Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шындықтың жаршысы – Шөже ақын

2091
Шындықтың жаршысы – Шөже ақын - e-history.kz

Қазақ халқының кешегі тарихында ақындар мен жыраулардың алатын орны ерекше. Олардың есімі елдегі алуан түрлі ірілі-ұсақты оқиғалармен, белгілі тұлғалармен қатысты болып келеді. Сондай әйгілі шығармашыл жандардың бірі – Шөже Қаржаубайұлы. Шөже Қаржаубайұлының асқан шешен, тауып айтатын тапқыр да ержүрек батыл ақын, түнді түнге ұрып жырлайтын жыршы адам болғаны оның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын айтып жеткізушілердің бірі болғандығынан анық аңғарылады.

Соқыр қылды көзімді көрмесін деп,

Жамандықтың соңына ермесін деп, –

деп өзі жырлағанындай, көзі соқыр болса да көкірегі ояу болған ХІХ ғасырдың тарихи, шығармашыл тұлғасы Шөже Қаржаубайұлының есімі әрқашан құрметпен аталып келген.

Шөже Қаржаубайұлының сан қырлы шығармашыл тұлғасы жөнінде айтылар дүниелер де аз емес. Себебі, Шөженің өлең-жырлары, әндері, айтыстары туралы зерттеу еңбектерінің өзі де біршама екендігін көреміз.

Сан қырлы шығармашыл тұлға – Шөже Қаржаубайұлы

Шөже Қаржаубайұлы – ақын, айтыскер, эпик жыршы, жырау, композитор, орындаушы әнші – сан қырлы талант иесі болған. Ол жайында Шоқан Уәлихановтан бастап, отандық, шетелдік көптеген белгілі ғалымдар мен зерттеушілер жазып қалдырған. Атақты ақын Мағжан Жұмабаев Шөженің талантын жоғары бағалай келе: «Екі аяқтының ділмары, улы тілді, ұшқыр ойлы Шөже» деп баға берсе, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің «Дала ақыны мен қала ақынның айтысы» атты ұзақ толғау жырында былай дейді: 

Кешегі Бұқар жырау, Жанақ ақын, 

Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын. 

Ахмет пенен Міржақып әм Мағжан,

Алты алаштың баласы біледі атын, – 

деген екен. Демек қазақ әдебиетіндегі үлкен орны бар бұл екі даңқты ақынның өзі Шөже шығармашылығымен жақсы таныс болғандығы анық деп білеміз.

Академик Мұхтар Әуезов те Шөженің алапат ақындығына ден қояды. Ғалым өзіне белгілі деректерге сүйене отырып мынадай бағалауды айтады: «Барлық қазақ әдебиетінің өзі білетін естелігінен Абай жалғыз ғана Маралбай мен Шөжені ғана нағыз ақын депті.» Мұның өзі де Шөженің талантына берілген үлкен бағалау, мойындау болып саналады. Сондықтан да жазушы өзінің әйгілі «Абай жолы» эпопеясында Шөжені ерекше құрметпен суреттейді.

Романда жас Абай Қарқаралыға әкесі Құнанбаймен еріп келген сапарында қала көшесін арқалап келе жатып Шөже ақынды жолықтырады. Романда бұл сәт былай суреттеледі. «Бүгін Абай көңілі дүниенің бар көрінісінен бітім, жарастық іздеген бір мейрімділік халінде. Жас, кәрісі аралас тегіс құрдастай күлісіп келе жатқан топ Абайға қызықты, жарастықты көрінді.

Себепсіз жымия күліп, осы топты Абай көше ортасында аңырып, тосып қалды. Бірақ топ ішінен мұны байқап, елеген бір жан да жоқ. Аяқтары шыны қарды шақыр-шұқыр басып жақындап қалды. Абай енді байқады. Бар топтың ентелеп қамағаны – үлкен ақ сақалды, келісті қарт екен... Өзі де күліп, топты да күлдіріп келе жатқан сол.»

Абай бұл топтың ерекше көңілді жағдайына таңырқап қарап қалмасқа шарасы жоқ еді. Дегенмен Шөженің ерекше жан екенін Абай бірден байқап қояды. Оны жазушы былай деп бейнелейді: «Бір тосын, ғажап нәрсе: шалды екі жағынан қолтықтасып келеді. Шал өзі басын тік ұстап ілгері басып келе жатқаны болмаса, ешқандай бет бұрмайды. 

