Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сақталған батырлар қаруы

4192
Сақталған батырлар қаруы - e-history.kz
Қазақтың ел қорғаған батырлары мен хандарының кейбір құнды мұралары бүгінгі күнімізге жетіп отыр. Әр түрлі музейлердегі мұндай жәдігерлерді қиын-қыстау кезеңде батыр ұрпақтары сақтап тапсырған.

Дулыға 

Бөгенбай батырдың дулығасы 

 

fef887a4895b527347672e509da1cb48.jpg

Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданында Қанжығалы Бөгенбайдың дулығасы сақталған. Отқа қақталып, төске соғылған шым болат құнды жәдігер XVIII ғасырдың басында ұстаның қолынан шығыпты. 

Талай қанды жорықта бітімі бөлек батырдың алтын басын ажал оқтарынан арашалап қалған жарақтың қазір темірі ғана қалған. Төбесіндегі шашақтары мен құлақ пен мойынды жауып тұратын торкөз сауыттарын ел-жұрт тәбәрік ретіне таратып әкетіпті. 

Қазіргі кезде құнды жәдігер Бөгенбай батырдың жетінші ұрпағы Жабай Кенжалиннің үйінде сақтаулы тұр. 

Бөлек батырдың дулығасы 

 

48fdd3661e07d3a7cd7aa0a84b4319ec.jpg

Дулығаны елдің азаттығы үшін күрескен батырдың қазіргі ұрпақтары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің музейіне 2005 жылы тапсырған. 

Қазақ батырларының қару-жарақтарын зерттеуші, суретші Қалиолла Ахметжанның дерегінше, «Формалық-типологиялық тұрғыдан қарастырсақ бұл дулыға XVIII-XIХ ғасырларда кең қолданыста болған манчжур-тибеттік дулығаға жатады. Бұл типті дулыға (тонгкуи) XVIII-XIX ғасырларда манчжур династиясы кезінде Қытайда, Тибетте және Монғолияда кең тараған болатын. Бұл дулығаның салтанатты варианттарында төбесі күрделі өрнекпен және діни жазулармен әшекейленді. Дулыға иесінің әлеуметтік дәрежесіне сәйкес төбелдірігінің түтікшесіне құстың қанаттарынан жыға орнатылып, одан төмен жібек жіптен немесе аттың қылынан қызыл шашақ тағылды». Дулығаның салмағы – 2,5 келі. 

Бөлек батыр Қараұлы (1700-1785) Шапырашты Наурызбай батырдың қол астында әскери басшы болған. 1729 жылы жоңғарлармен болған шешуші ұрыста Бөлек батыр қалмақ батыры Аңырақайды жеңіп, халықтың рухын көтерген. 

Айтбай батырдың дулығасы 

 

45a11a14cca6ccac468809f381dcdd32.jpg

Айтбай батырдың дулығасы – Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы аса құнды жәдігердің бірі. Ұрпақтан ұрпаққа сақталып келген мұраны батырдың Қостанай облысының Сарыкөл ауданында тұратын ұрпағы Марат Жанұзақов музейге тапсырған. 

Сарыкөл өңірін мекендейтін арғын руының қанжығалы тайпасынан шыққан Айтбай батыр – әрі шешен, әрі батырлығымен дараланған тұлға. Әйгілі Бөгенбай, Қабанбайлармен терезесі тең, үзеңгілес оған Абылайхан ерекше тәнті болған. Ол Еділ қалмақтарымен ғана соғысып қоймай, 1770 жылдары еліміздің шекарасын бекітуге де атсалысқан. Кейін денесі Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне қойылды.

Сауыт 

Ақтамберді батырдың сауыты 

 

b2b44a2b77e66e593c367eec3a72f3ac.jpg

Батырдың сауытының музейге тап болуының өзіндік хикаясы бар. 1930 жылдары Ақтамберді әулетінің кенжесі Қытай жеріне өтер кезде шекара түбінде қызыл әскердің қарулы тосқауылына тап болады. Көштегі адамдар түгел қырылып, дүние-мүлік талан-таражға түскен. Бұйымдар арасынан табылған сауытты большевиктер Семейдегі музейге тапсырады. Алайда ұзақ жыл қоймада жатып қалған жәдігерді кейін арнайы іздеп келген батыр ұрпағы Асхат Жұмаділов сауытты тап басып таниды. 

Сауыттың салмағы 10 келіге жуық, біркелкі шығыршалардан тоқылған. Кеуде тұсындағы, етегіндегі және жеңдеріндегі шығыршалардың сырты 1,2 см, ішкі аумағы 0,9 см. Шығырлар жалпы беріктігіне қарамастан қатты күш түссе қақырап айырылып кететін. Сауыт қазір өте нашар күйде, тот басқан өрімі шашылып қалған. Соған қарамастан құнды жәдігер бағасын түсірмесі анық. 

