Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Солтүстік өлкенің шарайнасы

2528
Солтүстік өлкенің шарайнасы - e-history.kz
«Солтүстік Қазақстан» газетінің редакторлары туралы аз-кем тарихи шолу

Әуел басында «Кедей сөзі» деген атпен шығып, «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы» сынды бел-белестерден өткен сақа басылым, өрелі газет «Солтүстік Қазақстанның» жүріп өткен жолына биыл 95 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар басылымның әр кездегі басшылары туралы шолуымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

 

4b08d7ea421aa594cd3619f4a8e0037c.jpg

Газеттің ең алғашқы редакторы – Әбілқайыр Досов. Ә. Ысқақұлы бұрынғы Көкшетау уезінің Қотыркөл болысында туған. 1916 жылы Омбы орыс-қазақ жетім балалар пансионына орналасып, қазақ оқушы жастарының «Бірлік» мәдени-ағарту үйірмесінің мүшесі болған. «Кедей сөзі» газетінің алғашқы редакторы Ә. Досов 1920 жылдың қазан айында Қазақ советтерінің құрылтай съезінде Қазақ АССР ОАК-нің төралқа мүшесі және хатшысы болып сайланды. 1937 жылғы 28 қарашада жалған саяси айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1956 жылғы 12 қазанда ақталды. 

 

79a9192890ff531ff5ae336431d42de4.jpg

Газетке басшылық еткен екінші адам – қоғам қайраткері Мұқан Әйтпенов. Өмір сүрген жылдары белгісіз. 1917 жылы көктемде Омбы уездік қазақ комитетінің төрағасы, қараша айында «Үш жүз» партиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі партия ОК-нің алғашқы төрағасы болды. Партия басшылығы екі жікке бөлінгенде Әйтпенов «Үш жүзді» тастап, Алашқа қосылды. «Кедей сөзі» газетіне басшылық жасады. 

 

bc5ce7f4a48b838cea23250d1cdbaed0.jpg

Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар перзенті Смағұл Садуақасовтың да қазіргі «Солтүстік Қазақстан» газетінде қолтаңбасы бар. С. Садуақасов 1920 жылы «Еңбекшіл жастармен» бірге «Кедей сөзі» газетінің де редакторы. Оның «Октябрь төңкерісі һәм қазақ еңбекшілері», «Бірінші мақсұттарымыз», «Біздің жол» және басқа мақалалары «Кедей сөзінде» жиі жарық көріп тұрды. Жиырмасыншы жылдардың басында «Еңбек туы», 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» – «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналының (1924-1925) редакторы болды. 25 жасында Қазақстанның оқу-ағарту халық комиссары болды. Көрнекті қайраткер әрі қаламгер 1933 жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Алғашында оған Мәскеудің топырағы бұйырды, кейін Астанаға жерленді. 

 

7b6590652b5645c2978d7de145faa3d5.jpg

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев 1921 жылдың бас кезінде «Бостандық туы» газетінің редакторы болып тағайындалды. Бұған дейін әр жерлерде қызмет атқарып, ұстаздық етіп, әйгілі «Педагогика» оқулығын жазған, ақынның бұл салада тәжірибесі мол болды. Өлең-жырларымен шектеліп қалмай, «Сайлау», «Бірінші май мейрамы», «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» сияқты мақалалар жазады. Сонымен бірге ол қазақ-татар жастар клубын ұйымдастырушылардың бірі болады. Мағжантанушы ғалымдардың зерттеуінше, «Бостандық туында» жарық көрген «Ертек» поэмасын сонда оқып береді. Ұлы ақын 1937 жылы жазықсыз репрессияға ұшырап, кейін 1988 жылдың соңында, ақталды. 1993 жылы бұрынғы «Бостандық туы» редакциясының ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды. 

