Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ерлерді ел ұмытпас

3440
Ерлерді ел ұмытпас - e-history.kz
Қазақстан Республикасы полициясы күні қарсаңында ел қорғап жанын қиған есіл ер Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы баяндаймыз

Тараз қаласы. 2011 жылдың 12 қарашасы қалаға қайғы мен қатыгездікті ала келді. Дәл осы күні өзін «жиһад жауынгерімін» деп жариялаған М. Кариев есімді азамат қаланың қақ ортасында лаң салған еді. Жеті адамды жер жастандырған қаскөй ең алдымен қала тұрғыны Т. Забировтың жеке көлігін тартып мініп, кейін «Мәке» аңшылық дүкеніне баса-көктеп кіріп, дүкен күзетшісі В. Федосеенконы атып өлтіреді. Осы дүкенге кездейсоқ кірген азамат Н. Оразбақовты ауыр жарақаттайды. Осылай ойына келгенін істеген ол дүкеннен «Сайга» және «СZ» мылтықтарын алып, жолай кезіккен тағы бір тұрғын Р. Садықовтың «ВАЗ-21099» автокөлігін иемденіп, мініп алады. Дүкенде болған оқиғаға қатысты шұғыл хабардың ізімен жеткен екі полиция, аға сержанты П. Аянқұлов пен Ж. Байсейітовті табан астында жайратып салады. Осыдан кейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің ғимаратына келіп, автоматтан оқ жаудырады. Абырой болғанда бұл жерде ешкім зардап шекпеген. Содан кейін бұл жерден ізін суытқан қандықол облыстық драма театрдың маңына көлігін тастап, соңынан түскен полиция сержанттары Д. Құрманбаев пен М. Молдақасовты атып жаралайды. Қазыбек би көшесін бетке алған М. Кариев орталық гастрономға жетіп, өкшелей қуған жол полициясы бар, сержант С. Алашов және взвод командирі, капитан Ғ. Байтасовпен екі жақты атыс бастайды. Атыс кезінде қылмыскер де, полицейлер де жарақаттанады. Ауыр жараланғанына қарамастан Ғазиз Байтасов қаланың бейбіт тыныштығын бұзған, жазықсыз жандардың жанын қиған қарақшыны қарусыздандыру, айналаны оқтан қорғау мақсатында М. Кариевті құшақтай алып, жанкештінің мойнындағы жарылғышты қосып жіберіп, қатты жарылыстан қаза тапты. 

 

d42ddbf788423e8f632c30abb9c7f59b.jpg

Осылайша киноның шым-шытырық оқиғаларын еске салатындай елге ойран әкелген лаңкестің жолын кесті. Бұл оқиға әлі ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Ердің ері Ғазиз Байтасовты да елі ұмытқан емес. Адам баласы анадан батыр болып тумайды, қысылтаяң сәтте сәтті шешім шығарып, дұрыс жолды таңдай білген адам ерлік жасайды. Қылмыскердің қолындағы жарылғышты халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалған ерлігі үшін оған Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. 

 

86da10e9e107a69f8a0c94008ce04658.jpg

Полиция капитаны, жол полициясының арнайы взвод командирі Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов 1971 жылдың 3 сәуірінде Жамбыл қаласында қарапайым ғана отбасы Әбдібек Байтасов пен Гүлзат Шіркееваның шаңырағында дүниеге келген. Кейін Жамбыл облысының Түймекент ауылына қоныс аударып, Ғазиздің балалық шағы, жігіттік дәурені сонда өтті. 1988 жылы аядай ғана ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін Ғазиз Совет әскері қатарына шақырылады. Ресейде әскери борышын өтеген ол елге сержант шенімен оралды. 

 

cc25f6da25f01f416370936471b82e0c.jpg

Сыныптас достарының айтуынша Ғазиз тәртіп сақшысы болуды бала күнінен армандаған. Мектептегі мерекелерде анасына милиционер киімін тігіп беруді өтінеді екен. 

1993 жылы Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасы уақытша ұстау изоляторында алғашқы қызметтік жолын бастаған Ғазиз үш жылдан соң жол полициясы инспекторлығына өтеді. Табысты қызметі мен нәтижелі жұмысының арқасында 2010 жылы облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы бөлімшесінің взвод командирі болып тағайындалады. 

 

f7ed239dd0c4d5f5607f7793b7a28cde.jpg

Ғазиздың анасы Гүлзат әже республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Ұлым өз жұмысына адал берілген еді. Таңның атысы, күннің батысы демей бір тынбайтын. Өте тиянақты, ойыңды оқып тұратын, әрқашан алғы шептен көрінуге тырысатын. Оқиға болардан бір күн бұрын «Мама, маған Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай сый көрсетіледі» деп еді. Алла аузына салған шығар, міне, енді жоғары награда беріліп отыр. Көрсетілген құрметтердің бәріне рахмет, бірақ Ғазиздың орны қашанда ойсырап тұрары анық», – дейді. 

 

b3cb2427502d6a14de38acc4536b8974.jpg

Ал «…негізі, МАИ қызметкерлерінің жұмысы ауыр екенін мен жақсы білемін. Әкем сол салада ұзақ жыл еңбек еткен. Қандай жағдай болсын, МАИ қызметкерлері бірінші жетеді. Сол күні Арманжанымның шашын қырықтыруға орталыққа гастроном жаққа бара жатқанмын. Жол полициясының көліктері көшеде дабылдатқыштарын қосып, сол жаққа қарай, ағыла бастаған соң, Ғазизге қоңырау соғып едім: «Тез, кері қайт, көшеде қауіпті қылмыскер жүр» деді. Арада он минут өткенде қайта қоңырау шалғанымда телефоны сөндірулі болды. Сол сәтте бір жағдай болғанын сездім. Жаман ойдан аулақ болғым келгенімен, ол жерге бірінші болып Ғазиздің жететініне сенімді едім», – деп сыр шертеді батырдың жары Гүлжамал Тәжиева. Артында қалған қос құлыны әкелерінің ерлігімен мақтанып, азамат болып өсері анық. 

 

d2dde33641015a34f10f8c76f1a1206c.jpg

Полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың жасаған көзсіз ерлігін болашақ ұрпақтыңесінде мәңгі сақтау үшін қанды оқиға орын алған Тараз қаласындағы Қазыбек би көшесі бойына Мемориалдық тақта орнатылды. Батыр тұрған үйге ескерткіш белгі қойылды. Жыл сайын батырдың есімін ардақтап, туған күнінде және қайғылы оқиға болған күнде оған құрмет көрсетіп, тағзым ететін шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?