасырғымыз келмейді.

«Қазақтың өлі разы болмай тірі байымайды» деген  танымына да жауап осы жерден келіп  шығады емес пе?

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?