Қошқар батырдың сауыты 

 

7030ffd4ed9d408fa496788b6ae24651.jpg

Сары Қошқар батырдың кіреуке сауытын ұрпақтары Амангелді мемориалдық музейіне тапсырған. Қошқар Дауұлы (1780-1867) – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс сардарларының бірі. Қара қылды қақ жарған әділ, қолы ашық жомарт, сөзге шешен, елге көсем болған тұлға. 

Жанқожа батырдың сауыты 

 

baefebeecb7ae06113a021940eb553bf.jpg

Жанқожа батырдың сауытының қалдығы ұрпақтарының қолында сақталған. Тек осы суыттың қысқа балақты шалбаршасы жоғалған екен. Суретке 1979 жылы түсірілген. 

Қылыш 

Абылай ханның қылышы 

 

ad7c5c696374a60bfe50f1d4082e8fb9.jpg

Қылышты Ресей патшайымы І Елизаветаның Абылай ханға тарту еткен. Қылыштың ұшы жағындағы екінші жартысы сынып жоғалған. Сақталған қылыш болатының сол жақ бетінде алтын қақтау әдісімен орыс тілінде жазылған «Божиею Милостью Елизавета первая императрица и самодержица Всероссийская пожаловала сею саблю подданного своего киргись-касацкого Аблая солтана за его върную службу в Санкт-Петербургъ 1758 года» деген жазу бар. Екінші оң жақ бетінде сол әдіспен шағатай тілінде араб жазуымен сол мазмұнды жазу жазылған. 

Қылышқа қатысты деректе: «Сыртқы істер коллегиясының анықтамасы бойынша 1758 жылдың 29 январьдағы құпия кеңесші Неплюев пен генерал-майор Тевкелевтің ұсынысына сәйкес жасалған, бағасы 120 рубль қылышты, орысша және татарша жазуларын жазып Орта жүздің сұлтаны Абылайға жіберілген», – деп көрсетілген екен. 

Дәл осындай сый-сияпатты Нұралы хан мен оның ұлдары Ералы, Айшуақ сұлтандарға да тарту еткен. Ал Айшуақтың баласы Шерғазы ханның да қылышы сақталған. 

Кенесары ханның қылышы 

 

28d74efa29008a4740a1dbd4f0fe6d88.jpg

Кенесары хан қаза тапқан 1847 жылы немересі Ахмет сұлтан бес жастағы бала екен. Атасының қылышын сақтап қалған сол кісі. Ал оның ұлы Әзімхан Кенесарин алаш арыстарымен бірге түрмеде түскен қайраткер еді, кейін 1931 жылы құнды жәдігерді музейге тапсырыпты. 

Қылыштың қыны теріден, сабы сүйектен жасалған. Қандауыры 70 см құрайды.

Айдарбек батырдың қылышы

 

b34b4093aee037dc7ea58b5c3954a40c.jpg

Аралдың солтүстік төңірегінде ғұмыр кешкен Өріс (Шекті) баласы Айдарбек батырдың болат қылышы табылған. Арал ауданындағы Тастүбек балықшылар ауылында тұратын жасы тоқсанға таяған қарт ана Сәбира Ыбырайым келіні арғы бабалардан бүгінгі ұрпағына аман жеткен теңдесі жоқ болат қылыштың тарихы туралы: «Мен бұл әулетке 1945 жылдың 7 наурызында келін болып түстім. Кейінірек қайын атам 96 жасында бұл пәниден өтерде осынау баға жетпес жәдігері ұлы Саражат пен келіні маған аманат еткен», – деді. 

Бұқарбай батырдың қылышы 

 

c8f77ec09c65fd5fbe8dd7bfca696736.jpg

Бұқарбай батырдың қылышы өзіндік қызметі бар негізгі үш конструктивтік бөліктен тұрады. Олар кесу, шабу, түйреу арқылы жарақат салуға арналған. Мұндай қылыштар сол уақыттағы жауынгерлерге тән. Қылыш орыс және басқа да шетел мемлекеттерінде жасалған өзі типтес қылыштарға қарағанда салмағын жеңілдету мақсатында жүзінің бойымен арнайы ойық шұңқыр жасалмаған. Жүзінің бас жағы, яғни адамды шауып түсіруге арналған тұсы жиі-жиі қайраққа түскендіктен біркелкі тегіс емес, сәл-пәл ойыңқы. Қылышты, ағаштан жасалып, сыртынан ешқандай ою-өрнектермен әшекейленбеген әрі былғары терімен қапталған қынапқа сақтайтын болған. Осындай технологияларды пайдалана отырып сақтаудың нәтижесінде қылыш өзінің сол кездегі күйін бұзбай бүгінге жетіп отыр. 

Бұқарбай батырдың қылышы Қызылорда облысы Жалағаш аудандық музейінде сақталып тұр.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?