Сөйлегенде де ешкімге қарамай, тура бет алдына қарай сөйлеп келеді...

Абай мынадай өзгеше шалды бірталай аңырып, қайран қап тұрып зорға аңғарды. Қарт соқыр екен...»

Иә жазушының романда атап өткеніндей Шөже ақын – зағиып жан болыпты. Бұл туралы ақын өзі былай деп жырлайды:

Қаржаубайдың баласы ем атым Шөже,

Тамағыма жақпай тұр күйген көже.

Жеті жаста құдайым көзімді алып,

От басында отырмын болып еже.

Бұл жолдарға қарап Шөженің туадан су қараңғы болмағанын, жеті жасынан бастап зағиыптық халге түскенін аңғарамыз. Алайда көп жасаған ақынның көзі көрмейтіндігі қазақ пен қырғыздың даласын тегіс аралауына, кез келген жағдайда, кез келген ақынмен айтысып, оларды тас-талқан етіп жеңуге немесе Құнанбай, Алшынбай тағы басқалар сияқты ел билеген ұлықтардың өзінің қателік, кемшіліктері болса ұтқыр сөзбен өлеңдете отырып тікелей айтып тастауына еш кедергі болмағанын көреміз.

Шөже ақынның көзі көрмегенімен, көкірегі сайрап тұрған көреген адам екендігі оның әр өлкедегі болып жатқан оқиғаларды, ондағы адамдардың түр-түсі мен мінез-құлқы, жасаған әрекеттері жайында көзбен көріп, қолмен ұстағандай айтып беретіндігімен айқындалады. 

Шөженің өлеңдері тіліп түсер ұстараның жүзіндей өткір, әрі сонымен қатар, дидактикалық сарындағы ойлы да болып келеді. Ақын өмірден түйген жағдайларға байланысты тиянақты тұжырымдар жасайды:

Пейілі кеткен адамда,

Еш береке болмайды.

Дәулеті қашқан байларға,

Ырыс келіп қонбайды.

Ата-енесін зарлатса,

Зарлатқан жігіт оңбайды, – 

дейді ақын, өмір мен сол өмірдегі адами қатынас туралы. Мұндай ойлы толғамдар ақын шығармашылығында біршама кездеседі.

Шөженің ел ішіндегі беделі ерекше болған. Халық өз көкейіндегі сөзді қаймықпастан айтатын адамды қашанда жақсы көрген. Шөже ақын дәл осындай адам болғаны белгілі. Онымен қатар Шөже – ғаламат жыршы. Жыршыныүйінде қарсы алып, төрінде қонақ етіп, елмен бірге тыңдау – ол заманда қазақ үшін мәртебе болған. Мұны Мұхтар Әуезов те өзінің романында тамаша сездіндіріп өтеді. 

«– Шөжіке, бізге жүр!.. Біздің үйге келдік міне, айтып тұрған мына мен Бекбергенмін, - деді бір қырма сақал жаяу...

 – Жо, бізге барады...

 – Уа, қойыңдар, мен өзім алыстан ертіп келемін!..

 – Ой, не дейсіңдер? Шөжікеңнің түскен үйі біздікі!.. Аты біздікінде тұр! -деп, тағы біреу үн берді.

Осындай керіс үстінде топ тегіс иіріліп тоқырап қалды. Әрлі-берлі өткен жүргіншілер тағы кеп қосылып жатыр. Жаңағы даурықтардың бәрін естіп, тоқыраған Шөженің өзі. Ол қатты, ашық дауыспен қарқылдап сүйсіне күліп:

 – Уай, жарандар, мен бір ақыл айтайын ба?.. – деді.

Жұрт тегіс қадірлі қарттың аузынан шыққан лебізін күтіп:

 – Айт, айт... Шөжіке!.. Уа, төресін өзің айт!

 – Уа, қайда қонасың, өзің таңда! - десіп, анталай бастады.

Шөженің даусы бұл дабырдың бәрін басқандай, зор екен.