 

d9a9a0c8ac575506e163b8d294442b3e.jpg

Сабыр Айтқожин 1921 жылы «Кедей сөзі» газетіне жұмысқа қабылданады. 1922 жылы редакция Қызылжарға көшіп келгенде аты «Бостандық туы» болып өзгерген газеттің жауапты редакторы осы кісі. Ол 1925 жылдың наурызына дейін редактор ретінде қол қойып тұрған. Сол жылы Алматыға ауысып, «Тілші» газетіне басшылық жасайды. 1928-1930 жылдары Жетісу губерниялық «Қосшы» одағы төралқасының төрағасы, 1931-1936 жылдары Халық комиссарлары советінің бөлім меңгерушісі болды. Қанқұйлы 1936-1937 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1937 жылы 2 қазанда Жамбыл қаласында жалған айыппен тұтқындалады. «Жапонияның басшылығымен буржуазиялық мемлекет құруды мақсат етті» деген айыппен «халық жауы» атанды. 1957 жылы ССРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды. 

 

96e805dee2bc6f14c481e62346dfa7b9.jpg

Елжас Бекенов 1892 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданындағы Абай ауылында туған. Ол жазушы, әдебиет зерттеушісі ретінде әр түрлі жанрда шығармалар жазған. 1922-1924 жылдары Орынбор қаласындағы рабфакта оқыған. 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер, 1929-1931 жылдары «Кеңес ауылы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде редактордың орынбасары, кейін редакторы болған. 1935-1938 жылдары облыстық «Ленин туы» газетінде қызмет атқарған. 1938 жылы қайтыс болған. 

 

e0157663248e3bfc18b226b8db9c656f.jpg

Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Қызылжұлдыз ауылында туған Жиенғали Әділұлы Тілепбергенов 1925-1926 жылдары, Ақтөбедегі «Кедей» газеті редакторының орынбасары, кейіннен редакторы болып журналистік жолын бастады. 1926-1927 жылдары «Бостандық туы» газетінің редакторы болды. 1927 жылы Петропавл педагогикалық техникумының директоры қызметіне кірісті. 1929-1931 жылдары Қызылордадағы «Сыр бойы» газетінің редакторының орынбасары, кейіннен редакторы болып істеді. 1931-1932 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы болды. 1932-1933 жылдары Темірдегі «Социалды майдан» газетінің редакторы болып жүріп өмірден өтті. 

1900 жылы бұрынғы Қарқаралы уезінің Семей губерниясындағы Бөріқара болысының №1 ауылында дүниеге келген Зәйтүн Сыздықов 1931 жылы, Ақмола аудандық «Жаңа арқа» газетінің жауапты редакторы болып, журналистік сапарын бастады. 1933 жылы Батыс Қазақстан облысындағы «Екпінді құрылыс» газетінің тізгінін ұстады. 1933-1934 жылдары Гурьев округтік «Социалды құрылыс» газетінің редакциясын басқарды. 1934-1936 жылдары Шымкенттегі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы болды. 1938 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі. 1938-1939 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің жауапты редакторы болды. 

Еңбек жолын саяси істерді басқарумен бастаған Тілеулес Балтағожин 1939 жылы журналистік жұмысқа ауысып, Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің жауапты редакторының орынбасары болып екі жыл еңбек етті. 1940 жылы осы газеттің жауапты редакторы болып тағайындалды. Кейін 1942 жылы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілген соң, газет редакциялары мен республикалық басылымдарда еңбек етті. 

 

f37604660ae6435f2406130a0a3acbad.jpg

1915 жылы Ақмола уезінің Ақсирақ болысындағы Ұста ауылында туған Өміржан Оспанов 1931-1932 жылдары Бурабай орман техникумында оқып білім алған. 1937 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде әдеби қызметкер болып істейді. 1943 жылы «Ленин туы» газетінің (қазіргі «Солтүстік Қазақстан» газеті) редактор болып тағайындалып, оған көп жыл басшылық жасаған. 

