Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арыстардың ақыры. Жүсіпбек Аймауытов

4266
Арыстардың ақыры. Жүсіпбек Аймауытов - e-history.kz
Қазақ еліне совет үкіметінің тарапынан жасалған ауыр қайғы, жойқын зұлмат – репрессияның хронологиялық кезеңдері бірнеше

Алғашқы кезеңде 1926-1932 жылдардағы қуғындау мен ату жазасы болса, 18 халық комиссарынан басқа да көптеген аяулы тұлғаларымыздың әзиз басын жұтқан 1937-1938 жылдардағы жаппай сталиндік репрессия екінші кезеңді құрайды. Ал үшінші кезең – соғыс өртінен кейінгі ұзақ қудалау мен астыртын, аңду жүргізілген 1946-1955 жылдар аралығындағы уақыт. Ақырғы репрессия деп Азаттықтың ақ жалауы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жаппай жазалау шараларын қамтыған кезеңді айтамыз.

1935 жылы қазақ жерін билеп-төстеуге қазақтар «Қужақ» атаған Голощекиннің келуі мен қазақ оқығандарының арасында ұлы сүргін басталды да кетті. Ол кез келген істі терең пайымдайтын, ұлтының ары бола білетін, керек кезінде бас көтертіп, соңына ерте алады-ау деген ел серкелерін жазалау науқанын ұйымдастырды. Бұл алғашқы нысана ілінгендердің ішінде әділдік пен адалдықты ту етіп ұстаған Жүсіпбек Аймауытов та бар еді. 

 

5bfeb9e443575db82c25473e1dc6e6ed.jpg

Аймауытов бұдан да бұрын жалған айыпталып, басына іс түскен еді. Онысы – 1921–1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Торғайдағы ашыққан жұртқа көрсеткен сауапты ісі болатын. Алайда оның бұл әрекетінен еш кінәрат таба алмаған сот оны босатқан. Ұлы Бектұрдың айтуынша, «олар (Ғ. Тоғжановты айтады) әкемді көре алмай, қызғанышпен үстінен арыз жазды, қыр соңынан түсті. Әкем аштыққа жәрдемдескелі қаржы жинаған, оны елге адал таратқан. Алдымен осыны да жала қылып жаппақ болды. Бірақ оның есеп-қисабы түгел болған соң әкем сот алдында, ақталды». 

Ал 1929 жылғы репрессия кезінде Ж. Аймауытовты тергеу мен Д. Әділевтің көрсетінділері, осы екі тұлғаның жауаптарындағы қайшылықтар ҚР ҰҚК материалдарымен танысқан жазушы Д. Досжан мен ғалым Т. Жұртбайдың еңбектерінде жан-жақты баяндалады. 

Мәселен, Тұрсын Жұртбайдың қазақ интеллигенциясының түрмедегі хал-ахуалынан мол дерек келтіретін «Ұраным – Алаш» кітабында Жүсіпбекке тағылған айыптар тізілген: «1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған. 2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған. 3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған. 4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған. 5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған деген айып тағылды». 

1929 жылы 29 шілде күні үштіктің сегіз адамнан құралған тергеуі аяқталып, Мәскеуге этаппен жөнелтіледі. Жүсіпбекпен бірге бірнеше адамды бірге айдауды көздеген жендеттер оларды бір-біріне жақындатпай, алыс ұстауды бұйырған. Аймауытовты атышулы 58-2, 58-8, 58-11 және 58-10 баптар бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды. 

Айдауға әкетіп бара жатқан кезді Жүсіпбек мұрасын зерттеуші ғалым Рахымжан Тұрысбектің кітабында (Р. Сағымбекұлы. Жүсіпбек. – А., 1997. 209-бет) Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апай былайша еске алыпты: «Тұтқындарды Москваға алып кетеді екен», – деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар: Жүсіпбектің баласы Бектұр, Абай туыстары Өміртайдың қызы Әзен, Юсупов Ахметсафаның қызы Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондардың қатарындағы шеткі бір вагонның темір торлы терезесінен әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай: «Қайт, атамын!» – деп жекіп, жасқай берді. Бектұр қорқып, кідіріп қалды. Жүсіпбек, аға анадайдан айқай салды: «Бектұр! Жақында, қорықпа!..» – деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп пойызды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын». 

Ал «Әкемді 1929 жылдың күзінде айдап әкетті», – дейді Муза (азан аты Мәруа) Жүсіпбекқызы. «Әкем де, шешем де: «Енді көрісуіміз неғайбыл», – деп жылапты. Әкем мені қолына алып, иіскейін деген екен, оған күзетшілер жібермепті. Бектұр мен Жайық қандарын ішіне тартып, көздерінен от шашып, жұдырықтарын түйіп тұрып қалыпты. Мұның бәрін мамам айтып отыратын. Шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпады. 1931 жылдың аяғында Надежда Константиновна Крупскаядан хат келіпті. Онда ол кісі: «Сіз енді босқа әуре бола бермеңіз, жұбайыңыз жер бетінде жоқ. Мен оны әбден тексеріп білдім», – деп хабарлапты», – деп (З. Ақышев. Қайран Жүкең. «Шалқар» 1990, қазан) еске алады». Әкесімен соңғы қоштасуы, мәңгілікке қоштасуы жас Музаның есінде еміс-еміс қалса да, кейін бұл естеліктерді анасының әңгімелеуі бойынша қайта жаңғыртқан. 

 

a4c0d79332acdc781a0a01d1194d64ce.jpg

Жүсіпбек қызы Музамен 

Қызының анасы туралы «шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпапты» дегені арыстың жары Евгенияның үкімет басшысы Голощекинге арнайы хат жазып, жарының бостандыққа жіберілуін өтініп сұрағаны. «Суға кеткен тал қармайдының» керін келтірген адал жар азаматының нақақ айдалғанын біле тұра, оның мұндай күйге душар болуына «Қужақтың» ықпалы барын біле тұра, тек амалсыз қалуды жөн көрмеген секілді. Бұл жайында Т. Жұртбай: «...Жүсiпбекке ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына «қасiрет әкелген үлкен қателiктi» тудырып отырған, «кiшi октябрь үшiн» бүкiл елдi жаппай құрбандыққа шалып отырған нағыз қатыгез, қара жүректiнiң өзi сол Голощекин еді. Мұны Евгения Кирилловна бiлетiн. Бiрақ өзге амалы да қалмап едi», — деп жазады. Туған жерден аластап, алысқа айдалғаннан кейін-де тергеу бір жыл бойы жүргізілген. Тергеу барысында оның күнәсін дәлелдей алатын бірде-бір дәлел табылмаған. «Маған тағылған кінәмен таныстым. Өзімді айыптымын деп санамаймын». Бұл Аймауытов қаламынан туған соңғы сөздер еді. Ол небәрі 41 жыл ғұмыр кешті. 

6dc1e2581072c2e61a4f315bcb1b7c61.jpg

Арыстың соңғы суреті 

Сонымен 1929 жылы басталған советтік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалған Алаштың арысы Жүсіпбек Аймауытовқа 1931 жылдың 4 сәуірінде ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Қатал үкім 21 сәуірде орындалған. 

1d06d047be3ccf98e58d06cf61e71382.jpg

Аймауытовтың ақталғаны туралы анықтама 

Былтырғы жылы Ресейдің Федералдық қызметінің хабарлағанындай, Жүсіпбек Аймауытов өзге де қуғындалып атылғандармен бірге Ваганьково бауырластар зиратына жерленген. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?