 – Уау, осы жегізбегің – асың, жаймағың – төсегің ғой... Дән ырзамын, ағайын... Бірақ ырзамын деп қана қоймаймын, осы жаңағы «маған-маған» деп даурыққаныңның бәріне де барам... Бәріңнің де асыңды ішем... Шөженің көмейіне тас тығылып қала қоймас енді бұл бес-он күнде... Сол сарайым сау болса, жаңағы үн бергеніңді тегіс мұрныңнан тізіп тұрып, бір күн түстік, бір күн қонақасы жеймін... Ал, қазір болса, күн ызғырық тартты. Кешкірді білем.

Менің кәрі сіңірімді соза бермей, осы ең жақын қақпаның біріне бұрамысың, әкелер?.. - деді. Бастан бергі сөзінің барлығын күле тыңдап тұрған жұрт еріксіз тоқырады... Ең жақын үй осы қақпасының алдында жиын тұрған үй еді.

Қора иесі қалбалақтап, ішке қарай жүгіріп кетті. Жиын тарқай алмай, Шөжені қимай тұр.» Бұл тек Қарқаралы қаласында емес, қазақ даласының кез келген жеріне барса да Шөжені құшақ жайып қарсы алатын жағдай екені сөзсіз еді. «Сарыарқаны сайрандап, жал мен жая жеп едім», деп Үкілі Ыбырай жырлағанындай, ол заманда ақындар мен жыраулар елдің ішін сайрандап, қазіргі тілмен айтқанда гастроль жасап, халықты ойын-күлкіге бөлеп жүретін болған.

«Абай жолы» романында Шөженің батыл да тапқырлығын, айтқыштығын автор Абайдың өз құлағымен естіген жағдайда суреттейді. Бұл жағдай нақты Абайдың қатысуымен  болды ма, болмады ма, ол жағы бізге беймәлім. Болуы мүмкін дейтініміз – Абай мен Шөже бір дәуірде өмір сүрген адамдар. Шөже Қаржаубайұлы шашамен 1808 жылы дүниеге келіп, 1895 жылдары өмірден өткен деген мәліметке сүйенетін болсақ, Абайдың әкесі Құнанбаймен жасы шамалас (төрт жас кіші) адам екенін көреміз. Романдағы мәтінге көз жүгіртелік: «Шөже осы жайларды күле тыңдап тұрып, бір кезде оп-оңай өлеңдете қоя берді. Ашық даусы саңқылдап:

Болыпты бір ақсақ таз және соқыр,

Құранды мысық сопы молдаң оқыр.

Болғанда ақсақ дария, соқыр қарға,

Ортасын дарияның қарға шоқыр, - 

деді. Жұрт тегіс ду етіп күліп жіберді... Шапшаңдығына, айтқыштығына қайран боп, таңдай қаққандар да бар.

 – Ақсақ тазы – Алшынбай...

 – Соқыры – Құнанбай.

 – Не қыл дейсің? Ал, қайтпас кәрің жалғыз ауыз өлеңмен жайратты да салды! - деп жұрт жапырлап сөйлеп жатыр... Абай бұл сөздерден қатты ұялып қысылды да, шеттей берді.

Осы кезде үй иесі шығып Шөжені ерте беріп еді.. Жиын тарамастан бұрын Абай жалғыз бөлініп, өз үйлеріне қарай асыға жөнелді.

Төмен қарап келе жатқан Абайдың құлағынан жаңағы бір ауыз өлең әлі айыққан жоқ. Бар сөзі есінде... Ішінен қайта-қайта айтады. Жаттап апты.

Мынау жалғыз ауыз өлең бағана, күні бойы күмбездей боп үлкен көрініп отырған екі рудың екі шоқысын бір-ақ соғып жермен-жексен етті. Тайпитып кеткен сияқты көрінді.

«Алшеке, Алшеке» дегендері – «ақсақ таз» аталды. Алшынбай сылти басады, ақсақ екені рас. Ал, «аға сұлтан», «мырза» атанған өз әкесі – «қарға!» Қандай қарға? Қарқаралының ен байлық, ел дариясының жалғыз еркесі. Жақсы-жәйлісін жапа-жалғыз қызықтап, шоқып жеп отырған қарға!