 

bc4a7e7fc1a02ef64f764226ac6d3f6a.jpg

Балтабек Асанов Павлодар облысының Баянауыл өңірінде өмірге келген. Еңбек жолын 1920 жылы Екібастұздағы № 1 шахтаның кен жұмысшысы болудан бастады. 1933 жылы журналистік жолға түсіп, Павлодар өңіріндегі аудандық «Колхоз» газетінің редакторы болды. Одан кейін Магнитогорск қаласындағы «Магнитогор жұмысшысы» газетінің редакторы. 1939 жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болып қызметке кіріседі. 1941-1942 жылдары Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы, іле-шала «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болды. 1957-1963 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің редакторы. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметімен журналистік жолын аяқтады. 

 

4cb2cf36e6ab30cbe875faf80f67d93c.jpg

Құрмантай Меңдіғожин еңбек жолын 1939 жылы Солтүстік Қазақстан облысының «Ленин туы» газетінің әдеби қызметкері ретінде бастаған. Сол жылы, Ақмола қаласындағы «Сталин туы» газетіне ауысып, соғысқа дейін сонда қызмет істеді. 1941 жылы қан майданға шақырылды. 1942 жылы онда ауыр жараланып, елге оралды. 1959-1961 жылдары тағы да Орталық Комитеттің нұсқаушысы, 1961-1965 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек етеді. 1965-1969 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетіне басшылық жасады. Одан кейін республикалық Журналистер одағының хатшысы болды да, көп ұзамай қайтыс болды. 

 

7c40a87ec0dd4e8b0efdc28cac78a238.jpg

Уәп Әшімұлы Рақымжановтың еңбек жолы 1952 жылы «Көкшетау правдасы» газетінде бөлім меңгерушісі болып басталды. Осы газетте жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1964 жылдан бастап, Ақтөбе қаласындағы өлкелік газетте қызмет істеді: әуелі бөлім бастығы, одан кейін редактордың орынбасары болды. 1968 жылы «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясына оралып, газет жабылып қалғанға дейін атқарған орынбасарлық қызметін жалғастырды. 1969 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің редакторы болып тағайындалды.

 

f09fd5b0900f0a7b426889181cf95b21.jpg

Қазіргі Есіл ауданындағы Еңбек ауылында туған Бақыт Мүтәллапұлы Мұстафин 1959 жылы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірді. Еңбек жолын облыстық «Ленин туы» газетінің әдеби қызметкерінен бастады. 1962 жылы «Лениншіл жас» газетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі, 1963 жылы Преснов ауданындағы Жамбыл орта мектебінде сабақ берді. 1964 жылы «Тың өлкесі» газетінің әдеби қызметкері болды. 1966 жылы қайтадан ашылған «Ленин туы» газетіне бөлім меңгерушісі болып қабылданды. Осы газетте қызметтің барлық баспалдақтарынан өтті: жауапты хатшы, редактордың орынбасары және бас редактор болды. Сөйтіп, «Ленин туында» 40 жыл еңбек етті. 

 

d9747a42c48b1f2c782ff3ad012c496f.jpg

Еңбек жолын өзінің туған ауылында шопан, тракторшы болып бастаған Жарасбай Сүлейменов әскери міндетін өтегеннен кейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде кіші әдеби қызметкер, әдеби қызметкер, тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарды. 2003 жылдың мамыр айында «Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының» директоры – бас редакторы болып тағайындалды. 2007 жылғы 18 тамызда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2012 жылдың сәуір айынан 2014 жылдың сәуір айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары болды. 2014 жылдың сәуір айынан «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы. 2007 жылдан «Мағжан» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы. 2014 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры. 

 

5dfbe221b9d8f1b423a1851af86a704c.jpg

Кәрібай Иманжанұлы Мұсырман 1981 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірген соң 1985 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» («Ленин туы») газеті редакциясында тілші және Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілші болып қызмет етті. 1985-1992 жылдары бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінің редакциясында меншікті тілші, ауыл шаруашылығы, партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушісі, редактор орынбасары міндетін атқарушы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 1992-1997 жылдары Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы болды. 1997-2007 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясын басқарды. 2007 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Қызылжар – Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 

Тарихи шолуды жазу барысында ақпараттық көмек көрсеткені үшін белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов мырзаға алғысымызды білдіреміз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?