Әлемде сөзден күшті не бар екен? «Сөз өңменіңнен өтеді ғой» деген Қаратайдың тағы бір тапқыр сөзі есіне түсті.» Ол дәуірдің бір артықшылығы – сөздің қадіріне жететін, сөздің салмағын, дәйектілігін түсінетін болғандығы шығар. Шөже сияқты ақындардың ауызға келіп қалған айтулы сөзді ірікпестен айтып қалатыны да сол себептен де мүмкін болса керек-ті. Қалай болғанда да Шөже ақын – өз дәуірінің озық ақындарының бір болғандығы сөзсіз. Сондықтан да елдің билігін ұстап отырған сұлтан-билер, бай-манаптар ақындарды сыйлаумен қатар, көбі олардың масқаралап кетуінен қорыққанын да байқаймыз. Ақындар да мұны жақсы пайдаланған. Дегенмен мұның бір жағынан дұрыс емес екендігін Шөже ақын дұрыс пайымдаған. Сондықтан да ол өзінің «Байлық» атты өлеңінде былай деп түйіндейді:

Балықшы байымайды көлден алған,

Ақын да байымайды елден алған.

Өзіңнің маңдайыңа бітпеген соң,

Қалады желмен кетіп, желден алған.

Ақындар елге еркелеген. Ел де олардың еркелігін көтерген. Сондықтан да олардың сұрағанын беріп, көңілін тауып отырған. Дегенмен кейбір жағдайда ақындардың өзі елдің берген сыйын қомсынып, азырқанатын жағдай көп болған. Бұған да мысалдар-көп ақ. Мұндай мысал Шөже ақынның өзінен де табылатынын көреміз. Шөже ақын да пенде. Адам пенде болған соң, әрі зағиып жағдайда болған себепті мал тауып, күн көру де қажет. Осы тұрғыда ақынның ел аралап, мақтау айтуына да түсіністікпен қараймыз. Яғни Шөже ақын өлеңдері де тек шыншыл батылдыққа құрылған деуден аулақпыз. Шөже өлеңдерінің бірсыпырасы елдің игі жақсыларына мақтаудан тұратындығын көреміз. Осындай өлеңдерінің бірі – Ұлы жүздегі Дәукей деген байға арналған екен. Арқадан Жетісуға Дәукейді іздеп барған Шөже ақын оның жомарттығын, байлығын мақтап өлең айтады. Сонда ақын Дәукейдің абыройын асқақтата, оны былай деп сипаттайды:

Дулаттың құдай қылған құтпаны едің, 

Өңкей бек, серкерлердің сұлтаны едің! 

Жарқырап қарағанды жарық қылған, 

Ішінде Ұлы жүздің шолпаны едің.

Мұндай бағалаудан кейін Дәукей байдың да сыйға сый жасайтыны белгілі. Дәукей оған бір тоғыз, яғни тоғыз қара сыйға тартады. Қазіргі есеппен шамамен бес миллион теңгеден асатын бұл сыйдың қомақты екені анық. Бірақ Шөже ақын Дәукей байдың бұл бергенін азырқанатын сыңай танытады. Оны Шөже  ақыннан жеткен мына өлең жолдарынан аңғарамыз:

Ай, Дәке, осы ма еді бергеніңіз, 

Ақындық – осы ма еді көргеніңіз? 

Дәукемнің бергенінен ұялғаннан, 

Бәрінен артық боп тұр өлгеніміз.

Мұны қазіргі күннің асаба, әнші, әртістерінің өз қаламақысын белгілеуі сияқты жағдайда қабылдауға болатын шығар. Негізінен жоғарыда айтқанымыздай, елге еркелеу деп пайымдасақ дұрыс болмақ. Жалпы алғанда ел аралап мал жинауды ақындар кәсіп қылғанымен, оның бәрін өзінің байлығын арттыруға, дәулетін молайту үшін іркіп қалмаған. Ақын-жыраулардың бір қасиеті – өздерін байлықтан жоғары ұстап, тапқанын молынан ұстау болған. Мұндай сарын Шашубай ақынның өлеңінде де бар. Шашубай ақын былай деп жырлағаны белгілі:

Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,

Болсам да үйде кедей, түзде баймын.

Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да,

Қалтамның түбі тесік байымаймын!

Шөже ақынның да материалдық байлыққа деген көзқарасы, ұстанымы дәл осылай болғанына күмән жоқ.

Шындықтың жаршысы – Шөже ақын

Шөже ақынның шығармашылығына қарап, шындықтың жаршысы деуге болатындай. Ақын өлеңдері мен айтысынан сезілетін оптимистік сарынды байқамау мүмкін емес. Шөже ақын әсіресе, айтыстарда кез келген жағдайларда, өзін сөзбен тұсап ұстамақ болғандардың барлығынан айласын асырып отырады.

Шөже Қаржаубайұлының шыққан тегі – қырғыз жұртынан. «Төскейде малы, төсекте басы қосылған» дейтін, Алатаудың бауырында қатар жатқан екі елдің туыстық байланысы, тарихи тамырластығы ғасырларға кетеді. Осыған орай арғы дәуірлерден бастап, Абылай заманындағы оқиғаларға, одан бергі кезеңдерге байланысты, қазақ ортасына келіп, тілі, ділі, діні ұқсас болған себепті әбден сіңісіп, қазақтанып кеткен сан мыңдаған қырғыз ағайындар барлығы анық. Оларды бүгіндері қырғыз ұлтты емес, қырғыз рулы қазақ деп қабылаймыз. Сондықтан да Шөже Қаржаубайұлы – қырғыз руынан шыққан қазақ ақыны. Әркім де шыққан тегін ұмытпайды. Осы тұрғыда Шөже де өзінің ата-бабаларының қонысы болған Қырғыз еліне сапарлап барып тұрған. Оған қырғыздың Қара Бәйтік атты белгілі адамына арнап айтқан толғау жыры куә болады.

Ассалаумағалейкүм, қара Бәйтік,

Арқадан Шөже келді өлең айтып.

Атаңыз ай таңбалы Салты дейді,

Атаңнан қалған екен үлкен тәртіп.

Бұл жолдарға қарап Шөженің жоғарыдағы Дәукейге арнап шығарған өлеңіндегі Жетісуға келгенде шығарылғанын ескерсек, мүмкін осы жолы, мүмкін өзінің ұзақ жасаған ғұмырында талай рет Алатаудағы қазақ пен қырғыз арасына келген деп шамалаймыз. Шөже ақынның бұл жырынан Алатаудағы қырғыздың игі жақсыларын, олардың ата-бабаларының тарихын жақсы білгендігін аңғарамыз. 

Жауынгер бабаң Салты батыр еді,

Ел шетінде жау бағып жатыр еді.

Ақсұңқар сол сықылды перзент едің,

Орының құтты болсын, батыр, енді...

Бергі атаң онан бергі Тілеуберді,

Артынан Тілеуберді төрт ұл ерді.

Жеті атаңнан билігің арылмаған,

Саулаған тұла бойың ақыл еді.

Ақын Қара Бәйтікке осылай деп жыр төге отырып, оның ата-тегін мақтай өлеңдетеді. Бірақ Бәйтікті мақтай отырып та ақынның өз ойын жеткізе біледі.

Қазақ әдебиет тарихының үлкен жоқшысы, ғұлама ғалым Есмағамбет Ысмайылов өзінің «Ақындар» атты монографиялық еңбегінде әйгілі Жамбыл Жабаевтың шығармашылық жолына Шөже ақынның қалай ықпал еткені жайында былай деп атап көрсетеді: «Жыр алыбы Жамбыл Жабаев Шөжені өмір бойы өзге ақындарға да, өзіне де үлгі тұтып, Сүйінбайдан кейінгі ұстазым деп білген», - дей келе, оған дәлел ретінде Жамбылдың «Ақындарға» атты толғауындағы мына бір жолдарды келтіреді:

...Кеншімбай мен Орынбай,

Өлең сөздің қорындай.

Керуен көшкен жолындай...

Шөже менен Кемпірбай – 

Өлең сөздің жұртындай.

Біз солардың өрені!

Жетісудағы Жамбылдың Арқада өмір сүрген Шөжені ұстаз тұтуын біз өзара өнер сабақтастығы ретінде қарастырамыз. Ол замандарда да қазақ даласының батысы мен шығысы, солтүстігі мен оңтүстігі бір-бірімен тығыз араласып жатқан. Әйгілі ақындар мен әншілер сонау Арқадан Алатауға келіп, өз өнерлерін көрсетіп, айтыс жасайтын болған. Сол сияқты Шөже ақын Арқадан келіп Алатаудың екі бетін аралағанда, Жамбылдай жастардың оған еріп, өнерінен үйреніп, өздерін шәкірт ретінде санағаны анық. Жамбыл мен Шөже шығармашылығындағы бір ұқсастық болса, ол – сыншылдық, ащы сарказм болса керек.

Шөженің даңқы өз тұсында аса зор болғандықтан да, өнер жолына түскен жас ақындар одан бата алуға құмар болған. Әйгілі Құлыншақ Кемелұлы сөз өнерімен талаптана бастағанда әкесі Кемел он бас жасқа келген ұлын Шөже ақыннан бата алып келуге жібереді. Бұл туралы ақын өзі былай деп жырлайды:

Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,

Үш тоғыз дүниемен жібереді.

Шөженің ақ батасын алып қайтты,

Адамзат батаменен көгереді.

Келген соң киіндіріп, ат мінгізіп,

Баланы еркіменен қоя берді.

Күнде той, күнде жиын, күнде өлең ғой,

Күңірентіп жібереді жүрген жерді.

Шөже ақынның келесі бір қабілеті – оның композиторлығы. Қазақ әндерін жинаушы Александр Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың бес жүз әні мен күйі» кітабында Шөженің «Балқурай», «Шөже» қатарлы төрт әні жарияланған. «Шөже» атты әнін ақын Шорманның Мұсасына қарата айтқаны анық. Бұл ән де Біржан салдың «Жанботасы» сияқты, ел билеген жуандардың ерсі іс-әрекетіне қарсылық сарыны жатыр:

Шорман байдың баласы Мұса мырза,

Бұл ісіңе болмай тұр халқың ырза.

Соқыр келсе басыңды көтермейсің,

Біз соқыр жеп кететін қасқырмыз ба?

Ахау, қаудыр, қаудыр-ай, ау – 

деп әндетеді. 

Шөже Қаржаубайұлы қазақ даласының әр пұшпағын аралап, олардың барлығында дерлік түрлі жағдаяттарға қатысты өзінің алуан тақырыптағы жырларын шығарады. Суырыпсалма ақын Шөже Қаржаубайұлының туындылары тақырыбы мен мазмұны жағынан алып қарасаңыз, шынайылыққа құрылғанын көресіз. Шөже өлеңдерінің барлығында да шынайы өмірдің өзі бар. 

Бұрынғы хандар мен сұлтандардың, батырлар мен байлардың бір әдеті – өздерін ақындарға мақтатумен қатар, жамандататын да әдеттері болған. Бұған Баймағамбет сұлтанның Шернияз ақынға өзін мақтатуы мен жамандатуы дәлел болады. Сол сияқты өзін әбден мақтатқан Қара Бәйтікті жамандау, яғни оның кемшілік тұстарын тура бетіне айтуға келгенде де Шөже ақын қысылып-қымтырыла қоймайды. Ол Бәйтіктің шыққан тегіндегі масқаралы жағдайларды бетіне баса былай деп жырлайды:

Кім өлсе соған түсер заман ақыр,

Өлмесе жол шетінде неғып жатыр?

Айраншы шешең күң деп естуші едім,

Түпсіз құл емес пе едің бауыры тақыр. 

Көпшіліктің алдында билігі мен байлығы бар, адуынды тентек Қара Бәйтіктей адамға қарата мұндай тіліп түсер батыл сөзді Шөжедей ақындар ғана айта алған. Бұл жағдайдан кейін Бәйтік пен Шөженің арасында қандай тартыс-таласты жағдай болғанын біз білмейміз. Дегенмен Шөженің батылдығына сүйсінбеске шара жоқ.

Шөже Қаржаубайұлы – айтыскер ақын. Ол – жай айтыскер ақын емес, қарсыластарының барлығын сөзден сүріндірген азулы ақын. Өз заманының әйгілі ақындары Кемпірбай, Тезекбай, Жәмшібай, Қалдыбай, Балта, Орынбайлар қатарлы ақындардың бәрімен айтысқан Шөже ақын солардың бәрін де сөзден тосылдырып, қапысыз жеңіп отырған. Сондай айтыстардың бірі – Кемпірбай ақынмен тартысы. Шөже Кемпірбайдың өзін кемсіте сөйлегеніне ешқандай қысылмастан, ұтымды жауап тауып отырады: 

Мұқтасар сөзім майда тақтасындай,

Бұқардың омырауым қақпасындай.

Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ,

Сен қыларсың атаңның қақ басын-ай, – 

деп жауап бергеніне қарап, жоғарыда ата аталған ақындардың барлығының да Шөжені сөзден жеңе алмағандығын білуге болады. Шөженің өзінен басымдығын мойындаған Кемпірбай сол кезде былай дейді:

Келіп ем осы тойға өктемденіп,

Жүруші ем қу соқырдан секемденіп.

Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп,

Жығылдым екі аяғым көктен келіп.

«Жүруші ем, қу соқырдан секемденіп» деуіне қарағанда, Кемпірбай ақынның Шөжеге кездеспестен бұрын-ақ оның талант күшін сезініп, секемденіп жүргенін аңғарамыз. Ақындардың бір ерекшелігі – өзінің сөзден жеңілгендігін көптің алдында мойындап, қарсыласты құрметтеуі. Сөз сайысындағы бірін-бірі мойындау деген дәл осындай болса керек-ті. Әрине бұдан Кемпірбайдың дәрежесі төмендемейді.

Өз заманында Алтай мен Алатау, Омбы мен Шымкент арасындағы ұланғайыр өңірді тегіс аралап, ол жерлерде өткен үлкен айтыстарда он жеті рет жеңіп шыққан әйгілі айтыскер ақын.

Шөже жырлаған мәтін «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – аталған эпостың жеті нұсқасының ішіндегі ең көрнектісі болып саналады. Оқиғасы Семейдің Аягөз, қарқаралы аудандары жерінде өтетін бұл жырда аталатын жер-су аттары осы өлкелерде қазіргі күні де кездеседі деп біледі, зерттеушілер. Шоқан Уәлихановтың жазып қалдыруынша, Шөженің орындаушылық, жыршылық қабілеті ғаламат болған. Академик Әлкей Марғұланның зерттеуінше, Шөже «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын Шоқан Уәлихановтың өтінішімен Махмұт Қалихановқа 1864 жылдың наурыз айында жаздырады. Жырдың соңындағы:

Құдай берді сұлтанды кәміл қылып,

Данышпан, мәртебелі, әділ қылып.

Бұрын жазған жоқ едім дәл осындай,

Әділ сұлтан жаздырды сапалы ғып, - 

деген жолдар Шоқан Уәлихановқа арналған делінеді. Шөже Қаржаубайұлының эпикалық сарындағы бұдан өзге де жырлаған дастандары болуы мүмкін. Бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жетпеген.

Шөженің айтыстарына тән ерекшелік – «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымға негіздей отырып, кезі келгенде шындықты шыңғыртып тұрып айту болып табылады. Осы орайда Шөже Қаржаубайұлының шығармашылығы туралы белгілі әдебиеттанушы ғалым Гүлжаһан Орданың мына бір талдауына көз жүгіртелік: «Арғынның Қаракесегіндегі Шаншар елінде үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары жиналған үлкен аста Шөже мен Балта айтысады. Құнанбай, Алшынбай, Жолшора сынды аға сұлтан, би-болыстар отырғанда Құнанбай мен Жолшора Шөжені жақтырмаған сыңай танытады. Сонда ол қолма-қол екеуіне де жауап қайтарады. Құнанбайға: 

Кем-кетік жиналыпты таз бен соқыр, 

Әрқайсысы өз құлқынын көздеп отыр. – 

деп оның көзін бетіне басса, Жолшораға: 

Жолшора, өзің қажы, әкең Анай, 

Параны бұрын беріп, жедің талай. 

Алдыңда жеті тамұқ, сегіз ұжмақ, 

Қайсысына кіруің екіталай. 

Қажылықпен дүниеде жедің пара, 

Бұл сөзді сен айтасың қалай-қалай?! – 

деп оның ісінің қажыға сай еместігін ащы тілмен сынайды. Балта ел билеген билер мен малының саны жоқ байларын айтып мақтанса, Шөже оның мақтан тұтып отырған Құнанбай, Алшынбайларын уытты тілмен шенеп сынға алады.

Шөже:

Ұры, шіркін, қорқа ма бір құдайдан,

Кісі өтпес пара жеуге Алшынбайдан.

Ұрлықпен тұқымыңды құртқан мұндар,

Күн көрдің Құнанбай мен Наушабайдан.»

Шөже айтыстарында осындай батыл айтылымдар жиі кездеседі. Өзге ақындардың билігі бар, байлығы зорлардан, қолында қамшы-шоқпары бар тентектерден именген жағдайларында Шөже мұндайдан ықпаған. Ойын келген, жүйелі сөзі айтып салатын болған. Сондықтан да Шөженің ақындығы мен батылдығын халық жоғары бағалап, құрметтеген. «Арқадан шығып едім Ноғайға еріп», «Дәуке, осынша не қылды бейілің қашып», «Домбыра шыққан тыңқылдан», «Жиылған көп жамағат отыр қоршап», «Ассалаумағалайкум, қара Бәйтек», «Бәйтікке», «Кім өлсе, соған түсер заман ақыр», «Қос құлаққа», «Ерден батырға», тағы басқа толғау, арнауларында ақынның асқан ұтқырлығы мен батылдығы, азаматтық асқақ ұстанымы жатыр.

Шөженің туған, өмірден өткен жері туралы

Шөже Қаржаубайұлының туған жері бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Қызылту немесе қазіргі Уәлиханов ауданының жері деген мәлімет бар. Шөже Қаржаубайұлының аталары бұл өңірге қалай тап болды дегенге бірнеше нұсқа айтылады. Солардың ішінде Абылай хан заманында Алатаудағы қырғыз рулары мен қазақтар арасындағы қақтығыстарға байланысты, бір шайқастан кейін Абылай хан 1770 жылдар шамасында қырғыздардан ақ үйлі аманат ретінде әр рудан бірнеше шаңырақты алып, Арқаға қарай көшеді. Бұл шаңырақтарды Арқаға іліне бере, қазақ руларының арасына орналастырумен, сонау солтүстік өңірге дейін таратып қоныстандырады. Бұл оқиға Шөже ақын дүниеге келерден қырық жылдан астам уақыт бұрын болған екен. Қазіргі күні де Сарыарқа даласының әр түкпірінде бүгіндері жергілікті қазақтармен тамырласып, әбден қазақтанған қырғыз руының адамдары кездеседі. Шөже Қаржаубайұлының туған, жерленген жеріне қатысты бірізділік жоқ. 

Шөже ақынның жерленген жері Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылту өңірі деген деректі кездестіреміз. Сондай-ақ «Қазақ Совет Энциклопедиясының» ҮІІ томы, 275 бетінде Шөже Қаржаубайұлының туған жеріне қатысты мынадай дерек бар: «Шөже Қаржаубайұлы (1808 ж. Қарағанды облысының Нұра ауданында туған, 1865, сонда». Демек Шөже ақынның туған жері – Қарағанды облысының Нұра ауданы деген дереккөз де бар.

Сонымен қатар Шөже Қаржаубайұлының дүниеге келген, өмірден өткен жылдарына қатысты да әр түрлі жазылып жүргенін көреміз. Кейбір деректерде Шөже 1803 жылы дүниеге келгендігі айтылса, ендігі бір дереккөздерде 1808 жылы туған делінген.

Шөже ақынның жерленген жеріне қатысты да бірнеше дерек бар. Олар: Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылту ауданы, Қарқаралы ауданы Бүркітті (Киргизия) ауылы және Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Тоқырауын өзені бойында жатыр. Қарқаралыдан Егіндібұлаққа беталған тасжолдың бойында әйгілі Құсбек төре әулетінің биік саз балшықтан тұрғызылған көне кесенесі тұр. Тасжолдың оң жақ бетіндегі темірмен қоршалған көне зираттықтың қоршауындағы құлпытаста мұнда Шөже Қаржаубайұлы жатқандығы жазылған. Шөженің 1895 жылы өмірден өткендігі туралы мәлімет және жүр.

Өткен ғасырларда өмір сүрген қазақтың бірсыпыра белгілі тұлғасының туған, өмірден өткен жылдарына қатысты пікір алуандығы туындап жататыны сияқты, Шөже Қаржаубайұлының туған-өмірден өткен жылдарында бірнеше нұсқа барын көреміз және алдағы кезеңде мұны нақты тереңдетіп зерттей түсу қажет болар. 

Шөже Қаржаубайұлының есімін есте қалдыру тұрғысындағы игі қадамдар баршылық. Семей қаласындағы Шөже Қаржаубайұлы атымен даңғылдың аталуы осы сөзіміздің айғағы болмақ. Шөже Қаржаубайұлы есімін халық жадында қайтадан тағы бір рет жаңғырту мақсатында осы мәліметтерді ұсынған едік.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?